Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Ұлттық пантеонға Назарбаевтар әулеті жерленбейтін болды

04:42, 22 ақпан 2024 356
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі «Ұлттық пантеон туралы ережені бекіту туралы» Үкімет қаулысына өзгерістер енгізеді.

Құжатқа сәйкес, элиталық зиратқа жерленетін тұлғалардың тізімі өзгертілмек.

Қайтыс болған (қаза тапқан) мынадай лауазымды адамдар Пантеон аумағында жерленеді:

1) Қазақстан Республикасының президенттері;

2) Қазақстан Республикасының премьер-министрлері және олардың орынбасарлары,  Парламент палаталарының төрағалары және олардың орынбасарлары, мемлекеттік кеңесшілер, Президент әкімшілігінің басшылары, Конституциялық Соттың, Жоғарғы Сотының және  Ұлттық банктің төрағалары;

3) министрлер, Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдері;

4) «Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарына ие болған адамдар;

5) «Алтын қыран», «Отан», «үш дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендерімен марапатталған азаматтар;

6) «Кеңес Одағының Батыры», «Социалистік Еңбек Ері» атақтарына ие болған азаматтар;

7) «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» құрметті атағына ие болған азаматтар;

8) Президенттің ерекше шешімі бойынша басқа да азаматтар;

9) Пантеонда жерлеуге жататын адамдармен олардың қайтыс болған (қаза тапқан) жұбайларын жерлеуге болады

Пантеонда жерлеуді тіркеу кітабы жүргізіледі, онда қайтыс болған (қаза тапқан) адам туралы мынадай мәліметтер қамтылады:

1) тегі, аты және әкесінің аты (болған жағдайда);

2) қайтыс болған (қаза тапқан) адамның Пантеонға әкелінген және мәйіт жерленген күндер

Осылайша, Қазақстан президенттерінің отбасы мүшелері, мемлекеттік хатшылар мен Конституциялық кеңес төрағалары Пантеонға жерленетіндер тізімінен шығарылады.

Бұдан бөлек, құжаттан «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» орденімен марапатталған азаматтар тізімнен шығарылатыны белгілі болды.
«Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының күшi 2023 жылғы 13 ақпандағы № 198-VII Конституциялық заңмен жойылды», – делінген құжатта.

«Қазіргі кезде Пантеонның қолданыстағы аумағында мемориалдық ғимарат және музей ғимараты жоқ. Сонымен қатар аталған ғимараттарды салу көзделмеген, себебі олар бойынша МИЖ, ЖСҚ әзірлеу және құрылыстың өзін жүргізу қарастырылмаған. Жергілікті және республикалық бюджеттерде жуық мерзімге арналған қаржылық жылдарға және одан әрі жоспарларда бұл объектілерді қаржыландыру қарастырылмаған», – делінген түсіндірме жазбада.

Айта кетейік, Ұлттық пантеон Астанадан 17 шақырым жерде, Қабанбай батыр ауылының маңында орналасқан.

Фото: Orda.kz |
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар