Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Халқының намысын қорғаған Жанболатты жазалауға тегіс қазақтардың қатысуы - ұлттық топастық" - Депутат Ермұрат Бапи

20:42, 11 мамыр 2024 1349

Кеңес одағының туын алаулатып-жалаулатып Алматы көшелерімен алып жүргендердің туын жұлып алған қоғам белсендісі Жанболат Шәйзада бес тәулікке қамалғанын хабарлаған едік. Бұл жағдайға қатысты Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи өткір ой айтып, батыл пікір білдірді, деп хабарлайды Alash.KZ ұлттық порталы.

Депутат Жанболат Шәйзаданы ұстауға пәрмен берген полиция бастығын сынап, қазақтың ұлттық қасиетін карьераға айырбастап жіберуге дайындар жандайшаптарға шүйлікті: 

Прокуратурадағы парықсыз орындаушы қалалық полицияға Жанболатты ұстап әкеліңдер деп команда береді (ертең ел не дейді, қазақ қоғамы толқып кетеді-ау деген ой топас миына кірмейді); Қазақи ұлттық қасиетін карьера үшін айырбастап жіберуге жандәрмен болған полиция бастығы Жанболатты ұстап әкелуге екі сержантты жұмсайды (іздестіріп жатырмыз, қаладан сыртқа шығып кетіпті деп, бейкүнә жігітті құтқарып қалуға қам қыларлық қасиеттен жұрдай); Екі сержант Жанболатты дедектетіп, әкімшілік сотқа алып келеді (үйінде жоқ екен, іздеп таба алмай жүрміз деп айта алмайды - сыйлықтан қағылуы мүмкін); Саясатқа салдақы болған сот (сот емес - мот) Жанболатты бес күнге қамауға қаулы шығарады (шығармасам, өзім шығарылам деген қорқыныш ұлттық намысын таптап тастаған)!

Кейіннен қазақ халқының мемлекеттігін қорғап, ұлттық мінез көрсеткер азаматты жазалауға қатысқан тегіс қазақтардың қылығын сынға алды: 
 
Міне, халқының мемлекеттік намысын қорғап, ұлттық мінез көрсеткен жігітті жазалауға қатысқандар - тегіс қазақтар! Осыны ұлттық топастық демеске лаж бар ма?! Бәрін қоялықшы, жандайшап жантықтар білген боғын жесін! Бірақ Жанболат Шайзадаға жасалған осы қиямет қиянаттан кейін ұлттық патриотизм туралы, қазақи қасиетті қорғауға қатысты азаматтық парыздың порша-поршасы шықпай ма?! Жанболатты озбырларға жығып берген мынау сорақылықты көрген қай қазақтың баласы ертең ел намысы үшін жанқиярлыққа бара алады?! Құдай-ау, өз ұлтының намысын өзеуреген өзгеден қорғай алмайтын, қорғағанды - қор қылатын, бас көтергенді абақтыға айдайтын мұндай масқаралық қазақтан басқа қай елде бар екен?! - деді депутат.
 
Еске сала кетейік, 9 мамыр күні әлеуметтік желіде ер адамның Алматы көшесінде көлікке ілінген Совет одағының туын алып, көліктегі адамдармен сөзге келіп қалғаны бейнеленген видео тарады. Жанболат Шәйзаданың айтуынша, оқиға 9 мамырда күндіз болған. Ол СССР-дың туын желбіретіп жүруді ел бірлігіне сына қағып, "арандату" әрекеті деп санайтынын жеткізді.

Жанболат Шәйзада Ресейдің Украинаға басқыншылығы осындай арандатушы әрекеттерден басталғанын атап өтіп, істеген ісін дұрыс санайтындықтан оған өкінбейтінін, жасағанын мойнымен көтеруге дайын екенін де хабарлады.

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан КСРО туымен шеруге шыққандарға қарсы болған алматылық Жанболат Шайзаданы қолдауға шақырды.

Жанболаттай ұлтқа тірек, елге керек азаматтарды қолдамай тыныш отыруға тағы болмайды. Сонда не істемек керек? Меніңше, қолданыстағы әкімшілік кодекске бөтен, басқа елдің мемлекеттік символикасын қоғамдық орындарда рұқсатсыз пайдаланғаны үшін бөлек жауапкершілік қарастыру керек. Сонда біз осындай провокациялық әрекеттердің алдын алған болар едік. Әйтпесе, СССР-дің туын желбіретіп жүргендердің әрекеті заңды, ал оған тосқауыл қоямыз деушілердің әрекеті заңсыз болуы әділеттілік қағидатына қайшы, – деп жазады ол.

Орайы келгенде айта кетейік, жыл сайынғы Жеңіс күнінде егемен елдің аспанында өзге сипаттағы нышандарды көтеретіндер көзге түседі. Кеңестік кездегі ұлттық құндылықтардың жаншылып, ұлт тілінің түгесілуі, қазақ тілді мектептердің жабылуы, ашаршылық пен ұлт зиялыларын қуалау сынды қиындықтар тән советтік империяның саясатын айыптайтындар бұл құбылысты құлдық санамен, отарлаушылықты жақтаумен, қазақ халқына жасалған геноцитті бейсана қолдаумен байланыстырып жатады. 

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар