Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

ЗАЙЫРЛЫ АДАМ – БІЛІКТІ МАМАН

13:32, 05 ақпан 2023 257
Атырау облысы бойынша ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына кандидат ретінде

N13 сайлау округіне тіркелген Тұрарбек Құсайынұлы Құсайыновтың сайлауалды

Бағдарламасы:

ҚҰРМЕТТІ АТЫРАУЛЫҚТАР!

ҚҰРМЕТТІ ЖЕРЛЕСТЕР!

Атырау – республикадағы ең көп мұнай-газ өндіретін облыс.

Жер асты кеніне өте бай Атырау облысынан түсетін табыс республикалық бюджеттің едәуір пайызын құрайды. Соған қарамай өңірде әлі шешімін таппаған проблема шаш-етектен.

Атырау облысы - экологиясы өте нашар, өндіріс қалдықтарымен ластанған аймақ.

Елді мекендерге жиі-жиі сасық газ тарап кетеді. Өндіріс ошағына жақын орналасқан Құлсары,Мақат,Доссор немесе Атырау секілде ірі қалада кей кезде демалу мүмкін емес, сасық ауа айналаны тұмшап алады.

Қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық талаптардың стандарты әлсіз болғандықтан бақылаушы органдар өзінің қызметтік функциясын кей кезде дұрыс атқармай жатады. Соның кесірінен аймақта күрделі экологиялық жағдай қалыптасты және түбегейлі іс-әрекет жасалмаса, тұрғындардың денсаулығы нашарлап, өмір сүру қиындай түседі.

Республикалық бюджеттің басты доноры саналатын Атырау облысының әлеуметтік инфраструктурасы халыққа тиімді емес. Атап айтқанда емханалар мен ауруханалар, сауықтыру орталықтары және шипажайлар заманауи стандарттарға сай келмейтіні ащы шындық.Ел ішінде ауру-сырқау, қатерлі ісікке шалдыққандар көп. Аурудың алдын алатын дұрыс диагностика мен емдеу жүйесі де ескірген.

Аймақты жұмыссыздық проблемасы да өршіп тұр. Шетелдіктердің меншігінде мұнай өндірісі және басқа да кәсіпорындар «маман жоқ» деген сылтаумен басшы қызметтерге сырттан қызметкерлер алып келеді. Жергілікті адам ресурсы қара жұмысқа, мұнай-газ саласының қосалқы шаруашылығына тартылған.

Мұның тағы бір себебі бар.

Жергілікті жастардан мұнай-газ саласының мамандарын, менеджерлерін дайындау ісі жүйелі жолға қойылмаған. Соның кесірінен жастар жалақысы мардымсыз қара жұмыс істеуге мәжбүр. Бұл адам ресурсының сапасын көтеруді талап етеді.

Экология проблемасы, әлеуметтік инфраструктуралардың нашар дамуы, әлеуметтік теңсіздік, жұмыссыздық, мемлекеттік және бюджеттік құрылымдарды жайлаған коррупция, тамыр-таныстық пен жең ұшынан жалғасқан сыбайластық непотизм жағдайды одан әрі ушықтырып, халық ішінде пессимистік көңіл күй тудырып тұр.

Болашағы бұлыңғыр, пессимизмнің тұңғиығына қарай кетіп бара жатқан адам жандалбасамен әрқашан өзіне рухани тірек іздейтіні де заңдылық. Сондықтан жастар радикал діни секталарға кіріп, әртүрлі ислами идеологиялардың жетегінде кетіп, санасы уланып жатыр. Осы тұрғыдан алғанда Атырау облысындағы жағдай өте күрделі.

Бұл Атырау өңірінің Кавказға тіреліп жатқан шекаралық аймақтық географиясымен де байланысты.

Әсіресе Ресейдің Украинаға қарсы ашық агрессиясынан кейін импершіл орыс әлемін аңсаушы сепаратистік көңіл-күйді де қаперден шығаруға болмайды.

Сол үшін Атырау облысында діни экстремизм, ресейшіл сепаратизм, саяси радикализм қаупі күшейіп тұрғаны жасырын емес.

Адам ресурының қайнар көзі – сапалы адамның қалыптасуына эзотерика мен мистикаға иек артқан сопылық ағымдар мен деструктивті сәләфиттер бұл өмірдің мәні мен мазмұнын тәрк етіп, бүкіл жақсылық пен нығметті о дүниеден іздеуге шақырады.

Экономикада болсын, әлеуметтік салада болсын, халықтың тұрмысын жақсарту үшін бірінші кезекте адам ресурсының сапасын күшейту керек. Ол үшін адам санасын шырмап алған, түк пайдасы жоқ, қайта зиян келтіріп жатқан діни идеологиялардан арылту қажет. Сонда ғана жас ұрпақ білімге, ғылымға ден қояды.

Экономика саласын тиімді басқарудың, экологиялық проблемаларды оңды шешудің менеджментін үйренеді. Мұның бәрі әлеуметтік жағдайдың жақсаруына, корупция мен жең ұшымен жалғасқан сыбайластықты азайтуға мүмкіндік береді. Мұндай жетістікке жету үшін білімді, сыни тұрғыда ойлай алатын, өз саласы бойынша білікті мамандар басқарған кезде ғана жетуге болады.

Әлемдік нарықта бәсекелесе алатын, азаматтары бай-бақуатты өміт сүретін

Жаңа Қазақстан құру үшін адамды, біздің жағдайымызда қазақты ортағасырлық араби-парсылық діни санадан арылтып, оны әрқашан ақылына жүгінетін, рационал ойлайтын, дербес әрекет ете алатын зайырлы индивид деңгейіне көтеру керек.

 

Өміріміздегі проблемаларды шешудің бір ғана жолы бар.

Күн тәртібінде өзекті, тағдыршешті болып тұрған мәселені қозғау үшін зайырлы мемлекеттің зайырлы шешімі керек.

Ондай шешім Қазақстан республикасы билігінің үш тармағының бірі - заң шығарушы орган – Мәжіліс арқылы жүзеге асады.

ҚҰРМЕТТІ АТЫРАУЛЫҚТАР!

ҚҰРМЕТТІ ЖЕРЛЕСТЕР!

Мен, Тұрарбек Құсайынов, Атырау өңірінде асқынып тұрған, жалпы елімізге тән проблемаларды қозғап, оны тиімді шешуге және Үкімет ресурсын рационалды бағыттау үшін саясат алаңына шықтым. Сондықтан, халықты мұң-мұқтажын Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі мінберінен айту үшін сайлауға қатысуды азаматтық парызым деп санап, Атырау халқынан өкілеттік беруді сұраймын.

2023 жылдың 19 наурызы күні сайлау учаскелерінде мені қолдап дауыс беріңіздер!!!

Құрметпен Тұрарбек Құсайынұлы
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар