Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Заң шықты деп неше жыл отасқан күйеулеріне күйе жағып жатқан әйелдерді Құдай кешірсін" - айтыскер ақын

11:50, 20 маусым 2024 761

Елге белгілі айтыскер ақын Сара Тоқтамысова Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң жобасына қатысты пікір білдірді.Ақын өз сөзінде заң шықты екен деп күйеулеріне жала жабатын әйелдер де бой көрсетіп жатқанын айтты. Болған жайтты жұртқа жайып, жөнсіз-жобасыз күйеуіне қара күйені жағып, өзі сүттен ақ, судан таза болатын әйелдер әрекетінің дұрыс емес екендігін жеткізді, деп хабарлайды Alash.KZ ұлттық порталы. 

Айтыскер ақын жұбайлық өмірдің түрлі сәттерінің бәрін инстаграмға сала беруге қарсы:

Қазір бізге біреудің өмірі өте қызық. 24 сағаттың 18 сағатында «әйелі былай депті», «күйеуі не жауап берді екен» бөтен отбасының парақшасын аңдумен отырамыз . Жұбайлық өмірдің түрлі сәттері болады ғой. Соның бәрін инстаграмға сала беруге қарсымын өз басым. Қазір әлеуметтік желіде отбасылық өмірді талқылау желдей есіп кетті.
Мен зорлық-зомбылық, ұрып-соғу дегенге түбегейлі қарсымын. «Қарсы емеспін» дейтін әйел жоқ шығар. Қисық қабырғаңнан жаратылған жанды өз әлеміңе сай етіп түзеп алам деу ең ақымақ еркектің қағидасы. Оны ұрып-соғып тәрбиелей алмайсың. Егер әйелің көзіңе жын боп көрінсе, басқа жолын тап. Одан ба босата сал. Ұрып-соғып, әке-шешесінен боқтап жөнге салу деген бос әурешілік. Әйелге қолын тигізіп, әке-шешесінен боқтаған күні еркек өзінің «еркек» деген құнын түсіріп алады. Осыны ойлаңдар, азаматтар.

Сара Тоқтамысова өз жазбасында заңды арқаланып пәлен жыл отасқан күйеулерін халық жауы құсатып ұстап беріп жатқан әйелдердің де бой көрсетіп жатқанына қынжылыс білдірді: 

Мұның екінші жағы бар. Қазақстанда заң шықты екен деп пәлен жыл отасқан күйеулерін халық жауы құсатып ұстап беріп жатқан әйелдер де шығып жатыр. Біздің, әйелдердің, тіліміз өте ұзын. «Қой» дегенде қоя салмай кей жігіттің тілін шығарамыз.

Сондықтан болған жайтты жұртқа жайып, жөнсіз-жобасыз күйеуіне қара күйені жағып, өзі сүттен ақ, судан таза болатын әйелдерді Құдай кешірсін. Ешқашан тек бір жақ кінәлі болмайды, соны сарапқа салып ойлану керек деп ойлаймын.
Біреудің өміріне араласып, пікір жазып уақытыңды бос кетірмей, өзіңме айналыс,өзіңе арна уақытты, - деп жазды айтыскер.  

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар