Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Жас келсе – іске

07:28, 07 ақпан 2023 274
Мерей Әбдіқадыр – М.Тынышбаев атындағы академияның түлегі. Елге ең қажетті мамандықтардың бірі – жолшы болуды мақсат тұтқан. Бүгінде «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Алматы филиалының материал жөніндегі инженері. Жолшы мамандығын таңдаған жас жігіт оқуын аяқтай салып осы мекемеге қызметке тұрған. Өзінің айтуынша, елдегі жолдардың сапасы қатты алаңдатады. «Жерлестерім тақтайдай тегіс жолмен жүрсе екен» деген арманы да жоқ емес. Мерей Әбдіқадырды жұмыс орнына іздеп барып, қысқаша тілдесіп көрдік.

  • Қайырлы күн, Мерей. Жол активтерінің ұлттық сапа орталығына жұмысқа орналасқалы неше болды? Осы мекемеге қалай тап болдың?

  • Бұл орталықтың ашылғаны туралы 2019 жылы естідім. Тынышбаев академиясында 3 курс оқып жүргенде осы мекемеде өндірістік тәжірибеден өттім. Өзіме қатты ұнады. Осында қызметке тұрсам деп мақсат қойдым. Содан 2020 жылы оқуды аяқтап, ЖАҰСО Алматы филиалына үшінші дәрежелі маман болып орналастым. Арада екі жыл өтті. Қазір материалдар жөніндегі инженермін.


 

  • Не себепті дәл осындай мамандықты таңдадың? Неге дәл осы мекемеге қызықтың? Жалпы біздің елдегі жолдардың сапасы туралы пікірің қандай?


 

  • Иә, дәл қазір істеп жүрген жұмысым өзіме қатты ұнайды. Біріншіден, қаладағы жолдардың сапасы жылдан жылға жақсарып келеді. Тұрғындар да куә ғой оған. Оған тікелей себепші – сол қала жолдарының сапасын тексеретін, бақылайтын біздің мекеме. Екіншіден, осы орталықтағы әр маман, әр қызметші өз ісінің шебері, не істеу керекті білетін нағыз кәсіпқойлар. Соларға қарап үйренемін, тәжірибе аламын. Сондықтан Алматы жолдарының жақсаруына біздің мекеме үлкен үлес қосып жатыр.


 

  • Әдетте, ата-анасы ұстаз болса баласы да сол жолды таңдайтын, құрылысшы болса, баласы да құрылыс саласына баратын мысалдар жиі кездеседі. Отбасыңда, айналаңда бұған дейін жол саласында еңбек еткен, жолшы мамандар бар ма? Осы мамандықты таңдауға біреу себепші болды ма?


 

  • Бір қызығы, отбасымда, жақындарымда ешкім жол саласының маманы емес. Тіпті, ешкім осы саланы таңда, осы сала сенің болашақ қызмет ететін орның деп үгіттемеді. Замандастарымның көбі қоғамда онсыз да жиі кездесетін гуманитарлық бағыттағы мамандықтарды таңдайды. Бізге дейін де бірнеше жыл солай жалғасып келеді. Ал техникалық мамандықты таңдаушылар сирек. Әсіресе, жолшы болуға көбінің жүрегі дауаламайды. Олардың ойынша, қолға күрек ұстап жолда жүру керек. Тіпті, ондай ойдың ұшқыны бізде де болды. Алайда кейін бәрі басқаша екенін білдік. Жолшы мамандығының маңыздылығын түсіндіру ісін біздің орталық та мықтап қолға алған. Жыл сайын қаладағы мектептерді аралап, мыңдаған оқушыларға кәсіптік бағдар беруде.


 

  • Орталықта еңбек етіп жатқаныңа 2 жылдан асыпты. Қызметтік жолыңда да ілгерілеу бар. Қатардағы маманнан инженер дәрежесіне жеттің. Өмірлік ұстаным, алға қойған мақсат, болашаққа жоспар бар шығар. Оқырмандармен бөлісе отыр.


 

  • Басты мақсатым – әуелі қаладағы, сосын елдегі жолдардың сапасын жақсарту. Соған үлес қосу. Бүкіл республикадағы жолдар тақтайдай тегіс болса деп ойлаймын. Ол үшін әрқайсысымыз өз ісімізге жауапты мықты, білікті маман болуымыз керек. Жаңадан салынып жатқан, төселіп қойған жолдарды қатаң бақылап, үнемі тексеріп отыру керек. Сонда ғана нәтиже болады.


 

  • Әңгімеңе рахмет. Өзің сияқты жол саласына қызыққан жастар көп болсын!

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар