15 қарашада елде Ұлттық валюта – теңге күні, әрі оның 30 жылдық мерейтойы атап өтіледі. Яғни, төл мерекесі, атаулы межесі қарсаңында, Қазақстанның ұлттық валютасы қайтадан құнсыздануда.
Мамандығы бойынша экономист, елордалық айырбастау бекетінің иесі Абзал Қалиасқар өз әріптестері ұлттық валютаның енді көп нығаятынына сенбейтінін айтады.
"Біріншіден, билік барлық өткізгісі келген саяси бастамаларын, соның ішінде, референдумын, Президент, Парламент, мәслихат және әкімдер сайлауын өткізіп алды. Теңгені құлата салуына еш кедергі жоқ. Екіншіден, өткен қазан айында Ұлттық банк ұлттық валютаны демеу үшін Ұлттық қордан шамамен 1,5 миллиард доллар алып, биржаға сатты. Қыруар қаражатқа қарамастан, теңге қазан айында небәрі 1,1% немесе 5,35 теңгеге күшейді. Мұны Ұлттық банктің өзі мойындады. Үшіншіден, бүгінде әлемде мұнай бағасы қымбаттауда, соған қарамастан, теңге құнсызданып жатыр. Бұған Батыстың қайталама санкцияларына ілігу қаупі Қазақстанға төніп тұрғанын қосыңыз. Сондықтан біз келесі, жаңа жылда доллар бағамы 500-ден асады деп күтіп отырмыз", – деді Абзал.
Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы сонша алысқа үңіліп отырған жоқ. Қауымдастық кәсіби қатысушылар арасында сауалнама жүргізе келе, алдағы желтоқсан айының басында доллар бағасы 474,3 теңге болады деп жорамалдады. Бұған дейінгі болжамы әлдеқайда пессимистік болған. Желтоқсан басында 481,3 теңге болуы мүмкін деп тұспалданды.
Қауымдастықтың түсіндіруінше, алдағы жылы мұнай бағасы "тұрақты түрде оң" болады деп күтілуде. Яғни, арзандамай, қайта қымбаттауы мүмкін. Себебі, әлемдегі ең ірі өндірушілер саналатын Сауд Арабиясы да, Ресей де мұнай өндірісін қысқартатынын жариялады. Нәтижесінде, нарықта жасанды түрде тапшылық туындайды. Сонымен қатар Таяу Шығыстағы геосаяси ахуал ушығып барады.
"Осы аяда қаржы нарығының сарапшылары қазақстандық экономиканың өсіміне қатысты болжамдарын да жақсартты. ЖІӨ өсіміне қатысты болжамды бір ай бұрынғы 4,1%-дан енді 4,3%-ға көтерді. Бұған қоса, ағымдағы жылы Мемлекет басшысының инфляция көлемін екі есе: 20,3%-дан 10,1%-ға дейін төмендету туралы тапсырмасының орындалу ықтималдылығы жоғары. Алайда инфляцияның 2024 жылы нысаналы дәлізіне – 5%-ға түсуіне Үкіметтің қол жеткізуі нығайбыл", – деп түсіндірді қаржыгерлер қауымдастығы.
Сонымен қатар сұралған сарапшылардың басым көпшілігі қараша айында Ұлттық банк базалық ставканы түсіреді деп сенеді. Олардың 55%-ы ставка 15%-ға дейін, 27%-ы – 15,75%-ға дейін, қалған 18%-ы – 15,5%-ға дейін төмендетіледі деп болжады.
Базалық ставканың төмендетілуі экономиканың дамуына серпін бере алады, себебі, елде кредиттердің барлық түрі арзандайды. Ал ұлттық валютаға бұл кері әсер етуі, оның құнсыздануына түрткі болуы мүмкін
Ұлттық банктің бұрынғы төрағасы Григорий Марченко Zakon.kz порталына сұхбатында "теориялық тұрғыдан алғанда, бізде қазіргі кезде бағам шамамен 1 доллар үшін 120 теңге болуға тиіс" екенін айтты. Алайда биліктің қателері, бизнестің, банктердің, халықтың ұлттық валютаға сенбей, үнемі девальвацияны күтіп отыруы ұлттық валютаның осынша құлдырауына ықпал етіпті.
Ұлттық банктің экс-басшысы бүгінде мұнай бағасы қымбаттап жатқанда теңгенің неге нығаймағанын түсіндірді. inbusiness.kz сайтына берген сұхбатында:
"Әрине, мұнайдың құны бізде валюта бағамына әсер ететін басты фактор болып табылады. Бірақ әрдайым тағы бір фактор бар, ол – Ресейдің қаржылық саясаты. Бізде 1999 және 2009 жылдары – дұрыс девальвациялар болды. Сонда біз оны Ресейден кейін жасадық. 1994 жылы бізде – мәжбүрлі девальвация болды, Үкіметтің қате саясаты соған соқтырды. Ал 2014 жылғы ақпанда – дұрыс емес девальвация болды. Қазақстан Ресейден келетін импортқа қатты тәуелді ел, сондықтан Ресей рубльдің бағамын қоя берсе, біздің де девальвация жасағанымыз жөн еді. Халық пен бизнес мұны жақсы біледі, сол себепті Ресейде рубль құласа, бізде де ұлттық валютаның құнсыздануын психологиялық тұрғыдан күтіп отырады", – деді ол.
Оның айтуынша, Қазақстан 2014 жылы Ресейден бұрын бағамды жібере бастады.
"Бұл қателік болды. Мен сонда мұның экономика үшін салдары жаман болатынын, бір жыл ішінде екі рет девальвация өткізе алмайтынымызды айттым. Бірақ болары болды. Оған жол бермеуге болатын еді. Ресей бізден кейін, 2014 жылдың желтоқсанында рубльді күрт девальвациялауға барды. Барлығы жанталасып, доллар сатып ала бастады. 2015 жылдың басында Қазақстан бағамды ұстап тұру үшін 23 миллиард доллар шығындады. Өйткені 2015 жылғы сәуірде Қазақстанда мерзімінен бұрынғы Президент сайлауы өткізілді. Сол өткенше, девальвация жасауға болмайды деді. Сайлау өткен соң, бізге "енді барлығы дұрыс" деді. Содан қам-қарекетіне кірісіп, 2015 жылғы тамызда қайтадан девальвация жүргіздік. Соның кесірінен 8 ай ішінде шағын және орта бизнестің үлкен бөлігін "өлтіріп" тындық", – деді Григорий Марченко.
Өйткені ұлттық валютаның құнсыздануы шикізатты, басқа өнімдерді шетелге экспортқа шығаратын ірі кәсіпорындарға тиімді. Олар сырттан долларта табыс тауып, ал елде жалақыны да, салықты да тек теңгеде төлейді. 2015 жылы теңге екі есе дерлік құнсызданды. Тиісінше, ірі бизнестің, экспорттаушылардың еңбекақы қоры бойынша да, салықтар бойынша да жүктемесі екі еседей жеңілдеді.
Ал өз өнімін елдің ішінде ғана сататын шағын және орта бизнес бұдан сорлап қалды: олар керек-жарақты, компоненттерді, шикізатты шетелден долларға алғызады, ал шығарған өнімін елде теңгеге сатады. Көп табыс таппағанымен, ең құрыса бизнесін жарға жығып, дәрменсіздікке ұшыратпау үшін оларға өнімін де күрт қымбаттатуға тура келді.
Марченко сол тұста, 2014-2015 жылдары билік пен Ұлттық банк елдің тұрмысын құлдыратқан, ұсақ бизнесті тоқыратқан бірнеше өрескел макроэкономикалық қателік жібергенін растады. Біріншіден, 2014 жылдың ақпанында ешкімге қажетсіз, дұрыс емес девальвация жүзеге асырылды. Екіншіден, сайлаушылар президенттік додада билікке қажетті таңдау жасауы үшін "компенсациялық девальвацияны" кейінге ысырылды. Ұлттық қор қаражаты босқа шығындалды.
Үшіншіден, бұған дейін бағамын Ұлттық банк бекітіп келген теңге 2015 жылдың күзінде еркін айналымға жіберілді де, қатты қарқынмен құлдырай жөнелді. Марченконың айтуынша, сонда Ұлттық банк жедел араласпай, интервенция жүргізбей, теңгенің тым терең құлдырауына жол беріп қойды. Сонда Ұлттық банкті Қайрат Келімбетов басқарып тұрған еді.
Марченконың байламынша, сол қателіктің салдарлары, кесірлері көптеген жыл бойы байқалды.
Ол тәуелсіздіктің басында, 1994 жылы доллар бағамы 11 теңге көлемінде тұрақтанғанын еске салды. Алайда сол жылғы ақпанда ел басшылығы кәсіпорындар үшін аралық есеп айырысу (межзачет) дегенді өткізді де, бағам 60 долларға дейін құлады. Бұған 2015 жылғы "қате девальвация" салдарлары үстемеленді.
"Егер осының бәрі болмағанда, ұлттық валюта 3,5 есе құнсызданбағанда, теориялық тұрғыдан алғанда, бізде бүгінде 1 доллардың бағамы шамамен 120 теңге тұратын еді. Тәуелсіздіктің бастапқы кезеңінде де көп жөнсіздікке жол берілді. Тамаша идея туындады: жаңа ғана айналымға енгізілген төл теңгемізді барынша көп көлемде басып шығардық. Елдегі ақша массасы 70%-дан артыққа өсті. Осының арқасында кәсіпорындар барлық қарызын төлеп, құтыла алады деген сенім болды. Барлығы артылған ақшаға жаппай валюта сатып ала бастады. Салдарынан, теңге күрт құнсызданып шыға келді. Егер 1994 жылғы жөнсіздіктер болмағанда, бүгінде бізде басқа бағам болатын еді", – деді Ұлттық банктің бұрынғы басшысы.
Алдағы жылы басқа бағам болмасына кепілдік жоқ.