25 жыл бойы жетім қыз екенін білмеген Айдана Естенбаева есімді қыз ата-анасын іздейді, деп хабарлайды Alash.kz Stan.kz сайтына сілтеме жасап
Айдана 1988 жылы 2 сәуірде Тараздағы перзентханада дүниеге келіпті. Көп ұзамай “Үміт” сәбилер үйіне өткізілген.
Ол басында іздеймін деп маған қағаздарды берді. Ол кезде жас болған соң қалай іздейтінімізді білмедік. Қағазда тек Мақашева. Ш., 1970 деп жазылған. Туу туралы куәлігіне Абдулина Мариана Көңілқосовна деп қалдырған. Ол “мен қазақпын ба, ұлтым кім” деген сұрақтарға бас қатырды. Мақашева. Ш дегенге іздеу салсақ, Қазақстан базасында мүлде жоқ дейді, – дейді Айдананың құрбысы Бақытгүл Әділова.
Айдана Естенбаеваны қазіргі ата-анасы 1991 жылы үш жасында асырап алған екен. Ол өзінің жетім қыз екенін 10 жасында білген. Қазіргі таңда Айдананың өзі Ақтау қаласында тұрмыста, төрт баласы бар екен.
Өз ата-анамды іздеуді 2012 жылдан бастадым. Жолдасым да қолдады. Биологиялық анам осы батыстың төңірегінде деп естідім. Жүрегімнің түбінде анамды табатыныма сенемін. Көп адамдар мені түсінбейді. “Бақты, қақты, рақметі қайда” деп айтады. “Бала тапқандікі емес, қаққандікі” деп жатады. Шынымды айтайын мені бағып-қаққан ата-анама, бауырларыма ризамын. Бірақ бәрібір де адамда “бір кем дүние-ай” деген болады. Бірдеңе жетіспей тұрады. Ешкім баласын жайдан жай тастап кетпейді ғой. Мен “қайдан келдім, ата-анам кім” деген сауалға жауап тапқым келеді. Мүмкін оның да басында бір қиын жағдай болған шығар. Ешкім баласын себепсіз тастап кетпейді, – дейді Айдана.
Айдана анамның тірі болғанын қалаймын, өз көзіммен көріп, құшақтағым келеді дейді.
Қазір тірі я қайтыс болып кетті ме деген сауал 50-де 50 болып тұр. Тірі болғанын қалаймын. Көргім келеді. Анам қазір орта жастағы, ақыл тоқтатқан, мені іздеп, көргісі келетін шығар деп ойлаймын. Маған асырап алған анам “Айдана” деген есім берді. Ал негізгі, шын есімім “Марианна” болған, – деді Айдана.
“Үміт” сәбилер үйінің қызметкерлері Құлпынай Айтназарованың сөзінше, “Марианна”деген есім сол кезде теледидардан көрсетіліп жатқан “Байлар да жылайды” деген телехикаядан алынған екен.
Ол кезде “Марианна”, “Заура” деген кинолар болып жатты ғой. Соған қарап перзентханада балалардың есімі солай қойылып келіп жатқанын білемін. Бізге ол жақтан 7-8 күнде, шақалақ күйінде келеді. Біз қазақилығымызға салынып, олардың сәби күнін ұмытпаймыз. Қырқынан шығарып, шашын, тырнағын алып, қырықтыққа суға түсіріп, шомылдыратынбыз, – деді “Үміт” сәбилер үйінің қызметкері Құлпынай Айтназарова.
Сәбилер үйінің тәрбиешісі ол заманнан тек “Марианна” деген есімді еске түсіре алды. Ол кезде мекемеге өте көп бала түскендіктен басқа мәлімет есте жоқ дейді.
Бала күндегі суреттеріне қарап танысымды көргендей болдым. Бірақ сол жылдары сәбилер үйіне түскен балалардың санында есеп болмады. Өте көп еді. Балалар да біраз қиыншылық көрді. Бәріміздің күш-қуатымыздың арқасында аман қалдық. Сондықтан ол сәтті еске түсірудің өзі қиын, – деді “Үміт” сәбилер үйінің тәрбиешісі Радимхан Харсиева.