Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

3 жылда 3,5 мың дәрігер шетелге көшкен: шетелге көшетіндер неге көбеюде?

14:20, 10 маусым 2024 518

2022 жылы 1 637 қазақстандық грин картаға ие болса, былтыр олардың саны 2 610 адамға көбейген. Яғни, Америкаға асыққан ел азаматтары жыл сайын артуда. Бұл бір тиек қана, әйтпесе қазір реті келсе кәрі құрлық елдеріне, не мұхит асып Канада мен АҚШ-қа көшуге ниеттілердің қатары өсуде. Бұл мемлекет үшін жақсы тенденция емес, көптеген салалар арқылы соққы алуы мүмкін. Тақырыптың аясында қоғамның әлеуметтік не саяси көңіл-күйі де аңғарылатынын жасырмаймыз. Ендеше "кейінгі жылдарда шетелге кеткендердің қарасы қанша, оларды не себепті жіберіп алдық" деген сауалға Alash.kz сайты inbusiness.kz сайтына сілтеме жасай отырып жауап іздеп көреді.

Тәуелсіздік жылдарынан басталған үдеріс

Әуелі халықтың шетелге кету үдерісі 1990 жылдардан басталғанын айта кетейік. Ол кезде бұған билік те, қоғам да проблема ретінде қарап, аса көңіл бөле қоймады. Себебі сыртқа асыққандарды тарихи отанына кетіп жатқан орыс, неміс, украин секілді өзге ұлт өкілдері санадық. Әрине, бұған келісуге де болатын. Дегенмен 2008 жылғы қаржы дағдарысы басқалар тәрізді Қазақстанның да көші-қон саласына ықпалын тигізді. 2012 жылдан бастап бұл үдеріс едәуір күшейіп, көзге шалынды.

Аталған процестің ең межелі кезеңдерінің бірі 2019 жылы тіркелген еді, 45 мың қазақстандық келешек мекенін шекараның арғы бетінен тапқан. Бағамдап қарасақ орта деңгейдегі ауданның халқына тең көрсеткіш. Ал осы кезде бар-жоғы 13 мың адам Қазақстанда тұруға бел буып келген. Бір жылдың ішінде көші-қон салдосы минус 32 мыңды құрады. Мемлекет ай-күннің аманында құнды ресурсынан "тірідей айырылды". Бұл тұста тағы бір сауал туындайды: көшіп жатқандар тарихи отанына оралған өзге ұлт өкілдері ме, әлде өмір сүру қиындап, жергілікті халық та сыртқа ағылуда ма?

Біз бұл сұраққа екі фактордың да әсері бар деп айтар едік. Оның үстіне болжамды түрде болмаса, бірнеше жылдар бойы шетелге кеткендердің ұлтына байланысты жіктелген нақты статистика жоқ. Бір анығы, 2011-2021 жылдар аралығында Қазақстаннан 367,1 мың адам кетіп, 220 мыңға жуық азамат көшіп келген. Айырма 150 мыңнан астам, сонда орта есеппен елімізден жылына 15 мыңнан аса, айына 1,5 мыңға жуық адам кетеді деген сөз. Ал БҰҰ мәліметінше, Қазақстанда дүниеге келген әрбір бесінші азамат (көшкені, оқу не жұмыс бойынша) шетелде жүр.

Еңбек министрлігінің дерегінше, 2022 жылы Қазақстаннан 24 239 адам кетсе, көшіп келгендер 17 293 адам болған. Тағы да 7 мыңға жуық минус. Ал былтыр көрсеткіш сәл жақсарды. 15 мың адам көшіп кеткендер санатында болса, 23 мың адам халықты толықтырған. Кетушілер көбіне Ресейді таңдайтын бұрыннан қалыптасқан дағды, сондықтан олардың азайғанын Ресей мен Украина арасындағы қақтығысқа байланыстырсақ жаңылыспауымыз мүмкін. Бұны Еңбек ведомствосының өкілдері де растаған екен. Өзімізге оралғандар көбіне ТМД елдері мен Қытайдан келеді.

Әйтсе де кейінгі бір жылда көрсеткіш жақсарғанын желеу етіп, көші-қон мәселесін жоққа шығара алмаймыз. Өйткені әлемдегі геосаяси ахуалдардың соңын бағып отырғандар бар. Және еліміз шетелге кеткендердің әсерінен зиян шегетіні жасырын емес, олардың арасында еңбекке жарамды азаматтар, білікті мамандар бар. Мысалы, 2017 -2020 жыл аралығында 3,5 мың дәрігер шетелге көшіпті. Ресми ақпарда шетелге аттанғандардың 38 пайызы жоғары, 34 пайызы орта кәсіптік білімге ие екені көрсетілген.

Қандай факторлар себепкер?

Жалпы, әлеуметтану ғылымында миграция әлемде кең таралған әлеуметтік һәм экономикалық үрдістердің бірі ретінде саналады. Жыл сайын жаһанда 400-600 млн адам осы процеске араласады. Түрлеріне қарай дүниежүзілік, еларалық, өңіраралық болып жіктеледі. Әлеуметтанушы Рамазан Саттарұлының айтуынша, Қазақстан жағдайында миграцияның негізгі үш себебі бар. Біріншісі, экономикалық жағдай, жұмыс істеу, бұған Оңтүстік Кореяға ағылған қазақстандықтарды мысал ете аламыз. Екіншісі, білім алуға байланысты болса, үшіншісі, жоғарыда айтқандай, басқа ұлт өкілдерінің атамекеніне оралуы.

– Шындығында адамдардың өмір сүру сапасы жақсы болса өзге елдерге қоныс аудару ісіне белсене ат салыспайды. Жұмыс бабымен кетсе, өз еліндегі сол жұмыстың жалақысына, ал білім алуға кетсе, осы елдің білім беру жүйесіне разы емес деген сөз. Көп жағдайда айтыла бермейді, миграция мәселесінің астарында экономикалық жүйеден бөлек, саяси режимге де қарсылықтың нышаны жатады. Сондықтан ол санаттағы адамдар көшуге бел буатыны жасырын емес, – дейді маман.

Р.Саттарұлының айтуынша, АҚШ үлестіретін грин карта саяси көзқарасқа басымырақ негізделген. Кей елдерге көп, кей елдерге аз мөлшерде бөлінеді. Бұл мәселеде америкалықтар өзге елдердің саяси жүйесін, қоғамның ашықтығын, демократияға бейімділігі мен экономикалық аймағына зер салып, өздеріне пайда әкеледі деп есептеген қоғамдарға көңіл бөледі.     

Егер азаматтардың шетелге қоныс аудару фактілері азаймайтын болса, мемлекет үшін түрлі қиындықтарға алып келуі мүмкін. Соның маңыздылары – халық санының азаюы, елді мекендердің депопуляциялық үрдісінің белең алуы, еңбек ресурстарының жетіспеушілігі мен ел экономикасының өсу қарқынының төмендеуі. Яғни, адам – мемлекеттің басты құндылығы екені тап осы миграция мәселесінде анық аңғарылады. Сарапшылар өз еліндегі жағдайға көңілі толмай, әлем елдерін шарлаған азаматтары көп мемлекеттердің халықаралық аренада беделі жиі төмендейтінін алға тартады. Еліміздің жағдайында бұл тақырып күрделі фазаға өте қойған жоқ, әйтсе де соның алдын алу ісіне ден қойылғаны жөн деп топшылаймыз.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар