Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Оқыған, тәрбие көрген адамның бәрін зиялы деп ойласақ, сөзсіз қателесеміз - Алаш арыстары «Ұлт зиялылары» жайында

14:07, 06 маусым 2024 1087

Бүгінде елім,жерім деп тебірене сөйлеп, өзін-өзі «зиялылар» қатарына қосатын ұлт жанашырларының қарасы көбейіп кетті. «Ел мүддесін қорғап жүрген қоғам қайраткерімін» деп өздерін таныстыруды жөн санайтындар бұл қастерлі ұғымның мағынасын қаншалықты біледі екен? Кітап жазып, өлең шығарып, ән айтып, елге ақыл үйретіп жүргеннің бәрі «зиялы» ма?! Шын мәнісінде зиялы адамдар дегеніміз кімдер? Олардың бойына тән қасиеттер қандай болуы қажет? Нағыз зиялы деген адамды қалай танимыз? Көптің көкейінде жүрген сауалдың жауабын Алаш арыстарының бізге қалдырған мол мұрасынан табамыз. Alash.kz ұлттық порталы назарларыңызға Мұстафа Шоқай бастаған Алаштықтардың зиялылар жайлы тұшымды ойларын ұсынады.

ОҚЫҒАН, ТӘРБИЕ КӨРГЕН АДАМНЫҢ БӘРІ ЗИЯЛЫ ЕМЕС...


Алаш ардақтысы Мұстафа Шоқай 1931 жылы «Яш Түркістан» газетіне былай деп жазады:

«Оқыған, тәрбие көрген адамның бәрін зиялы деп атап, оны сол адам өзі тән болған ұлттың «ұлттық зиялысы» қатарына қоса беруге болады деп ойласақ, сөзсіз қателесеміз. Біздіңше, белгілі бір мұрат-мақсаттардың соңында жүрген және сол белгілі мұрат-мақсаттары төңірегіне жиналған оқымыстыларды ғана зиялы деп айтуға болады. Ұлттық зиялылар қатарына тек өз халқының саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кіре алады. Зиялылардың міндеті ұлы да қасиетті болуы себепті өте ауыр. Халықты ұлт деңгейіне көтеру, яғни, жері, суы, қазынасы, тілі мен діні бір болған халық бұқарасын бірлестіріп, олардың санасын біртұтас саяси, әлеуметтік, ұлттық санаға жеткізуде ұлы тарихи міндеттің маңызды бір бөлігі зиялылардың үстіне жүктеледі», - деп жазады Мұстафа Шоқай.


Алаш ардақтысының пайымдауынша, зиялы болу үшін білімді һәм тәрбиелі болу аздық етеді. Ұлт жүгін арқалаған шын зиялы бірінші кезекте халықтың мүддесін қорғап, туған еліне қалтқысыз қызмет етіп, өзіне сенім артқан ел-жұртты алға жетелеуі тиіс.


«Дүние жүзінде зиялыларсыз ұлтқа айналған саяси, әлеуметтік халық бұқарасы бірлігі ешқашан болған емес. Сондай-ақ, халық бұқарасынан қолдау көрмеген жағдайда зиялы қауым ештеңе істей алмайды. Халықты ұлт деңгейіне көтеру яғни оны жат үстемдіктің тепкісінен құтқарып өз мекемелеріне ие, тәуелсіз бір жеке тұлғаға айналдыру сынды негізгі мақсатқа жету үшін, ұлттық зиялы қауым мен ол өзі тән болып отырған халық бұқарасы арасында бір ортақ сана болуы тиіс. Міне, осы сананы айқындау, яғни, халық тілегін дұрыс және анық бір формаға келтіру, аталған мақсатқа жету үшін іс пен әрекет бағдарламасын жасау зиялылардың міндеті. Зиялылар қауымы өздерінің тарихи міндетінің мүддесінен шығуы үшін не істеулері керек? Әлбетте, тек жүктелген міндеттерді атқарумен ғана шұғылдану жеткіліксіз. Зиялылар өз халқына қызмет етудің, халықпен ортақ тіл табыса білудің неғұрлым тиімді жолдарын таба білулері тиіс»,- дей келе Мұстафа Шоқай зиялыларды халқының қасынан табылып, елмен бірге болып, қоғаммен ортақ тіл табысуға үндейді.

ҚАЗАҚ ҚАЛАМ ҚАЙРАТКЕРЛЕРІ ХАЛҚЫНЫҢ ЖАНЫ АУЫРҒАНДА ЖАНЫ БІРГЕ КҮЙЗЕЛЕТІН, БАУЫРМАЛ БОЛМАСҚА МҮМКІН ЕМЕС


Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы өзінің 1922 жылы жариялаған «Қалам қайраткерлері жайынан» атты мақаласында:


«Құл болған халықтан туып, құлдықтың қорлық, зорлығын көріп отырып, қазақ қалам қайраткерлері қаламын ұлтының ауырын жеңілту, ауырын азайту жолына жұмсамасқа мүмкін емес; кемшілік көрген жұрттан туып, кемшіліктен құтқаруды мақсат етіп, ылғи сол жолда жұмыс қылған қазақ қалам қайраткерлері жұртшыл, ұлтшыл, яғни, халқына жаны ашитын, халқының жаны ауырғанда жаны бірге күйзелетін, бауырмал болмасқа тағы мүмкін емес. Олай болмаған болмаса, онда табиғат заңының тысқары, адамнан шошқа, шошқадан күшік туған сықылды болып шығады»,- дей келе Ахмет Байтұрсынұлы қолына қалам ұстаған «қайраткерлер» шын мәнісінде қандай болуы керектігін айғақтайды.

Ахмет Байтұрсынұлы қазақ қоғам қайраткерлерін «кім-көрінгеннің» айтақтағанына ермей, кімнің тарысы піссе, соның тауығы болмай,халық алдында өзіне артылған жауапкершілікті шын сезініп, адами принципіне, өзіндік ұстанымына адал болуға шақырады.

«Қалам қайраткері - жолын тастап, көрінген жолаушыға ере беретін бұралқы ит емес. Бауырмал болып қалған қазақ қалам қайраткерлері, йа бойаумен түсін өзгертіп, йа түленмен түгін өзгертіп бейбауырмал болмаса, нақ ішін өзгертіп бейбауырмал бола алмайды. Жалғыз қалам қайраткерлері емес қазаққа жаны ашитын, басқа азаматтар да қазақтың басқалардан көрген кемшілігін айтпай тұра алмайды. Оны айтып отырса, бауырмал деген сөзден құтыла алмайды. Солай болған соң, иа бауырмал деген сөзден қашып, бейбауырмал үкіметтің ыңғайымен болып, қазақты басқалар пісіріп жесін, шикі жесін үндемей қарап отыру керек: не бауырмал деген сөзді басқалар ауыр мағынада айтса да, қазақ азаматтары ауырламай, қазақтың сөзін қаймықпай сөйлеуі керек. Енді осыған жеттік»,- деп жазады Ахмет Байтұрсынұлы.

КІМНІҢ КІМ ЕКЕНІ ТАР ОРЫН, ТАЙҒАҚ КЕШУДЕ БІЛІНЕДІ

Алаш арысы Міржақып Дулатұлы 1918 жылы «Қазақ» газетіне жариялаған «Талайдың сыры ашылды» атты мақаласында:

«Жайшылықта кім жаман? Жұрттың бәрі жақсы, бәрі де ер, бәрі де ұлтшыл. Кімнің кім екені тар орын, тайғақ кешуде білінеді.Николай заманын бастан кешірдік. Ол заман түпсіз терең бір тұңғиық еді. Ол кезде қара халық былай тұрсын, көзі ашық оқыған азаматтарымыздың көбі саясаттан бейхабар, ұлт жұмысынан бойын аулақ салып,күнелтудің соңында жүрді. Бірақ бұларға өкпе жоқ еді, өйткені белсеніп жұртқа басшылық етпедің деуге болса да, зиянды іске кіріспегеніне жұрт риза еді. Ол заманда шын өкпелеуге болатын адамдар болды. Олар хакімге жағынып, түйме-танаға қызығып, жандармдарға жалданып, халықты сатушылар еді. Бостандық туған соң бұлардың сыры ашылып, таңбасы басылып, арамыздан шығып қалды»,- дей келе Міржақып Дулатұлы,әшейінде өзін «ұлт зиялысы» санайтын қайраткерлердің шын бет пердесі ел басына күн туғанда ашылатынын, кімнің-кім екені осындай сын сағатта білінетінін баса айтады.

Міржақып Дулатұлы халықтың көзін ашып,нағыз елшіл патриоттар пен псевдопатриоттардың ара-жігін ажыратып, сөзі әдемі «популистерден» сақтануға үндейді.

«Алаш басына екінші қиын күндер туды. Ол күндер 25 июнь жарлығы еді. Жұрт ботадай боздады. Алды қашып, арты сасып, бірсыпыралары қырғынға ұшырап жатқанда, көктен тілегені жерден табылғандай дағдарған елді жем қылып, тонауға кіріскен де болды. Жақсылық туды, жігіттер қайтты, елдің көңілі жайланды. Кімнің кім екені сонда бір білінді. Большевик дәуірі басталды. Жұрт жылады. Тал түсте таланды. Азаматы өлді, әйелі зорланды, дүниесі бүлінді. Осындай қиямет-қайым күндер туғанда, біздің арамыздан да большевик болып, жұртты қоса талаған, азаматтарымыздың үстінен шағым жүргізген, өлімге бұйыртқан, оққа байлатқан антұрғандар шықты. Большевиктің ғұмыры ұзын болса, бұлар елдің сәнін кетіретін еді. Саңан болса, Алаш, енді ойлан! Жайшылықта жап-жақсы болып жүрсе де, таршылықта жалт беріп жауыңа қосылып, жаныңа қастық қылатын, малыңа құрық салатын кім екенін біліп қой! Мұндай жауыздарды мұнан кейін маңайына жолатпа, аластап араңнан шығар! Мұндайлар жұртқа опа бермейді, ертең тағы бір жамандыққа ұшырасаң, миыңды шағатын, түбіңе жететін осылар, сақтан!»,- деп жазады Міржақып Дулатұлы.

Осылайша, Алаштықтардың «ұлт зиялыларына» қатысты жазып кеткен терең ойларына мән берсек, шынтуайтында, «зиялы» деген киелі атауға кімдер лайықты екенін бағамдай түсеміз. Бүгінде жер-көкке сыймай, «мен» деп кеуде қағып, бос атақ пен мақтангершілікке салынып, халықты өзінен төмен санап,өзінен жоғары лауазымды қызметтегі бәсекеңдерге жағымпаздануды ғана білетін елге пайдасыз «зымияндар» өткен тарихымызға көз салып, сөзі мен ісі қабысқан, ел мен жер, халық алдындағы жауапкершілік жүгін лайық арқалаған, ұлт мүддесін қорғаудағы басты ұстанымдарынан танбай, адами болмыстарын жоғалтпаған шын ұлтшыл, шын зиялы, шын жанашыр Алаш арыстарынан үлгі алса, жарар еді...

Зарина ӘШІРБЕК

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар