Ресейдің Орынбор маңындағы Жайық өзенінің деңгейі жарты метрге көтерілді. Қаланың су басқан аумағы ұлғайып келеді. Ал ҚР вице-премьері Қанат Бозымбаев Атыраудағы тамырын тереңге тартқан көне қала Сарайшықты сақтап қалуға айрықша маңыз таныту қажет екендінін айтып, аймаққа арнайы ат басын бұрды. Біз редакция тарапынан қазақ халқының тарихы үшін аса маңызды саналатын қос қала, Орынбор мен Сарайшықтағы, су тасқыны жағдайына көз жүгіртіп, мәселенің мән-маңызын сараптап көрдік, деп хабарлайды Alash.KZ ұлттық порталы.
""Түнде бірқатар аудандарда су тасқыны күшейді. Су басқан аудандардың ішінде Куйбышев атындағы кент, Заречный, Кузнечный бар. Өткен түннің өзінде облыс орталығында 300 - ден астам үй су астында қалды", - делінген хабарламада.
Бұл жайлы қала басшысының бірінші орынбасары Алексей Кудинов мәлімдеген. Оның айтуынша, қазір өзендегі су деңгейі 965 см.
4 сәуірден бастап Орынбор облысында су тасқынының күшеюіне байланысты өңірлік деңгейдегі ТЖ режимі жарияланды. 7 сәуірде үкіметтік комиссия Орынбордағы су тасқынын федералдық сипаттағы ТЖ-ға жатқызу туралы шешім қабылдады.
Су тасқынынан қатты зардап шеккен аймақ - Ор қаласы. Қалада бөгет бұзылғаннан кейін 7 мыңға жуық үй су астында қалды.
Бір айта кетерлігі, қазақстандықтар да қарқыны қатты қарғын сумен күресіп жатыр. Вице-премьер, Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқынының салдарын жою жөніндегі республикалық штаб жетекшісінің орынбасары Қанат Бозымбаев Сарайшық қаласын сақтауды жергілікті әкімдікке тапсырды.
Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, гидробекеттерде су деңгейі артқан. Индербор ауылында 33 см-ге және Махамбет ауылында 60 см-ге дейін су деңгейінің көтерілгені туралы хабарланды.
Индер ауданындағы жағалауды нығайту жұмыстарының барысы тексерілді. 87 бірлік техника мен 505 ерікті жұмылдырылған. 14,9 шақырымға құм мен 103,5 мың қап төселді. Мұндай шаралар Махамбет ауданында да қолға алынып, дамбаларды нығайтуға 4 мың ерікті мен 210 техника жұмылдырылып, 12,8 шақырымға құм төселді.
Жайық жағалауын нығайту жұмыстары үшін Атырау 107 учаскеге бөлінген, олардың әрқайсысына жауапты маман бекітілген. Бүгінде 32 шақырым дамба орнатылып, 503 бірлік техника, 9 мыңға жуық ерікті жұмылдырылған, 373 мың қап төселді.
Біз қазақстандықтардың босағасына кіріп, шаңырағына тұтас жайылған қарғын суға қатысты деректерге үңілдік. Министрлік өкілдерінің мәлімдеуінше, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында 3 745 жеке тұрғын үй, 421 аула аумағы су астында қалған
"Су тасқыны басталғалы бері шамамен 76 мыңға жуық адам, оның ішінде 18 мыңнан астам бала құтқарылды. Тартылған әуе кемелерімен 2 811 адам, оның ішінде 865 бала құтқарылды. Уақытша орналасу пунктеріне 7 203 адам, оның ішінде 2 794 бала орналастырылды. 69 мыңнан астам ауыл шаруашылық жануар қауіпсіздік жерге айдалды. "Жедел желі" телефонына 1052 қоңырау түсті, психологтар зарджар шеккен адамдарға писхологиялық көмек көрсетуде Су жүрген 146 автожол, су шайған 105 автожол, оның ішінде 4 көпір және 101 жол төсемі бақылауда. Жергілікті атқарушы органдар халықпен байланыс орнатып, қажетті азық-түлік және дәрі-дәрмек қорларын құрған 65 елді мекен көлік қатынасынсыз қалды", - делінген ведомство хабарламасында.
Дастан Қастай