Незігі осылай мақтануға болар еді. Қазақстан әлемдегі ең бай ел, кедейлері жоқ мемлекеттер арасынан көш бастап тұр деп бөркімізді аспанға атып қуануға болар еді. Бірақ ондай қуануға ерте. Бұл жолғы жаңалыққа қуануға бола ма?
Мәселен, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің арасында Қазақстан инфляция, қымбатшылық жағынан биыл да көш бастап тұр деп хабарлайды alash.kz.
Азық-түліктің жекелеген түрлері басқа елдерге қарағанда едәуір өскен. Жалпы, бұл тенденция бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Осымен қалай күресесіздер? Мұндай сұрақ премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровқа қойылды кеше.
– Ақпан айы бойынша инфляция бізде 9,5-9,7 пайыз болды. Қазір толығырақ ақпарат келу керек. Айтып өткендей позициялар бойынша 1-1,5 пайызбен кейбір азық-түлік тауарларының қымбаттағанын байқап отырмыз. Қалай шешуге болады? Ол үшін ең біріншіден, өңдеу өнеркәсібін дамыту керек. Бізде қазір әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 19 түрі бойынша үкімет бағаны қадағалап отыр. Өңірлерде жергілікті қорлар бар. Интервенцияны керек болса жасаймыз, – дейді Байбазаров.
Оның айтуынша, ең бастысы, салаға көп көңіл бөлінеді.
– Биылдың өзінде Қазақстан даму банкі мен Агронесие корпорациясы арқылы біз тамақ өңдеу өнеркәсібіне 100 млрд теңгеден ақшаны жобаларға бөлейік деп отырмыз. Әлбетте, 100 млрд теңге жетпейді. Инвестицияларды көтеру керек. Оны түсінеміз. Бұл салада үлкен жұмыстар жүргізіледі, – дейді ол.
Министр сауда және интеграция министрлігі импорт тауарларымен жұмыс істейтін делдал компаниялардың саны қысқартылып жатқанын мәлім етті.
– Импорт тауарлар болғаннан кейін бір компания олармен жұмыс істеуі керек, – дейді ол.
Ұлттық статистика бюросы 2023 жылғы инфляция динамикасы жөнінде статистикалық мәліметтерді жариялады. Бюроның хабарлауынша, 2024 жылдың қаңтарын 2023 жылдың қаңтарымен салыстырғанда күріш бағасы 31,3%, минералды және ауыз су 17,2%, жұмыртқа 16,9%, салқындатылған сусындар 15,5%, алкогольді ішімдіктер және темекі өнімдері 15%, консервіленген сүтке 13,9%, сары майға 13,1%, жаңа жиналған жемістер мен көкөністер 12,3%, майлылығы 2,5% айран 11,9%, пастерленген сүт 11,8%, тоқаш және ұннан дайындалатын кондитер өнімдері 11,7%, балық және теңіз өнімдерге 11,5% қымбаттаған. Бағасы төмендеген азық-түліктер: пияз 26,4%, қарақұмық жармасы 23,6%, күнбағыс майы 19,8%, құмшекер 15,5% қымбаттаған.