Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Алаш арыстары Қазақстан шекарасын қалай бекітті?

16:45, 29 ақпан 2024 592

Шекараны айқындауда Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан басшылық жасаған Ахмет Байтұрсынұлы, Әлімхан Ермекұлы  ерекше еңбек сіңірді.

Дау созылып бара жатқанда Ахмет Байтұрсынұлының атып тұрып, "Ленинің өзі айтты ғой, сол нұсқауды орындайсыңдар ма, жоқ па?!"-деп, айқай салып, мәселені пролетариат көсемінің нұсқауына тіреуі, 29 жасар Әлімхан Ермекұлының Ленин мен Сталин басқарған комиссия алдында ел тағдырын шешкен ерекше баяндама жасап, бүкіл қазақ жерін түгендеп, нақты дәлелдеп қорғап шығуы нағыз ел үшін жасалған тарихи ерлік болды. 
 

Әлімхан Ермекұлының осы ел шекарасын айқындаудағы шешуші тұжырымы: «

Қазақстан шекарасын анықтау барысында мұқым өлкенің этникалық, экономикалық және мәдени ерекшеліктерін ерекше ескеру керек. Егер қазақтардың осы уақытқа дейін көшпелі өмір салты мен мал шаруашылығын басты кәсіп ретінде сақтап қалғанын назарға ілсек, онда бұл облыстардың өзара тығыз байланысы көзге анық көрініп тұр. Сондықтан да Қазақ автономиялы республикасын құру тек солтүстік және оңтүстік облыстардың арасындағы шекаралық тұтастықты сақтаған жағдайда ғана мүмкін әрі нақты өмірлік сипат алады. Бұл мәселе керісінше шешілген жағдайда автономия тіршілік көзінен айырылады. Сонымен қатар, мәдени, экономикалық және аралас облыстық орталықтарда талап етіп отырған территорияның құрамында қалып қояды. Бұл орталықтарсыз оңтүстік облыстар экономикалық, шаруашылық, мәдени ашаршылыққа ұшырап, тірі өлікке айналады. Осы пайымдауларды ескере отырып, Қазақ автономиясының шекарасын көрсетілген шекара бойынша бекіту қажет. Орынбор қаласы уақытша орталық ретінде қарастырылуы керек»-дейді. 

Көрнекті ғалым, алаштанушы, профессор Тұрсын Жұртбай осы ерлік туралы тереңінен толғайды:

"Ермековтің айтқаны шындық еді.  Егер де  Сібірревкомының ырқына көнетін болсақ, бүгінгі Қазақстанның бес облысы: Шығыс Қазақстан, Семей, Ақмола, Қызылжар, Көкшетау Ресейдің территориясында қалуы керек болды.Егер сол астраханьдық делегацияның сөзіне сенетін болсақ, онда қазіргі Орал, Атырау, Маңғыстау облыстары Ресейдің құрамына кету керек болатын.Тұрар Рысқұловтың өтініші өтіп кетіп, Түркістан мемлекеті құрыла қалған жағдайда, онда қазіргі Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстары Түркістан мемлекетінің, яғни қазіргі Өзбекстанның құрамында қалып қоятын еді. Міне, осы мәселені қойып, оны заңдастыру, қазақ жерінің әр пұшпағына дейін анықтап, ондағы тұрғындар мен олардың күнкөрісіне дейін нақтылап айқындау, Әлихан Бөкейханның кеңесі мен Әлімхан Ермековтің мойнына жүктелген болатын. Олар  сенімді  ақтады.  Мәжілісте  Әлихан Бөкейханның, Әлімхан Ермековтің, Лениннің тікелей ықпалы болмағанда және осы сөзді Лениннің нұсқауына тіреп, «Лениннің нұсқауын орындайсыңдар ма, жоқ па!» деген Ахмет Байтұрсынұлының қатты айтқан сөзінің нәтижесінде ғана қазақ автономиясын құру туралы мәселе шешілген. Ол дауға түспейді. Енді осы белгіленген территорияның нақты шекарасын анықтау керек деген шешім түсті.Қазақ автономиясын құру және оның территориясын белгілеу туралы жұмысы ушығып бара жатқанын сезген Ленин 12, 14, 18 және 19 тамыздағы комиссия отырыстарын өзі басқарады. 24 тамызда Ленин: «Қаулы дайын. Әлімхан Ермековтің қайта баяндама жасағаны дұрыс. Осы бойынша заңдастыру керек» деп шешім шығарады.

Осы шешім қабылданып шыққаннан кейінгі сәтті Әлімхан Ермеков естелігінде былай жазады:

«Өзімнің табысыма масаттанып, риза болып шықтым. Ол кезде бар-жоғы 29 жаста едім. Біздің делегация да қолымды алып жатты. Қарасам, Бөкейханов жоқ екен. Бәріміз дәлізге шықтық. Қазақстанның делегация құрамы он бестей адам болатын.Бәріміз Әлихан Бөкейхановты тостық. Әлекең Ленинмен пікірлесіп, әңгімелесіп қалған болатын.Он бес, жиырма минуттан кейін ол кісі де шықты. Әлихан Ленинге бекітілген шекараға тездетіп қол қоюға өтініш етіпті, Ленин орындауға уәде беріпті».

Сонымен жалпы отырыста бекітілген территорияны қазақ автономиясының территориясы етіп бекіткен бұйрық 26 тамыз күні баспасөзде жарияланды. Міне, содан бастап бүгінгі Қазақстанның территориясы қалыптасты. Біз тәуелсіз мемлекетпіз. Тәуелсіз мемлекеттің шекарасы бекітілген. Тәуелсіздіктің өзі соның негізінде пайда болды. Осыны ақпарат құралдары неге айтпайды?

(Тұрсын Жұртбайдың сөзінен)

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар