"Шаңырақ" қоғамдық бірлестігінің басшысы Алмасбек Садырбай "аса ірі мөлшерде қаржы жымқырды", өзі басқаратын "Балқаш, Еңбекшіқазақ, Кеген, Райымбек және Ұйғыр аудандарында жалған ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрды" деген күдікпен ұсталған болатын. Қоғам белсендісін қолдаушылар үндеу жасады, деп хабарлайды Alash.KZ.
Алмасбек Cадырбайды қолдаушылар оған тағылған айыпты жоққа шығаруда. Үндеу жасаған топтың ішінде "Шаңырақ" ұлттық агроқозғалысы РҚБ төрағасының орынбасары Жақын Мейірханұлы және осы бірлестіктің Шымкен қаласы бойынша филиал басшысы Әліпбек Бақтыбаев, фермерлік жылыжайлар қауымдастығының төрағасы Данияр Қалтаев бар.
Олар Алмасбектің адал екенін, тағылған айыптың негізсіз екенін айтуда. Керісінше, Алмасбек осы уақытқа дейін Қазақстан ауыл шаруашылығы саласындағы кемшіліктерді айтып, агросаясатқа қатысты өткір пікір білдіріп, қуаңшылық, су тасқыны сияқты елдік мәселелердің ортасында жүрде дейді.
Әлеуметтік желідегі пікірлер де Садырбайды қолдайды. Мәселен, "Алмасбекті қолдаймыз, өте іскер, әділ азамат, қай жерде елдің басына қыиндық туса, сол жерде табылған адам!!! Су тасқыны, құрғақшылық, жұт, саранча қаптауы, киік мәселесі болсын, бәрі ситуацияда қарапайым шаруаға көмектесіп және сол қыиндықтан шығаруға бар күшін салып, атсалысқан адам" деп жазуда.