Алматы ауданында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында рейдтік іс-шаралар қарқынды жүргізілуде. Бұл шаралар жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау үшін маңызды. Іс-шараға Алматы ауданы әкімінің аппараты, аудандық ішкі істер бөлімі мен білім беру мекемелерінің өкілдері белсене қатысуда.
Учаскелік полиция инспекторлары қылмыстық жағдайды бақылау үшін тұрғын үйлер мен аулаларды аралап, азаматтармен профилактикалық әңгімелер жүргізеді. Олар ішкі істер органдарында есепте тұрған азаматтарды тексеріп, олардың мінез-құлқын қадағалайды. Сонымен қатар, тексеру барысында жалдамалы пәтерлер, базарлар, сауда нүктелері, жастар көп жиналатын орындар – Орталық саябақ, сауда ойын-сауық орталықтары және компьютерлік клубтар да назарға алынды.
Бұл рейдтер кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықты азайтуға, қоғамға жат әрекеттердің алдын алуға және олардың заңды түрде қауіпсіз ортада болуын қамтамасыз етуге бағытталған. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз кәмелетке толмағандардың қоғамдық орындарда жүруіне қатаң тыйым салынған.