Мәдениет ордасы Алматыда қуыршақ театрларының VI Халықаралық «Ортеке» фестивалі өз мәресіне жетті.
Байқауға Грузия, Түркия, Корея, Өзбекстан және Қырғызстанның қуыршақ театрлары қатысып, көрермен назарына балалар мен ересектерге арналған үздік қойылымдарын ұсынды. Аталмыш байқау Республикалық мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театрында, Мемлекеттік қуыршақ театрында және Тотальный театр сахналарында өтті.
«Ертегілер әлеміне жетелеген қуыршақтар фестивалі жақсы өтті. Спектакльдер көп болмаса да түрі, формасы, мазмұны жағынан әртүрлі болып келді. Тек балалар емес, ересек адамдар да философияға, ой-толғамдарға жетелейтін қойылымдарды тамашаладық. Дәстүрлі, фольклорлық, жәрмеңкелік спектакльдер болды. Спектакльдердің көркемдік деңгейі жоғары. Кәсіби тұрғыдан өз пікірімізді де айтып отырдық. Қарап отырсақ, қай театр болмасын, барлығы да бір үйдің баласындай тату-тәтті бейбіт ғұмыр кешіп жатқаны қуантады. Қазіргі уақытта 7 мемлекеттік қуыршақ театры бар. Еліміздің драма театрлары қуыршақ өнеріне қызығушылық танытып, қуыршақ труппаларын ашып жатыр. Әр өңірде қуыршақ өнері өркендеп, дамып келе жатқаны біз үшін үлкен қуаныш», – деді қазылар алқасының төрағасы Анар Еркебай.
Фестивальдің қазылар алқасының қатарында Қазақстан, Корея, Грузия және Түркияның театр қайраткерлері болды. Олар актерларға әділ бағаларын берді.
Қуыршақ фестивалінің биылғы жеңімпаздарына келсек, «Ортеке» VI Халықаралық қуыршақ театрлары фестивалінің «Ең үздік қойылым» номинациясы бойынша Иакоб Гогебашвили атындағы Кутаиси мемлекеттік кәсіби қуыршақ театрының «Гадкий утенок» спектаклі жеңімпаз атанды. «Ең үздік актерлік шеберлік» аталымы бойынша Е.Локшинаның «Мен бір жұмбақ адаммын. Абай» қойылымы үшін Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры үздік деп танылды. «FFWANG» театрының актері Кван Со Ёнг «Ең үздік қуыршақ жүргізушсі» атанды. Ал «Ең үздік сценография» марапатына Тотальный театр ұжымының «Дюймовочка» туындысы ие болды. «Ең үздік қуыршақ суретшісі» «Ақ кеме» (Ш. Айтматов) қойылымы үшін «Алақай» Ақтөбе облыстық қуыршақ театрының суретшісі Әсия Құрманалинаға бұйырды. «Ортеке» фестивалі ұйымдастыру комитетінің арнайы жүлдесімен «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» (Ғ.Мүсірепов) қойылымы үшін Маңғыстау облыстық қуыршақ театры марапатталды.