Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Алматыда Абай күні аталып өтті

16:04, 10 тамыз 2022 248
10 - тамыз Абайдың туған күні. Жыл сайынғы дәстүр бойынша Алматыда аталып өтті. Ақын, кемеңгер, ағартушы Абай Құнанбаевтың туған күніне орай ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, мерекелік шара Абай алаңында болды. Абай күніне байланысты жасалған іс-шараға белгілі ақындар мен жазушылар және қоғам қайраткерлері мен елге белгілі тұлғалар, қала тұрғындары мен қала қонақтары қатысты. 



Абай күні бүгінде жалпы қазақ жерінде аталып өтетін үлкен мерекеге айналған. Әсіресе, Алматыда бұл дата жылда атаусыз өтпейді. Ескерткіш алдына жиналған ақындар Абайға арналған өлеңдерін оқиды, ал жастар ақын өлеңдерінен үзінді оқып, қазақтың бас ақынына деген құрметін осылай білдіреді.

Ал биылғы шара Абай алаңынан кейін бірден Алматы музейінде жалғасқан. Музейде «Абай мұрасы – халық қазынасы» атты жылжымалы көрменің ашылуы болды. Көрмеге ақын Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығына қатысы бар экспонаттар, құнды жәдігерлер қойылыпты. Сонымен бірге, Құнанбай Өскенбайұлына қатысы бар заттар да ұсынылған. Құнды жәдігерлер қатарында Абайдың ақындық мектебіне қатысы бар және Жиделідегі 80 жылдан көп тарихқа ие ақынның музей-үйі туралы экспанаттар-дүниелері қойылған.



Абай күні мұнымен ақталған жоқ. Мәселен, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының әншілері қала тұрғындары көп жүретін метроға түсіп, Абай Құнанбаевтың әндерін әртүрлі ұлттық музыкалық аспаптарының көмегімен орындап, өнер көрсетті.

Соңғы жылдары Абай күні ешқандай мерейтойсыз да аталып өтіп жүргенін айта кетейік. Жер астындағы, яғни метордағы өнер кешінен кейін Ақын кекші "Алатау» дәстүрлі өнер театрында жалғасты. «Күн артынан күн туар» деген атаумен театрландырылған концерт өткен.

Концертте хор мен оркестрлік топтың сүйемелдеуінде  «Татьянаның әні», «Көзімнің қарасы», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Айттым сәлем, Қаламқас» сияқты ақын әндері шырқалды.

Осыдан екі жыл бұрын ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойы карантиндік шектеулерге байланысты әр аймақта шағын көлемде аталып өткен болатын. Биыл Абайдың туғанына 177 жыл. Қазақстан көлемінде ағартушының туған күні аталып өтіп жатыр. Осы орайда ескерте кететін бір дүние: Абай күні Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 4 тамыздағы қаулысына сәйкес, мемлекеттік мерекелер күнтізбесіне енді.

 

 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар