Осы сөзінен айнымай ел Президенті бұл сайлауда көп партияның қатысуына мүмкіндік туғызып отыр. Сондықтан мемлекет басшысы айтқандай ел дамуына серпін беретін сайлауға бір кісідей қатысу маңызды. Осы орайда сайлау күні Алматы қаласының бірқатар сайлау учаскелеріне арнайы ат басын бұрып, сайлау барысын бақылаған едік.
Алматы қаласында ҚР Парламенті Мәжілісі және жергілікті мәслихат депутаттарын сайлау науқаны түске дейін қарбаласқа толы екені байқалды. Алматыдағы жалпы саны 602 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Алматы тұрғындарының әрқайсысы төрт бюллетеннен алады. Олардың екеуі Мәжіліс сайлауына болса, екеуі мәслихат сайлауы үшін.
Таратып айтар болсақ бір бюллетеньде партиялық тізім бойынша, екіншісінде бір мандатты округтер бойынша кандидаттарға дауыс беруге болады. Алматыда үш сайлау округі бар екенін ескерсек, Мәжілістің үш депутаты сайланады. Ал, Алматы қаласы мәслихатының 42 депутатының жартысы партиялық тізім бойынша, қалғаны қалған бір мандатты округтерден сайланады деп күтілуде. Сайлауды бақылау барысында қаладағы сайлау барысы жайлы бірнеше рет брифинг ұйымдастырылып, учаскелердегі сайлау ахуалы хабарланып отырды. Қажетті ақпараттарды жинай отырып, қалада сайлау науқанының бірқалыпты, қала халқының түске дейін белсенділігі жоғары болып жатқанына қанықтық.