Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Алматылық балабақшалар балалар қауіпсіздігін жоғары бағалайды

04:25, 31 наурыз 2023 328
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп пен балабақшадағы балалар қауіпсіздігін бірнеше рет тілге тиек етті. Қазіргі таңда осы бағытта көптеген жұмыстар жасалуда. Балабақшалар мен мектептерге бейнеқондырғылар орнатылып, ол жерлерге сырттан ешкімнің кірмеуі бақылауға алынуда. Сондай-ақ ол жердегі күзетшілердің кім көрінген біреу емес, лицензияланған арнайы күзет қызметінен болуы да талап етілуде. Осы орайда кеше ғана енді алматылық балабақшаларда екпесі жоқ балалар бұдан былай қабылданбайтыны белгілі болды.
Шыны керек қазіргі таңда елімізде діни көзқарасына орай екпе қабылдамайтын ата-аналар көбеюде. Ал бұл белгілі бір дәрежеде кейбір жұқпалы аурулардың қайта өршуіне алып келуі әбден мүмкін. Сондықтан балалар қауіпсіздігін ескере отырып, енді екпесі жоқ балаларды балабақшаға қабылдамай ойластырылып отыр.
Негізі қазір елімізде қызылша дерті дендеп тұр. Бір кездері жаппай вакцинациялаудың арқасында жоқ болып кеткен жұқпалы дерт кейбір ата аналардың жеткілікті деңгейде жұқпалы дерт туралы мағлұматының жоқтығы мен діни көзқарасынан қайта ушығуы байқалуда. Қызылша дертінің дендеп тұрғанын еліміздің бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова мәлімдеді. Бас санитардың сөзінше, балабақшадағы мұндай тыйымды енгізу мәселесінің көтерілуіне елімізде қызылша дертінің асқынуы басты себеп. Атап өтер жайт, осы айда елімізде қызылшаның 70-тен астам жағдайы зертханамен расталған көрінеді. Әсіресе, Алматыда қаласында ахуалдың күрделі екені аңғарылған. Алматы қаласында осы жыл басталғалы бері қызылшамен 46 науқас ауырған екен. Қызылшамен ауырған науқас балалардың жартысының ата-аналары екпеден бас тартқандар екен. Сондықтан балалар арасында тез таралатын қызылша дерті мамандарды үрейлендіріп отыр. Осыған дейін де Алматы қаласы балалар жұқпалы ауруханасының бас дәрігері Ержан Сералин елімізде Кеңес заманында жоғалып кеткен жұқпалы аурулардың қайта бас көтеріп жатқанын айтып дабыл қаққан болатын.
Еліміздің бас санитарлық дәрігері айжан Есмағамбетованың айтуынша, балабақша тобындағы балалардың 90%-ы вакцинациялануы керек. Егер екпе алмағандардың саны 10%-дан көп болса, онда олардың келуіне тыйым салу мәселесін қарастырмасқа амал жоқ екен. Бұл жөнінде еліміздің Бас санитар дәрігері «Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрықтарының бірінде норма бар. Балабақшаларда вакцинацияланбаған балалардың саны 10 %-дан аспауы керек. Жергілікті санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменттеріне осыны анықтауға мониторинг жүргізуді тапсырдық. Егер норма сақталмаса, вакцинацияланбаған балаларды балабақшаларға жіберуді тоқтатамыз. Мұны өзіміз ауырмас үшін және басқаларға жұқтырмас үшін жасаймыз. Басқа жол жоқ. Бұл – заң нормасы, ортақ жауапкершілік. Науқастардың саны өсе береді, біз балаларды қорғауымыз керек» деді. Демек халық тығыз орналасқан Алматыдай үлкен шахарда мұндай дерттердің етек алуы өте қауіпті саналады. Сондықтан қала балабақшалары жаңа талапқа бейімделу үстінде. Жалпы корнавирус дерті дендеп тұрған кезеңде мемлекет басшысы екпеге қатысты толық ойын білдірткен болатын. «Екпе салдырудан бас тарту себептері әртүрлі. Мұндай адамдардың ішінде ойланып жүргендері көп. Барлық әдіс-тәсілді пайдалану, соның ішінде, әлеуметтік желілер арқылы олардың көзін жеткізу керек. Батыстың кейбір дамыған елдері көз жеткізу әдісінен мәжбүрлеу шараларына көшіп жатыр. Ірі еңбек ұжымдарының қызметіне байланысты ерекше жағдайлар болмаса, біз ондай қадамға бармаймыз. Сондықтан өз дегенінен қайтпайтын азғана антиваксерлерге бола, отбасыларын өз еңбегімен асырап отырған азаматтарымыздың денсаулығын қатерге тіге алмаймыз, – деп Қасым-Жомарт Тоқаев екпе салу басқалардың да денсаулығына жауапкершілікпен қарау» ұқтырған еді.
Атап өтер жайт негізі мұндай тәжірибе басқа дамыған елдерде бұрыннан бар. Мәселен Италияда 2019 жылдың наурыз айында қабылданған заң бойынша екпе қабылдамаған балалар мектеп пен балабақшаның табалдырығынан да аттаттырмайды. Егер оқушы сабаққа екпе салынғаны туралы анықтамасыз барса, оның ата-анасына 500 евроға дейінгі көлемде айыппұл салу қарастырылған. Бұл заңды Италияндықтар нақ осы қызылша ауруының алдын алу үшін қабылдаған көрінеді. Италияда балаларға қызылшадан бөлек қызамық, желшешек, полиомиелит, паротит ауруларына қарсы екпе егілуі міндетті саналады. Балалардың денсаулығына қатер төндіретін мұндай жұқпалы аурулардың алдын алу балалардың өлім қаупін азайтады. Ашып айта кетсек, елімізде негізінен ата аналар діни көзқарасына орай екпеден бас тартқан. Басқа елдер жоқ екпені ақылы салдырып, тіпті шекрааның сыртына шығатын болса қажетті екпесін түгелдеп алуға тырысып жатса, біздің елімізде тегін екпенің өзінен бас тартуда. Осы орайда алматылық наиб имам Дәулет Құскелдіден екпеге қатысты исламда қандай тыйым бар екенін сұрап көрген едік.
Дәулет Құскелді, дінтанушы:
Негізі екпе егуге ҚМБД теріс қарамайды, Ислам дінінде екпе жасауға тыйым салынбайды. Вакциналау – белгілі бір жұқпалы аурудың алдын алу үшін қолданылатын әдіс. Ол адам организміне арнайы тәсілмен дайындалған антигендік қасиеті бар заттарды енгізу арқылы жүзеге асады. ҚМДБ осыған дейін де екпе арқылы көптеген сырқаттардан сақтануға болатынан бірнеше рет айтқан болатын. Ислам діні әрбір адамға өз өмірі мен денсаулығына дұрыс күтім жасауға және ауру-сырқаттан емделудің алдын алу жолдарын іздеуге міндеттейді. Алла елшісі «Емделіңдер, расында Алла әрбір дертті шипасымен қоса жаратты. Бір дерттің ғана дауасы жоқ, ол – кәрілік», – деген. Ендеше өз бетінше пәтуа шығарып, ислам дінін қалқан етіп екпеге қарсы шығу дұрыс емес. Қоғамда жұқпалы аурулар күшейіп, өзіне және өзге адамдарға зияны тию ықтималы артса, сол ауруға қарсы екпе алу қажет болады.
Дінтанушы маман осылай дейді. Ендеше балаларының өміріне қауіп төндіріп, исламды жамылып екпеге қарсы шыққандармен кешенді жұмыстар жүргізілуі керек. Онсыз балапандарымыз балабақшадан қағылмақ!

Еркенұр Қонысбай
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар