Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Алқаштың өмірі туралы: Белгілі ұстаз Аятжан Ахметжан мұғалімдердің өрескел қателігін атады

09:04, 27 тамыз 2024 728

Танымал педагог-ұстаз Аятжан Ахметжанұлы әлеуметтік желідегі парақшасына мұғалімдерге қатысты өте маңызды мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы. 

Ол бұл туралы facebook-те жариялады. 

"Ең қиын түйін білікті кадр… QAZBILIM жобалары өмірге келгелі 10 жыл. 10 жыл кадрды бүкіл өңірде өзім қабылдап келемін. Соңғы үш жыл білім беру орталығынан ұлттық мектептер желісіне айналғасын, биыл әдістемелік орталық қосып жатқасын жылына 100-ге жуық жаңа кадр қосылады ұжымға. Биылғы оқу жылында 8 қаладағы қызметкер саны 500-ден асады. Қазір біздің QAZBILIM ұлттық лицейлерінің жалақысы басқа мектептерден жақсы, еңбек демалысы, сауықтыру төлемі мемлекеттік мектептен де жоғары төленетінін көргесін, бізге жұмысқа тұрғысы келетін мамандар қатары артты. Тіпті кей өңірде пәтерге де көмектесіп жатамыз.

Бізде мұғалім қабылдау барысы екі турдан тұрады. Бірінші тур пәндік тест. Мұғалім өз пәнінен ҰБТ сұрақтарынан құралған 90-120 балл арасындағы тестілеуден өтеді. Тәртіп солай. Себебі, бізге жұмысқа тұрудың басты шарты өз пәнін жетік білу. Енді дәл осы кезеңде хабарласқан адамның бір бөлігі тест тапсырасыз десең келмей қалады. Екінші бөлігі неге тапсырамын, ондай заңды қайдан алдыңдар деп шу шығарып, менеджер қыздарға ұрыс шығарып кетеді. Осы екі топтан басқа адамдар тест тапсырады.

Бірінші турдан өту балы тестілеуден 50% дан жоғары алу. Яғни 120 балдан 61 ден асу, 90 баллдан 46 дан жоғары алу. Енді тестке келген адамдардың өз пәнінен алынған осы тесттен 50% ала алмайтындар тестке қатысушылардың жартысынан көбі. Тіпті солардың біразының түйіндемесін көрсең 10 жылдан артық сабақ берген. Мен аң-таңмын. Бірақ, нәтижеңіз неге төмен десеңіз ашуланады. Сол үшін екінші кезеңге өтпедіңіз деп ақырын қоштасамыз. Ашуланады. Сол адамдардың алдындағы балаларға жаным ашиды. Кей өңірде тестен шектік балл алатын маман таппай қор боламыз.

Екінші тур. 8 қаладағы ұстаздарды да өзім сұқбаттан өткіземін. Өз пәнінен тестен өткен ұстаздардың ізденісі қалай, баланы, мектепті шынайы жақсы көре ме, өзін дамыта ала ма деп әр түрлі бағытта сұрақ қоямын. Кейде шымшыма сұрақты да қоямын. Себебі, психологиялық тұрғыда сынау үшін. Әр түрлі оқиғаға тап боласың.

Мен үшін ең ауыр жұмыс осы маман табу, мұғалім қабылдау. Себебі елді жұмыссыздық емес, біліксіздік жайлап кеткен, өкінішке қарай. Басқа пәнді сосын айтармын. Ең алдымен биыл бізге конкурсқа ең көп қатысқан пән қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болды. Сол сұқбаттар жайлы көңіл құлазытқан, көп қайталанған екі үш жайтты айтайын. Биыл кемінде 200-ден аса қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімімен сұқбат құрдым.

Тұрақты қойылатын сұрақтарымның бірі:

— Соңғы рет қашан, қандай кітап оқыдыңыз? (Оқыған кітаптары туралы әңгімелесем.)

Өкінішке қарай, мүлде кітап оқымайтындар көп. Қандай кітап оқып жүрсіз дегенде “Екінші болма”, “Өмірге шексіз ғашық”, “Жүрек тыныштығы”, “Еркем, өмірің болсын көркем”атайтындар көп. Жүрегің ауырады.

— Қазақ классиктерінен кімдердің қандай шығармасын оқыдыңыз? (Оқыдым деген авторлардан, шығармалардан сұрақ қоямын.)

Өкінішке қарай, Бердібекті, Әбішті, Мағауин мен Қабдешті оқымайды. Бірақ, қазақ тілі мен әдебиеттен сабақ береді.

Ал Рахымжан Отарбаев, Бексұлтан Нұржекеев секілді авторды сұрасаң ол кім дейтіндер де көп. Өкінішті.

— Балаларға қалай кітап оқыта аламыз?

Бұл сұраққа алдыңғы сұрақтардан кейін көсілгісі келетіндер көп. Өзі кітап оқымайтын адам біреуді былай қызықтырар едім дегені өтіріктеу көрінеді.

Өкінішке қарай, PISA емтиханы қорытындысында қатысқан 80 елден оқу сауаттылығы бойынша 62 орында тұрғанымызды сондайда ойланып кетесің…

Тіпті, оқулықта берілген шығармаларды мұғалім тек оқулықтағы үзіндісін ғана оқығанын білгенде балаларға жаның ауырады. “Атау кере” шығармасының басты идеясы не деген сұрағыма алқаштың өмірі туралы шығарма деген жауапты естігенде күйіп, күйініп кеткен кезімде болды…

Білім сапасы мұғалім сапасынан биік болмайды. Бұл – аксиома», - деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар