Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Алтайдың аржағынан қандаастар келді

14:11, 06 мамыр 2022 357
[ad_1]



Қытайдың батысындағы Шыңжаң өлкесінен 6 мамырда бір топ этникалық қазақ Қытайдың Чэнду қаласы арқылы Алматыға ұшып келді. Оларды Алматы әуежайынан жүзге жуық адам күтіп алды, басым бөлігі көшіп келгендердің туыстары.

Қытайдан оралған қандастарды күтіп алуға келгендердің бірі 70 жастағы Орынхан Әлқожақызы ұлының жолын тосып тұрғанын айтты.

– Ұлым Іле қазақ автономиялық аймағы Текес ауданында қалып қойды. Өзіміз 2019 жылы көшіп келіп алдық. Баламның екі баласы бар. Әйелі, екі немерем өзімнің қолымда. Балам белгілі бір себептермен келе алмай қалған еді. Бүгін соларды күтіп тұрмын, - дейді ол көш келмей тұрып Азаттыққа.

Әуежайға келгендер арасында 2019 жылы Қазақстанға қоныс аударған Майнұр Юсупжан есімді әйел де болды. Ол күйеуінің құжаттарының бітпеуіне байланысты Шыңжаңда қалып қойғанын, соны күтіп алу үшін әуежайға келгенін айтты.

Көп кешікпей күтіп алушылар жақындарымен қауышты.



Шыңжаң қазақтарының Қазақстандағы туыстарымен қауышқан сәті. Алматы, 6 мамыр 2022 жыл.

 


Шыңжаң қазақтарының Қазақстандағы туыстарымен қауышқан сәті. Алматы, 6 мамыр 2022 жыл.


Шыңжаңнан келген 70 жастағы Нұрбүбі есімді әйел бала-шағасының осыдан бес жыл бұрын Қазақстанға өтіп кеткенін, өзінің "белгілі бір себеппен" (себебін ашып айтпады -ред.) жалғыз қалып қойғанын айтып көзіне жас алды. Күтіп алушылар Азатттық тілішісіне келушілерден Шыңжаңдағы қысым жайлы сұрамауын өтінді.

Ақпаратқа қарағанда, 20 адам уақытша Алматы облысына орналастырылады.

22 сәуірде Қытайдың Шыңжаң өлкесінен 20 қазақ отбасының Қазақстанға көшіп келгенін Азаттық жазған. Одан кейін тағы 60-тан астам қазақ оралғаны белгілі болды. Ақпарат бойынша, келгендер арасында Шыңжаңдағы туыстарын ұзақ уақыттан бері қайтаруды талап етіп жүрген азаматтардың жақындары жоқ.

2017 жылдан бастап Шыңжаңда тұратын байырғы ұлт өкілдері қысымға ұшырай бастаған, олардың арасында қазақтар мен қырғыздар да бар. Қытай билігі мұсылмандарды жаппай ұстап, жергілікті жұрт "саяси тәрбиелеу лагері" деп атаған жерге қамап, қытай тілін үйренуге, Компартияның ұрандарын жаттауға мәжбүрлеген. Мұсылман дінін ұстанатын адамдар ұзақ жылға сотталған.

АҚШ пен Батыс елдері Қытайдың Шыңжаңдағы аз ұлт өкілдерін қудалауын қатаң айыптап, кейбір компаниялар мен шенеуніктерге санкция салған. Ал Пекин Шыңжаңның байырғы ұлт өкілдерін қудалап отырғанын жоққа шығарады және қамау орындарын "саяси қайта тәрбиелеу және кәсіпке баулу орталығы" деп атайды. Қытай билігінің айтуынша, олар осы арқылы аймақтағы радикализммен және терроризммен күресіп жатыр.

2019 жылдың соңына қарай шекара ашылып, Қазақстанға он шақты отбасы көшіп келгенімен, 2020 жылдан бастап пандемияға байланысты көш қайта тоқтаған.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2022 жылдың 1 қаңтары мен 1 мамыр аралығында Қазақстанға өзге елдерден 4502 қазақ оралып, қандас мәртебесін алған, 400-ден астамы Қытайдан келген. 1991 жылдан бері шетте жүрген 1 миллион 92,4 мың қазақ тарихи отанына оралған.



[ad_2]

Дереккөз
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар