60-қа тақаған жасымда өзімді лайықты деп санап, өтініш жаздым
«Өйткені мен жастайымнан өлең жазатыным бар еді. «Жалын», «Жұлдыз», «Таңшолпан» журналдарында, «Қарлығаш» жинағында бір топ өлеңдерім жарық көрген. Публистикам бар дегендей… Оның үстіне кезінде құрған «Жаңа Қазақстан» қозғалысымызды тіркемеді. Ресми, саяси қызметпен айналысатын мінбе жоқ. Сондықтан қолымда қаламым бар, соны пайдаланамыз, жазамыз. Пен-клубқа мүше болғам себебім, бұл клуб сөз бостандығын қолдайды. Соның ішінде қудалауда жүрген журналистерге көмек көрсетеді», — дейді ол.
Әміржан Қосанов шығармашылықпен баяғыдан айналысатынын, өткен ғасырдың 80-жылдарында ЖО-та өлең оқығанын айтты.
«Сол кездері Жазушылар Одағынан шықпайтын едік. Өлең оқитынбыз. Ақсақалдардың батасын алдық. 60-қа тақаған жасымда өзімді лайықты деп санап, өтініш жаздым», — дейді саясаткер.
Ол ақын ретінде өлеңдерінің жиналып қалғанын, алдағы уақытта кітап етіп шығаратынын жеткізді.
«Ескі Қазақстан кезінде жазылған өлеңдерім ащылау ғой. Жаңаөзен, Желтоқсан… жалпы айтқанда әлеуметтік лирика жаздым. Кейде билік, жемқорлық, сайлау тақырыбында да қалам тербедім. Ескі Қазақстан кезінде оны ешкім басып шығармайтын. Жаңа Қазақстанда көреміз енді, уақыт керек, жинақтау қажет. Бәрі ретімен болып жатса кітап етіп бастырамыз», — дейді Әміржан Қосанов.
Алтынбек өлтірілген уақытта қырқына барып, өз өлеңімді оқыдым
Саясаткер бұрын «Қажегелдиннің қажетті қағидасы» атты кітап жазғанын, бірақ аталмыш туындыны ҰҚК қудалап, жоқ еткенін айтты.
«Оппозиция жүрген кезіңде кітап шығара алмайсың. Ешқандай баспа келіспейді. Енді көреміз. Алдағы уақытта қай жер жарыққа шығарады, сол жерге шығармаларымды беріп тұрамын. Ал кітабыма уақыт керек, бастысы өлеңдерім бар ғой. Қиын кезде, Алтынбек, Заманбек кезінде бәрі үндемей қалған еді. Мен ғана жаздым. Алтынбек өлтірілген уақытта қырқына барып, өз өлеңімді оқыдым. Сол өлеңдер тарихта қалады. Ол үшін міндетті түрде мемлекеттік баспадан шығару керек емес қой. Халық санасына митинг арқылы да жеткен туындыларым бар», — дейді саясаткер-ақын.
Қазір барлығы Назарбаевты жамандап айтып та, жазып та жатыр
Ақын-саясаткер Назарбаевті қазір емес билікте сынау керек еді дейді.
«Темірді қызған кезінде соқ» дейді. Қазір барлығы Назарбаевты жамандап айтып та, жазып та жатыр ғой. Біз оны билікте отырғанда сынадық. Рахат Әлиевті де айттық. Алтынбек пен Заманбекті өлтірген кезінде де біз шығып сөйледік. Сондықтан, «ақсақ қой түстен кейін маңырайды» дегендей қазір емес, уақытында айту керек еді. Мен сол уақытында айттым, жаздым. Менің саяси-әлеуметтік лирика өлеңдерімнің датасын қарасаң сол уақыттар жазылып тұр. Біз ғана қорықпай, қаймықпай айттық. Олардың жай ғана емес, қоғам, халық үшін қаза тапқанын жеткіздік. Жаңаөзен оқиғасы кезінде ертеңіне өлең жаздым», — дейді ол.
Jas Alash порталы кімдер мүшелікке өткені туралы Жазушылар Одағына сұрау салды. Одақ төрағасының орынбасары, мүшелікке қабылдау комиссиясының басшысы, ақын Қасымхан Бегманов алда нақты жауап беруге уәде берді.