Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Әлихан Бөкейхан: Егін салған Еуропа жұрты бізден мал бағып та, егін салып та артықша пайда қылып отыр

22:56, 08 мамыр 2024 384

Білімге жалынып мал баққан - жапан.

Егін салған Еуропа жұрты бізден мал бағып та, егін салып та артықша пайда қылып отыр. Біздің бір сиырдың жылдық сүті - 50 шелек. Голландияда бір сиыр бір жылда 300 шелек береді. Біздің сиыр 18 пұт болғанда, Швеция сиыры 100 пұт болады. Біздің жұрт десетинеден 33 пұт бидай алғанда, неміс - 70, Бельгия - 120 пұт алады. Біздің жұрт десетинеден 50 пұт пішен жинағанда, бөтен жұрт 300-500 пұт пішен шабады. Пішенді бір жазда біз бір шапсақ, олар 8-9 қайта шабады.

Біздің орыстың, Украинаның жерінде құйқасы тегіс қаратопырақты жер бар. Бұ қара құйқалы аймақтың үлкендігі франсұздың Еуропадағы жеріндей бір жарым. Бұ сықылды жақсы жер - жер үстінде жоқ. Осы жерде отырып біз жұтаймыз да отырамыз. Еуропа жұтты, аштықты ұмытқалы 400 жылдан асты. Еуропада 19-20 десетине жері болса, 10-12 сиыр, 5-6 ат, 10 шақты шошқа бағады. Тұрғаны - жақсы үй, кигені - жақсы киім, жегені - жақсы тамақ.

Данияда жалпы жұрттың иеленгені үй басына 3-5 десетине ғана жер. Осында отырып бізден артық тұрады. Елі бай, тамағы тоқ болады.

Осының бәрі білімге жалынып шаруа түзеткеннен болған. Ел надан болса, соқырша жолын сипалап жүріп егін салса, мал бақса - көп жер аз болады. Жер аз емес, ел надан, шаруа шабан.

Осы надандықты жоям[ын] деп Мәскеудегі қазақ бөлімі осы кітапшаны басқан. Ал, қазақ, мұны алып, оқып қара!

- Бір қадақ қара бидайға 200 қадақ,

- бір қадақ арпаға 330 қадақ,

- бір қадақ сұлыға 400 қадақ су керек.

Міне, осы есеппен бір десетинеден 100 пұт бидай, 150 пұтты оның сабанын[ан] алатын болады. Бұ десетинеден 100 мың пұт су ішу керек.

Вика деген пішен болады. Шөптің десетинесіне жарты миллион пұт су керек. Бұ қандай су? Бұ су десе[тине]ге сіңбесе, тереңдігі бір кез көл болар еді.

Жанды заттың айырмасы - азот. Азот жоқ жерде жан иесі, тәні болмайды.

Өсімдік тәнінің жүзден 8-і азот қосылған нәрсе болады.

Біз жерге қайта-қайта бидайды сала берсек, ол жердің азоты азаяды. Осы кеміген егін жайдағы азотты орнына салам[ын] деп ескі егінжайға боқтық төгеді. Жұртта көңге шөптің қалың шығатыны боқтықтың азоты бар болған соң болғаны.

Жоңырышқа [жоңышқа], бұршақ бидайдан тозған жерді жаңартады, азотқа байытады. Тозған жерге жоңырышқа, бұршақ салып алса, бидай, сұлы тағы жақсы шығады.

Бұл кітапшада осындай егінші, малшыға керек ақыл толып жатыр.

Қыр баласы.

"Өсімдік. Өсімдік өмірі" мақаласынан

"Теңдік" газеті, №7, 1925 жыл.

Дереккөз: Бөкейхан Ә. Шығармалары. XIII том.-Астана, 2018

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар