18 сәуірде Астана-Ерейментау-Шідерті тас жолында жол апаты болды. Жол салонында 16 жасөспірім мен олардың жаттықтырушысы болған. Амал нешік, жаттықтырушы оқиға орнында қаза тапты, деп хабарлайды Alash.kz порталы.
Ақмола облыстың полиция департаментінің мәліметінше, автобус Mercedes көлігіне соқтығысқан.
"Көлік жүргізушісі жүк көлігін басып озу кезінде оның аударылып кетуіне себеп болған. Шағын автобуста 14 пен 16 жас аралығындағы 16 бала мен бір жаттықтырушы болған. Апат салдарынан жаттықтырушы оқиға орнында көз жұмды", – делінген хабарламада.
Жасөспірімдер мен жаттықтырушы Павлодардан Астанаға бет алып, спорттық жарысқа бара жатқан. Қазір балалар медициналық мекемеге жеткізіліп, дәрігерлердің бақылауына алынды.
Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, сапарды ұйымдастырған жекеменшік спорт мектебінің басшылығы полицияға хабар бермеген, сондықтан патрульдік қызмет көрсетілмеген. Бұл оқиғаға байланысты тергеу басталды.