Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Бес жасар баланы құтқарып қалған Ақанға планшет пен бір миллион теңге сый берілді

14:55, 22 мамыр 2024 1651

Бар қазақты бауырындай көретін астаналық 7-cынып оқушы бес жасар баланы құтқарып қалды. Бейбіт күннің батыры Ақан Әкімжановты Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек марапаттады. Ақанға планшет пен бір миллион теңге сыйға берілді, деп хабарлайды Alash.KZ ұлттық порталы.

Астанадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде № 31 мектеп-гимназиясы, 7 "д" сынып оқушысы Ақан Әкімжанов қайғылы жағдайдың алдын алып, кішкене жүрегімен үлкен ерлік жасады. Өзінің де елгезек, көпшіл бала екені хабарланды. Оның барлық қазақ баласына бауырмал әрі туғанындай қарайтыны жалпақ жұртты сүйсіндірді. Астана қаласы әкімі жағдайға қатысты пікір білдіріп, Ақанды марапаттағанын хабарлады.

Ақан Әкімжановпен және оның ата-анасымен кездестім. Ақан өзінің жылдамдығымен және батылдығымен ықтимал қайғылы жағдайдың алдын алды. 7-сынып оқушысы 4-қабатта ілініп тұрған кішкентай бүлдіршінді құтқарып қалды.

Ақанның ата-анасына ержүрек ұл өсіріп, лайықты тәрбие бергені үшін алғысымды білдіремін! Ақан сол сияқты оқуда да, спортта да жетістіктерге жетіп жүр! Мұғалімдері мен сыныптастары ол туралы адал дос, саналы және жауапкершілігі мол оқушы деген пікірде!

Ақанға планшет пен бір миллион теңге сыйға берілді. Сондай-ақ болашақта колледжге немесе университетке түсу кезінде де көмек көрсетеміз.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар