Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Билік халықты қымбатшылыққа дайындап жатыр – сарапшы

03:56, 19 желтоқсан 2022 280


Қазақстанда Жаңа жылдан кейін азық-түлік бағасы мен коммуналдық төлемдер қымбаттауы мүмкін, деп хабарлайды Halyq Uni.



Биылғы 11 айда ел экономикасының өсімі 4,6 пайыздан 2,7 пайызға дейін төмендеді.



«Инфляция соңғы 14 жылда болмаған деңгейге жетті. Қазір бұл көрсеткіш – 19,6 пайыз. Мұндай ахуал жұрттың табысына және әл-ауқатына кері әсерін тигізіп отыр», – деді жақында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қ.Тоқаев. 



Сондай-ақ ол негізгі тағам өнімдерінің қымбаттауы инфляцияның өсуіне себеп болып отырғанын атап өтті. Қазіргі күні елдегі азық-түлік инфляциясы 24 пайыздан асты.



Қазақстандықтар табысының жартысына жуығын азық-түлікке жұмсайтыны туралы жиі айтылып жүр. 14 желтоқсанда өткен Үкімет отырысында премьер-министр Әлихан Смайлов 2023 жылы жаңа сын-қатерлер мен тәуекелдер күтіп тұрғанын атап өтті. 



Экономист Расул Рысмамбетовтың пікірінше, үкімет осылайша халықты алдағы қымбатшылыққа дайындап жатыр. 




Бұл вербалды интервенция деп аталады. Яғни үкімет халықты азық-түліктің қымбаттайтынына қазірден дайындап жатыр. Бұл соңғы 15 жыл бойы болып келе жатқан құбылыс. Ауыл шаруашылығы дами қойған жоқ, өзімізде шығарыталын азық-түлік аз. Мұнай болса қажеттің бәрін сатып аламыз деп, алаңсыз жүрдік. Нәтижесінде азық-түліктің көптеген түрін шетелден әкелеміз. Ұлттық банк инфляцияны ұстап тұру үшін базалық мөлшерлемені көтеруге тырысып жатыр. Алайда меніңше бұдан түк шықпайды. Себебі инфляция импорттың салдарынан болып жатыр, – деді ол. 




Жақында Екібастұздағы ЖЭО-да болған апаттан кейін сала мамандары энергия бағасының төмендігін айтып, тарифті көтеру мәселесіне назар аудара бастады. Бұл жақын арада коммуналдық тарифтердің көтерілуіне әкелуі мүмкін бе. Сарапшы осыған қатысты да пікір білдірді. 



«Қазір көптеген адамның табысы кедейлік шегінен төмен түсіп кеткенін көріп отырмыз. Сондықтан коммуналдық тарифтердің күрт өсуі мүмкін емес деп есептеймін. Тарифтен біртіндеп өсуі мүмкін. ЖЭО жүйесін жаңғырту үшін Үкімет жеке меншік иелерін инвестициялауға мәжбүр етуі мүмкін. Немесе  Ұлттық қорға қол салуға тура келеді», – деп қосты спикер. 



Еске сала кетейік, Ұлттық Банктің жаңартылған болжамдарына сәйкес, инфляцияның жеделдеуі 2023 жылғы І тоқсанға дейін жалғасады. Одан кейін инфляциялық процестердің баяулауы күтіледі. Базалық сценарий шеңберінде 2022 жылдың қорытындысы бойынша жылдық инфляция әқ 20-21% шегінде қалыптасады, 2023 жылы 11-13%-ға дейін, 2024 жылы – 7-9%-ға дейін, 2025 жылы – 4-6%-ға дейін баяулайды.



Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар