Ахмет Байтұрсынов қазіргі Қостанай облысындағы Жангелді ауданының Сарытүбек ауылында өмірге келген. Ахмет Торғайдағы 2 сыныптық орыс-қазақ мектебін 1891 жылы бітіріп, Орынбордағы 4 жылдық мектепке оқуға түседі. 1895-1909 жылдары Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездеріндегі орыс-қазақ мектептерінде оқытушы, Қарқаралы қалалық училищесінде меңгеруші қызметін атқарады.
Ұлт ұстазының саяси қызмет жолы 1905 жылы басталады. 1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде жазылып, 14 500 адам қол қойған Қарқаралы петициясы (арыз-тілегі) авторларының бірі де Ахмет болатын.
Қарқаралы петициясында сол кездегі қазақ жұртшылығының мүддесі қамтылған еді. Петициядан кейін жандармдық бақылауға алынған Байтұрсынұлы 1909 жылы 1 шілдеде губернатор Тройницкийдің бұйрығымен тұтқындалып, Семей түрмесіне жабылды.
Ресей ІІМ-нің Ерекше Кеңесі 1910 жылы 19 ақпанда Ахметті қазақ облыстарынан тыс өңірлерге жер аудару жөнінде шешім қабылдады. Осы шешімге сәйкес Ахмет Байтұрсынұлы Орынборға 1910 жылы 9 наурызда келіп, 1917 жылдың соңына дейін сонда тұрды. Байтұрсынұлы өмірінің Орынбор кезеңі оның қоғамдық-саяси қызметінің аса құнарлы шағы болды.
Байтұрсынов — әдебиет тарихының мұрасын, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаған зерттеуші ғалым. Көркемдігі айрықша "Ер Сайын" жыры (1923) мен қазақ тарихының төрт жүз жылын қамтитын "23 жоқтау" жинағын (1926) кітап етіп шығарды. Халық мұрасына үлкен жанашырлықпен қараған Ахмет "әдебиет тіліне негіз етіп ел аузындағы тіл алынбаса, оның адасып кететіндігін" айтты.
Ол осы қалада 1913-1918 жылы өзінің ең жақын, сенімді достары Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлымен бірігіп, сондай-ақ қалың қазақ зиялыларының қолдауына сүйеніп, тұңғыш жалпыұлттық "Қазақ" газетін шығарып тұрды. Газет қазақ халқын өнер, білімді игеруге шақырды. Ахметтің Орынбордағы өмірі мен қызметі Ресей үкіметінің қатаң жандармдық бақылауында еді. Ол "Қазаққа" жабылған негізсіз жала салдарынан абақтыға жабылды.
Алашорда үкіметінің мүшесі болған.
Ұлт ұстазының бүгінгі мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойланып, түйіні өзі туған өлкеде қойылуы керек болған еді. Алайда Қостанай облысындағы өр