Қанат Бозымбаевтың үкімет басшысының орынбасары лауазымына тағайындалуы тасқын судың тасасында қалып қойғандай көрінеді. Негізі Бозымбаевтың қайтадан жауапты қызметке бекітілуі түсінген кісіге үлен шешім, салмақты тағайындау. Неге?
Басынан бастайық.
Бозымбаев ауыр артиллерия саналатын мемлекет қызметкері. Ол көп әкімнің немесе көп министрдің бірі емес. Оның ауыр артиллерия болуының басты себебі – іскерлігі мен мінезінде.
Бозымбаевтың қаңтардан кейінгі жыл жарым уақыт қызметтен босап қалуының өзіндік сыры бар дейді сарапшылар.
Қаңтар оқиғасы кезінде Бозымбаев аузынан жаман «авария» болды. Қаны қызып тұрған мыңдаған адамның алдына шығып, жанды жеріне тиетін сөзбен боқтап көріңізші. Көпшілік әкім екеніңе, шенеунік екеніңе қарамайды, таптап кетеді. Абай ондайды «тобырда ақыл жоқ» деген. Бозымбаев сондай толқып тұрған топтың ортасында қасқайып тұрып, басу айтты, эмоцияға беріліп аузынан ауыр сөз де шықты. Бұл оның мінезі.
Мінез болған дұрыс. Мінезсіз адам ел басқара ма? «Жуас түйе жүндеуге жақсы» деген, аузынан шөп алмайтын талай әкімді халық түтіп жеп қойған. Оның үстіне, Қазақстан сияқты елге, қазақ сияқты топты көргенде қызынып кететін қызуқанды халыққа мінезді әкім керек. Бұны бір деңіз.
Екінші, Бозымбаевты іскер дедік. Оның іскерлігі туралы өзі басқарған облыстарда әртүрлі әңгіме айтылады. Әрине, бәріне сене беруге болмайтын шығар. Дегенмен, Бозымбаев әкім болған Жамбыл мен Павлодар облысының тұрғындары Алдабергенұлының артынан тек қана жағымды әңгіме таратады. Әрине, ел болған соң, қыңыр-қисық сөйлейтіндер де кездеседі. Бірақ жалпы халық Бозымбаевтың жақсы қырларын көбірек еске алады.
Енді Бозымбаевтың қаңтар қырғынынан кейін қызметтен неге шеттеп қалғанына тоқталсақ. Бұл сұраққа да сарапшылар әртүрлі болжам жасайды. Алғашқы пікір Бозымбаевтың «боқтығымен» байланысты айтылады. Бірақ бұл Алдабергенұлын қызметтен шеттетіп тастайтын салмақты себеп емес екені анық.
Онда екінші нұсқаны көрейік.
Қаңтардан кейінгі ауыс-түйістердің тұсында «ескі Қазақстанның» еркесі марқұм Болат Назарбаевтан «Алтын Орда» базарын қайтарып алу үлкен саяси науқан, мылтықсыз майдан болған. «Келісімге Жаңа Қазақстаннан Бозымбаев араласты» деген әңгіме шыққан сол тұста. Ол кезде Алматы облысының бөлінбеген уақыты, Бозымбаев облыстың басшысы-тұғын. Бірақ сол келісім кезінде біреулер Бозымбаевқа ор қазды ма, әлде әдейі арандатты ма – Ақорда Алдабергенұлын қызметтен алды да тастады. Арада ақшаның әңгімесі шыққан, бірақ анық емес...
Ердің жасы елуден енді ғана асқан азамат үшін аттан түсіп қалу оңай болмасы анық. Дегенмен, бірқатар сарапшылар Қанат Бозымбаевты Премьер-Министр болады деген долбар жасап жатты. Смайыловтың орнына отырса, қай жағынан болса да лайықты еді. Бірақ Астана оны елеусіз қалдырды. Уақытша екенін жұрт сезетін. Дегенмен, Президенттің кеңесшісі бола қалатынын ешкім ойлаған жоқ. Уақытша демалыстан кейін былтыр күзде Бозымбаев қызметке қайта келгенде, бұл жолғы тағайындаудың мән-маңызы зор екенін түсінді жұрт.
Смайылов Үкіметі қымбатшылықты жеңе алмады, бәсекеге қабілетті болмады. Үкімет құрамы ауысу керек деп жүргенде, Бозымбаевтың кандидатурасы көбірек айтылған. Бектеновты ешкім ойлаған жоқ. Аяқ астынан топ етіп келді. Ақорданың бұл шешімі жұртты ұйқысынан оятқандай. Сарапшылар «Егер Бозымбаев бірден үкімет басшысы болып кетсе, ондай тағайындау Тоқаев тәжірибесіне сай болмас еді» деп түсіндірді. Яғни Бозымбаевтың Бектеновке орынбасар болуы – Премьер-Министрлікке жасалған бір қадам деген нұсқа көңілге жақын сияқты.
Демек, Қазақстанның келесі Үкімет басшысы Қанат Бозымбаев болуы әбден мүмкін. Оған оның биографиясы да, географиясы да келіп тұр. Үкіметке кім келіп, кім кетпеген? Ең бастысы қымбатшылыққа қарсы тұра алатын, халықты тасқын судан ғана емес, кедейліктен құтқаратын үкімет керек екенін Ақорда түсінуі керек!