Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Еліміздегі су мәселесін шешетін жалғыз жол - осы". "Жаңбыр адам" көпшілікке жанайқайын айтты

10:32, 26 маусым 2024 4058

Ұлттық ақпарат кеңістігінде Арал теңізінің толып жатқаны, бір аптаның көлемінде ғана теңіз бассейніне шамамен 50 млрд шаршы метр су кіргені сүйіншіленді. Халық арасында "жаңбыр адам", "қазақтың Тони Старкі" сынды атаумен танылған Алтай Айнабектің "қолдан жаңбыр жауғызғанына" қалың қазақ қайран қалды. Аралға жан бітіру жолында түрлі бастамалар жасап жатқан команда жұмысы, жоба жайы туралы  климаттық технологиялар маманы, инженер, өнертапқыш Алтай Айнабек баяндады, деп хабарлайды Alash.KZ ұлттық порталы. 

Massaget.kz журналистерінің жазуынша, климаттық технологияны Қазақстанға әкелген Алтай Айнабек жобаны Аралда жүзеге асырмас бұрын Маңғыстау мен Түркістанда сынақтан өткізіп көрген. Алайда, Маңғыстау әкімдігі жобаны жоққа шығарған: 

"Маңғыстау әкімдігі атқарған жұмысымызды "тасаттық" деп атап, рахмет те айтпай шығарып салды. Халықта күмән қалды. Түркістандағы тәжірибеден кейін жұртта аз-маз сенім пайда болған сияқты. Бұл жолы министрлікпен келісіп жұмыс бастадық. Келісімге сәйкес қуаңшылыққа қарамастан жаңбыр жауғыза алсақ, жұмысты жалғастырамыз. Аралға барған бір аптада Орталық Азияның жүздеген мың тұрғынын таңырқатқан нәтиже байқалды. Теңіз акваториясына 50 млрд шаршы метрдей су тартылды, көп бөлігі түсті. Маңғыстаудан Алматыға дейінгі аралықта, Өзбекстан, Қарақалпақстан мен Түркіменстан төңірегінде жауын-шашын тіркелді", - деді Алтай Айнабек.

Автор Аралдың қасіретіне тоқталып, теңізді толтырудың төте жолын ұсынады: 

"Жергілікті халықтың сөзінше, сол уақытта Арал қаласы тұрғындарының 80 пайызы орыстар болған. Бірақ көбі экологиялық катаклизм болатынын біліп, басқа жаққа көшіп кеткен. КСРО ғылым академиясы бұл мәселенің бірден-бір шешімі климаттық технология екенін болжап, бұлт егу, детонация сияқты технологияларды сынап көрген. Бірақ оларда мұхит акваториясынан ылғал тартатын технология болмаған. Сондықтан жауын деңгейін 15 пайыздан артық көтере алмаған, бұл өте аз. Сол үшін бірінші кезекте атмосфераның төменгі қабаттарын иондау әдісіне жүгіндік. Бұл ылғалды тартуға көмектеседі. Нәтижеге көз жеткізгесін 100 шақты дронмен қосымша жасақтаймыз. Қазір 3 министрлік, 2 институттан жұмыс тобы құрылып жатыр. Аралға ылғал тартып, оны конденсаттауға ықпал жасасақ, онда Орталық Азия елдері келешекте су қауіпсіздігіне алаңдамаса болады. Біз жауын шашын деңгейін кемінде 100 пайызға көтеруді жоспарлап отырмыз. Былтыр тамызда Түркістан облысында су деңгейі 650 пайызға көтерілген еді. Соңғы жылдары Аралға тіпті су келіп жатқан жоқ. Біздің есебімізше, бір жылда оған кемі 8-15 шаршы шақырым су құйылуы тиіс. Бұл 4 "Шардара" су қоймасының көлемімен бірдей", - деді кейіпкеріміз.

Кейіпкеріміздің сөзіне сүйенсек, атмосферада бір мезетте 10 трлн тонна су бу түрінде болады. Оның орта есеппен 80 пайызы мұхитқа түседі. Жаһандық жылыну әсерінен болатын дала мен орман өрттерінің, құрғақшылық пен су тапшылығының жалғыз шешімі – жауын суы. Сонымен қатар "Жаңбыр адам" жобаның сан жыл қолдау таппағанын, талай табалдырықты тоздырғанын да айтты. Автор нәтиже болмағаннан кейін аталмыш жобасын халыққа жария етіп жүзеге асыруды ұйғарған:

"Өйткені тиімді жобаларды үкімет үнемі өткізе бермейді. Әзірге сыртқы күштердің қаржылай қолдауынсыз бастап жатырмыз. Облыс әкімдігі тарапынан әзірге мардымды қолдау байқалмай отыр. Одан әрі үкімет, бизнес қолға алады деп ойлаймыз. Өйткені бұл – еліміздің су қауіпсіздігі мәселесін шешетін жалғыз жол", - деді кейіпкеріміз.

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар