Атап өтер жайт, қазіргі уақытта мегаполистің өртке қарсы қауіпсіздігін тек 19 өрт сөндіру бөлімшесі қамтамасыз етеді. Нормаларға сәйкес, бір өрт сөндіру депосына қызмет көрсету радиусы 3 км-ден аспауы тиіс. Ал қазіргі таңда қаланың өсуін, тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымның дамуын, көлік жүктемесін және халық санының ұлғаюын ескере отырып, Алматыда бүгінде 15 өрт сөндіру депосы жетіспейді. Өрт сөндіру бөлімшелерінің тапшылығы құтқарушылардың төтенше жағдай орнына келу уақытына тікелей әсер етеді. Сондықтан алдағы уақытта қала әкімі осы мәселелерді назарға алатынын жеткізді.
Жұмыс сапары барысында қала басшысына Бостандық ауданы Нұр-Алатау шағынауданында салынып жатқан өрт сөндіру депосы таныстырылды. Депо 32 мыңнан астам адам, 94 кәсіпорыны бар бес шағынауданға жауапты. Атап айтқанда «Қазақфильм», «Алатау», «Нұр-Алатау», «Ерменсай», «Көкшоқы» аудандары. Жаңа депо осы шағын аудандардың тұрғындарын өрттен қорғаумен қамтамасыз етеді және өрт орнына келу уақытын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді. Қала басшысы инженерлік желілерді жүргізу мәселелерін жедел шешіп, ағымдағы жылдың желтоқсан айында нысанды пайдалануға беруді тапсырды. Демек алдағы уақытта аталмыш аудандарда өрт қауіпсіздігі біршама сейіледі деп болжауға негіз бар. Сондай-ақ алдағы жылдары Түрксіб, Бостандық, Наурызбай аудандарында тағы үш өрт сөндіру депосын салу жоспарлануда. Бүгінде Алматы өрт сөндірушілерінің қарамағында 183 машина бар, оның ішінде өрт сөндіру автоцистерналары, өрт сөндіру-құтқару автомобильдері, мотоциклдер бар.
Қала басшысы материалдық-техникалық жарақтандыруды жақсарту және құтқарушылардың ұтқырлығын арттыру мақсатында қосымша 10 автокөлік сатып алуға қаражат бөлуді тапсырды. Ерболат Досаев биік ғимараттардың жоғарғы қабаттарында құтқару операцияларын жүргізу үшін телескопиялық көтергіштері бар үш машинаны сатып алу рәсімін жеделдетуді міндеттеді.