Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Жазда баланы қараусыз қалдыруға болмайды

08:26, 28 мамыр 2023 202
Қазір жаз мезгілі. Оқушылар  үш айлық жазғы демалысқа шықты. Ендігі зор міндет ата-анаға жүктелетіні анық.   Статистикалық дерекке сүйенсек,  дүниежүзінде  жыл сайын 20 миллионға дейін адам суицид жасауға оқталады екен. Олардың ішінде  жастар әсіресе  өтпелі кезеңге аяқ басқан жасөспірімдер  жиі кездеседі. 

Қазір оқушылардың жазғы демалыс кезіндегі көңіл-күйіне баса мән беру керек дейді психолог мамандар. Педагог психолог  Ғ.Белгібаеваның айтуынша,  балалардың бойында кездесетін  мінез-құлықтарының ерекшелігіне баса мән беру керек.

«Мәселен баланың үнемі көңіл-күйі жаңбығыңқы болып,  асқа да тәбеті тартпай,  ұйысы қашып, мазасы болмай,  көңілі бірдеңеге алаңдап жүрсе, міндетті түрде ата-анасы баласымен  ештеңе жасырмай сөйлесуі керек. Ойындағысын білуі тиіс.  Қоғамнан, айналасындағы адамдардан оқшауланып,  өзін ешкімге керегі жоқ жандай сезініп, көпшіліктің көзіне түсуден қашып,  шеттеуі  өзіне-өзі қол жұмсауының алғышарты болуы мүмкін. Жеткіншектердің жаны да нәзік келеді, жиі жараланып қалуы, тез сынып кетуі мүмкін.  Депрессиялық көңіл-күйге ұшырауы да көп мәселе туындатып, тығырыққа тірейді.  Сонымен бірге отбасындағы қарым-қатынас, баланың көзінше әкесі мен шешесінің ұрсысуы да себеп болатын факторлар өкінішке қарай  орын алып жатады.  Психологияда  «қиын» жасөспірімдер деп аталатын термин қалыптасқан. Оған көбінесе ата-анасының қарауында болмайтын,  мүгедектікі бар жандар,  психологиялық және физиологиялық дамуында кемдігі барлар,  кішкентайынан зорлыққа  ұшыраған  жеткіншектер осындай қадамға баруға бейім болады. Сонымен қатар  өзіне де, өзгеге де тез ашуланып,  ренжіп қалатын балалар депрессияға жиі   ұшырайды.  Сондықтан да қазір жаз мезгіліне байланысты балалар ата-анасының қасында жиі болады. Сол себепті де  үйде баланың көзінше ұрыс-керіс туындатудың қажеті жоқ, мүлде керек  те емес. Қазақ мұндайда «бір күн ұрыс болған үйде қырық күн береке орнамайды» дейді.  Әркім баласының өмірге деген талпынысын, құлшынысын қолдап қуаттауы керек.  Бала өмірде арқа сүйейтін тірегі  ата-анасы екенін сезініп өсуі тиіс» дейді психолог Ғ.Белгібаева.

Расымен де жаз айында балалардың қауіпсіздігі, өз өмірлеріне қатер төнбеуін қадағалауда ата-аналарға жауапкершілік жүгі еселеп артады. Әркім соны сезініп,  бейқам болмағанда ғана қоғамда суицидтік көңіл-күйді азайтуға болады.

Есім Көшімбай

 

 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?