Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Ермек Тұрсынов: Біз қалай адастық? Назарбаевты ақтап отырған жоқпын

09:57, 27 ақпан 2022 254
Мен соңғы жиырма жылдан бері «біз адастық, теріс жолға түсіп кеттік, артынан еруге болмайтындардың жетегінде кеттік», деген жанайқайымды жеткізе алмай келемін. «Шал» фильмін де түсірдім, метафора түрінде. Өзінің туып-өскен жерін бес саусағындай білетін ақсақалдың туған даласында адасуы мүмкін емес. Әне, абыз ақсақалдарымыз адасса, бізден не сұрайсыз? 



Біз – жететін жерімізге жеттік!

Сонымен, біздің адаса-адаса жеткен жеріміз сол, тарихымыздағы қаралы желтоқсанға қаралы қаңтар келіп қосылды. Енді, әзірге, бетіне дақ түспеген 10 айымыз қалды. Спецназда бір қанатты сөз бар, «егер сарбазды іріктеуде қателік жасалса, ол сарбазды үйретудің мәні жоқ», деген. Бізде сол бір іріктеу кезінде, осыдан отыз жыл бұрын кімге сенім артамыз дегенде, шатасып қалыппыз. Ол кезде бізден ешкім ақыл сұрамаса да, біз сол сайлауда болдық қой? Соның ақыры, халықтың көтерілуі мен Алматыдағы қанды оқиғаға әкелді. Алматыда мемлекеттің басты символдары — әкімдік ғимараты мен президент резиденциясы отқа оранды. Қазір соған кінәлілерді іздеп, қалай да кек қайтаруға кірістік.

Бәріне бір басшы ғана кінәлі бола алмайды, біз де кінәліміз. Біздің кінәміз неде? Біз осы кезге дейін себеппен емес, тек салдармен күрестік. Бұл жердегі себеп дегенім – басшы болуға мүлдем лайық емес адамдар. Білгенін істейтін жергілікті бастықтар, әке-көкелер. Солардың саяси технологтары ана көшенің атауын өзгертейік, мынаны былай атайық, латынға көшумен айналысайық деп, бізді алдарқатып, басымызды қатырып келді, қысқасы. Ал қазақтың басында одан әлдеқайда маңызды, өміріне тікелей қатысты күрделі мәселелер бар еді. Мен Назарбаевты ақтап, қорғап отырған жоқпын, бірақ объективті қарағанда, бәріне бір адам ғана кінәлі бола алмайды. Оған жол беріп қойған, одан Құдай жасаған біз бәріміз кінәлі едік. Ол болса, өз маңайына менталитеті өзіне сәйкес, дүниетанымы мен болмысы өзіне ыңғайлы келетін адамдарды жинай бастады. Өзі Құдай, оның айналасына жиналғандар өздерін жартықұдай сезініп, қазіргі кадр тапшылығы содан туындап отыр. Адамды қызметке аларда кәсіби жарамдылығына емес, бір кісіге құлай берілгеніне қарап, теріс селекция жүргізілді. Сол теріс жолмен жүре келе, жетуіміз тиіс нәтижемізге жеттік.

Біз оңбай ұтылдық

Мына бүгінгі әлеуметтік желі, интернет деген не? Ол – бір мезетте бірнеше жерде болуға, мол ақпарат алуға жол ашатын зор игілік. Диджитализация, цифровизация деген қаншалықты прогресс болса да, ол сонымен бірге, біздің басымызға регресс болып тиді. Қазіргі блогерлердің көпшілігі жастарға қайтсең де баюың керек, шалқып өмір сүргенге не жетсін, деген жалғыз ойды ғана жеткізуде. Менің заманымда жастарға Әлия мен Мәншүк, Бауыржан Момышұлы мен Талғат Бигелдинов үлгі болса, қазіргі жастар Қонаевты танымайды. Дүниетанымы бүлінген, бағыт-бағдары бұзылған, миллиондаған жас буын бұлар. Бүтін бір буыннан осылай айырылып отырмыз. Солармен бірге, Жаңа Қазақстан құрмақпыз ба? Олар еңбекке жоқ. «Жұмысты «лохтар» ғана істейді», деген түсінік санасына мықтап қадалған. Жастарымыздың көпшілігі сауатсыз, SMS-тің өзін қате жазады. Қайрат Нұртас пен Төрәлінің парақшасын миллиондаған жастар көреді, 97 жыл өмір сүрген Әбдіжәміл Нүрпейісовте, Герольд Бельгерде бірде-бір жазылушы болмады.

Шындығын айтайық, біз ақпараттық қоқысқа көміліп қалдық. Адамның басы да қоқысқа толады екен. Сапасыз музыка да, мәнсіз кино да, нашар кітап та қоқыс. Қазіргі жастар жасына жетпей, боқтап сөйлеуге құмар. Ондай жаста біз де боқтадық, бірақ біз ұялушы едік. Қазіргі кино мен ырду-дырду бағдарламаларда ашықтан-ашық боқтай беретін болды. Цензура енгізбесек, болмайды, елде ешқандай идеология қалмады.

Ұзақ отырсаң, дәретхананың сасық иісіне үйреніп кетесің. Біз бір қалпымызда отыз жыл отырдық. Мүңкіген иісті сезуден қалдық. Менде енді аса бір үміт те қалмады. Мен қатарлы, менен сәл үлкендермен сәл жастау буын өз мүмкіндігін жоғалтып алды, қолымызда болған мүмкіндігімізден айырылып қалдық. Біз оңбай ұтылдық.  Бізге енді балаларымыз, немерелеріміздің жайын ойлау керек, өйткені оларға енді шын обал болды. Олар да біздер сияқты бақытсыз дәуірге тап келмесе екен дейміз. Олардың ертең жолы болсын десек, қазір оларға дұрыс кітап, дұрыс кино мен дұрыс музыка тықпалауымыз керек. Әйтпесе, ертең олар да қоқысқа көміліп қалады. Қолдарындағы телефондарына шұқшия бермей, білімге ұмтылуға, өзін-өзі жетілдіруге талпынатындай, баулауымыз қажет. Біз армандаған мемлекетті құратын солар. Оқыған бала есейгенде, ойлайтын адам болады. Біз өз кезімізде ойланбадық.
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар