Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Иманғали Тасмағамбетов ҰҚШҰ бас хатшысы болып тағайындалды

04:12, 24 қараша 2022 322
Қазақстанның Ресейдегі бұрынғы елшісі Иманғали Тасмағамбетов Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының бас хатшысы болып тағайындалды.

Бұрын бұл қызметті Станислав Зась атқарған.

«Станислав Зась ҰҚШҰ бас хатшысы қызметін тәмамдайды. 3 жыл жұмыс істеді. Атқарған қызметі үшін оған алғыс айтқым келеді. 2023 жылдан бастап алдағы 3 жылда ҰҚШҰ бас хатшысы қызметін Қазақстан өкілі Иманғали Тасмағамбетов атқаратын болады», – деді Армения премьер-министрі Никол Пашинян Ереванда ҰҚШҰ сессиясының ашылуында.

Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі ҰҚШҰ-ның жоғары органы саналады.

Оның құрамына мүше мемлекеттердің басшылары, атап айтқанда Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Ресей Президенттері кіреді. Дәл осы кеңестің келісімімен ҰҚШҰ бас хатшысы тағайындалады.

ҰҚШҰ бас хатшысы ұйымның жоғары әкімшілік лауазымды тұлғасы болып саналады және ұйым хатшылығына басшылық жасайды.

2020 жылдың 1 қаңтарынан бұл қызметті Беларусь елінің өкілі генерал-лейтенант Станислав Васильевич Зась атқарып келген болатын.

Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов 1956 жылы 9 желтоқсанда Гурьев (қазіргі Атырау) облысында дүниеге келген.

1991 жылдан - ҚР Жастар ісі жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы. 1993 жылдан - ҚР Президентінің көмекшісі. 1995 жылдан - ҚР Премьер-министрінің орынбасары.

1997 жылдан - ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Білім және мәдениет министрі.

1997 жылдан - ҚР Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары, ұйымдастыру-бақылау бөлімінің меңгерушісі.

1998 жылдан - ҚР Президентінің бірінші көмекшісі. 1999 жылдан - Атырау облысының әкімі. 2000 жылдан - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары.

2002 жылдан - ҚР Премьер-Министрі. 2003 жылы - ҚР Мемлекеттік хатшысы.

2004 жылы ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды. 2004 жылдың желтоқсан айынан 2008 жылдың сәуіріне дейін - Алматы қаласының әкімі.

2008 жылғы сәуір айынан бастап Астана қаласының әкімі. 2014 жылдың қазанынан ҚР Қорғаныс министрі болды.

2016-2017 жылдары - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары.

2017 жылы Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды.

Ал 2019 жылы 18 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Иманғали Нұрғалиұлы зейнет жасына толуына байланысты Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметінен босатылған еді.
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар