Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Жалаңаш шешіндіріп, еріксіз отырғызған: Оппозиционер түрмеде қорлық көріп жүргенін айтты

17:51, 29 тамыз 2024 727

"Алға, Қазақстан!" оппозициялық партиясын құру жөніндегі бастамашыл топтың жетекшісі Марат Жыланбаев түрмеде азап көрген, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы Азаттық радиосы басылымына сілтеме жасап.

Жыланбаевтың адвокаты қорғауындағы азаматпен екі айға қамалған тәртіптік ұстау изоляторынан босатылғаннан кейін кездескен. 

Түрме басшылығы тұтқындарды айдап салып, арандатушылық туғызып отыр

Әлемге әйгілі марафоншы Марат Жыланбаев 61 жасын Степногорск түрмесінің тәртіптік изоляторында атап өтті. Құқық қорғау ұйымдары саяси тұтқын деп таныған белсенді шағын, салқын камерада тура екі ай отырды. Ол тәртіптік ұстау изоляторынан 20 тамызда, яғни туған күнінен бір күн өткен соң шықты.

Ол уақытша ұстау изоляторына орналастырылған соң аштық жариялады. Жыланбаев адвокатына басқа тұтқындар қорқытып, түрме қызметкерлері қысым көрсетіп жатқанын айтты. Белсенді бір ай бойы тамақтан бас тартып, тек су ішкен. Қазір оның денсаулығы нашарлап кеткен. 

“21 шілдеде ол аштық акциясын тоқтатты. Бірақ оның өміріне қауіп төніп тұр. Түрме басшылығы басқа тұтқындарды айдап салып, арандатушылық туғызып жатыр. Бұл туралы Мараттың өзі бір барғанымда айтып, көпшіліктің талқылауына шығаруымды өтінді”, – дейді адвокат Мейіржан Досқараев. 

Адвокаттың айтуынша, азаматтық белсендіге психологиялық және моральдық қысым әлі де жалғасып жатыр. Ол түрмеде өзіне әкелінген жеке заттарына қол жеткізе алмай отыр

"Ол құқық қорғаушылар жіберген газеттерді уақытында ала алмайды. Мысалы, қаңтар мен ақпанда келген газеттер маусым айында берілді. Алайда беттері түгел емес", – дейді Досқараев.

Адвокаттың айтуынша, Марат Жыланбаев тергеу изоляторына қамалмас бұрын шеру өтетін жерге плакатпен шығып: "Менің құқығымды бұзба! Ластаев келсін! (Артур Ластаев – Адам құқықтары жөніндегі уәкіл). Прокурор келсін! Тұтқындарға жағдай жасасын!" деп ұрандаған. 

"Марат осы талаптардан кейін оны жалаңаш шешіндіріп, изоляторға еріксіз отырғызғанын айтты. "Мен бастық орынбасарының радиодан "Оған тағы бірнеше жаттығу жасат" деген бұйрығын естідім", – деді Марат. Сондай-ақ ол ешқандай себеп болмаса да, тінтулер жиі жүргізілетінін айтты”, – деді адвокат.

Тексеру кезінде түрме қызметкерлері пияз, сарымсақ сияқты тағамдарды пышақпен әдейі кесіп тастайды екен. Себебі көкөністер осылайша тез бұзылып, пайдалануға жарамсыз болып қалады. 

Омбудсмен Артур Ластаев Степногорск түрмесіне бармаған. 19 маусымда №4 мекемеге Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Ақмола облысы бойынша өкілі Абылай Мұханжаров барып, Жыланбаевпен кездесіпті.

Ол Жыланбаевқа түрме басшылығы тарапынан қысым көрсетілді дегенді жоққа шығарды. Мұханжаров Жыланбаевқа микротолқынды пеш пен кір жуғыш машина жеткізілгенін хабарлады.

"Мен Жыланбаевтың кір жуғыш машина мен микротолқынды пешті пайдаланатынына көз жеткіздім. Ол ешқандай тұтқынның атын атамады және олардың қысымына шағымданбады. Оның азық-түлік, тазалық заттары және жаттығу мүмкіндігіне қатысты талаптары орындалды. "Мен бұған ерекше назар аудардым", – деді Абылай Мұханжаров.

Досқараев омбудсмен кеткеннен кейін барлығы қалыпқа келгенін айтады. Адвокаттың сөзінше, түрмедегі тамақ та аздап жақсарыпты.

“150 тұтқынның алдында Марат тамақ нормаларының сақталуын ашық талап етті. Бұрынғы ресторатор және спортшы ретінде ол адамның күнделікті қажетін өте жақсы біледі. Рациондағы ет, жарма, макарон және басқа да өнімдердің, көкөністер мен жемістердің күнделікті нормаларын сақтауды, майдың мөлшерін көбейтуді талап етті. Кір жуғыш ұнтақ еруді сұрады. Ол: "Тек сабынмен жуамыз, кір жуатын ұнтақ мүлде жоқ" дейтін. "Ол маған айқасуды тоқтатпайтынын, жекпе-жегі жалғасатынын айтуымды өтінді", – дейді адвокат Досқараев.

Мемлекеттің бергенін жеп, бергенін киеді

Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің №4 мекемесі басшысының міндетін атқарушы Қанат Тулақов адвокаттың сөзін жоққа шығарып отыр.

“Мен оның айтқанымен келіспеймін. Жыланбаевтың жағдайы жақсы. Өз қатарына қосылды. Оған бояу және қарындаштар жеткіздік. Ол газеттерін де уақытылы алады", – деді Тулақов.

Қанат Тулақов тексерулерді заңды деп санайды. Ол ішкі тәртіп ережелеріне сәйкес тексеру барлығына бірдей жүргізілетінін атап өтті. Ал колонияға кір жуғыш машина әкелуге рұқсат жоқ екенін баса айтты. 

“400 тұтқынның барлығы кір жуғыш машина әкелсе не болады? Мен Жыланбаевқа кір машинасын әкелуге жол бермейтінімді айттым", — дейді Тулақов.

Сондай-ақ Тулақов Жыланбаевқа қоқан-лоқы жасалса, оның алдын алатынын айтты.

“Бұл сұраққа қалай жауап беруім керек? Түрмеде Қылмыстық кодекстің түрлі баптары бойынша сотталғандар бар. Тұтқындар арасында келіспеушіліктер туындауы мүмкін. Әрине бұл өте қауіпті. Мәселен, басқа тұтқындар Жыланбаевқа кез келген кезде жолап, қоқан-лоқы көрсетуі мүмкін. Алдын ала білсек, әрекет етеміз", – дейді Тулақов.

Тулақовтың пайымдауынша, тұтқын уақытша ұстау изоляторында болғаннан кейін камерасына қайта оралады. Сосын журналистерге емес, мекеме қызметкерлеріне шағымдануы керек. 

“Жыланбаевтың бұрынғы шағымдарын менің басшыларым қарады. Бұрынғы шағымдар туралы ештеңе айта алмаймын. Ережелер барлығына бірдей. Мысалы, таңертең ауруханада болса да: "Тұр, төсек жина, дәрігер келеді" деп тыныштық бермейді. Барлығы заң мен тәртіпке бағынады. Жыланбаевты жеке жетістіктеріне қарай бөле жармаймын. Мемлекет бергенін жейді, бергенін киеді”, – деді Тулақов. 

Марат Жыланбаевтың ісі бойынша материалдар Біріккен Ұлттар Ұйымына тапсырылды

19 маусымда Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Ақмола облысы бойынша өкілі Абылай Мұханжаров Степногорск қаласындағы №4 мекемеге жоспарлы барған кезде анықталған заң бұзушылықтар туралы есебін сайтта жариялайтынын хабарлады.

Бірақ оның түрмеге барғаны туралы есеп, ресми сайттан табылмады. Абылай Мұханжаровтың өзі еңбек демалысына кетіпті. 

22 тамызда Адам құқықтарын қорғау қоры (HRF) халықаралық құқық қорғау ұйымы Марат Жыланбаевтың ісі бойынша материалдардың Біріккен Ұлттар Ұйымына тапсырылғанын хабарлады.

Тіркелмеген "Алға, Қазақстан!" оппозициялық партиясының жетекшісін қудалау туралы құжаттар Біріккен Ұлттар Ұйымының сөз бостандығы, бейбіт жиналыстар мен бірлестіктер бостандығы, судьялар мен адвокаттардың тәуелсіздігі жөніндегі арнайы баяндамашыларына, сондай-ақ заңсыз қамау жөніндегі жұмыс тобына жіберілді. Ұйым Жыланбаевтың негізгі құқықтарының бұзылғанын атап өтіп, Қазақстан билігін оны босатуға шақырды.

Халықаралық Human Rights Watch ұйымы 27 тамызда жарияланған баяндамасында, Қазақстан билігінің экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы” теріс пайдаланып, оны үкіметті сынаушыларды қудалау үшін қолданып жатқанын айтты.

Құқық қорғаушылар Астананы сөз, пікір білдіру және бірлестіктер бостандығын заңды жүзеге асыруды қылмыстық жауапкершілікке тартпауға және басқа да құқықтарды бұзбауға шақырды. Жыланбаев түрмеге отырғанға дейін бейбіт шерулерге қатысқанын және басқа белсенділермен бірге оппозициялық партияны тіркеуге тырысқанын айтты.

"Қазақстан экстремизм мен терроризм туралы заңдарды бейбіт сынаушыларға және басқаларға қарсы қолдануды дереу тоқтатуға тиіс. Сондай-ақ зорлық-зомбылықсыз қылмыс жасағаны үшін сотталғандарды терроризмді қаржыландырушылар тізімінен шығаруы керек", – дейді Орталық Азия бойынша Human Rights Watch ұйымының аға ғылыми қызметкері Мира Ритман. 

Қазақстан билігі елде саяси қуғын-сүргін барын жоққа шығарады.

Жыланбаевтың темір тордың ар жағында отырғанына бір жылдан асты. 2023 жылдың мамырында ол билікпен келісілмеген бейбіт наразылық акциясына қатысқаны үшін 20 тәулікке әкімшілік қамауға алу мерзімін өтеген соң бірден астаналық арнайы тергеу изоляторынан уақытша тергеу изоляторына ауыстырылды. Наразылық акциясында ол қаңтар оқиғасын ашық тексеруді талап етті.

Марафоншыға "тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысты" және "экстремистік ұйымды қаржыландырды" деген айыптар тағылды.

Әңгіме қуғындағы оппозиционер Мұхтар Әбілязовтың "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы туралы. Елорда соты 2018 жылы тіркелмеген қозғалысты "экстремистік ұйым" деп таныды. Сот үкімі ресми түрде жарияланған жоқ. Еуропарламенттің қарарларында "Қазақстанның демократиялық таңдауы" бейбіт оппозиция ретінде жіктеледі.

2023 жылы Астанада жабық сот отырысында Жыланбаев 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол темір тордың ар жағында құқығының бұзылғаны үшін және сот үкіміне қарсы бірнеше рет аштық жариялаған.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар