Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Жамбыл облысының экономикалық әлеуеті

19:23, 01 сәуір 2024 378

Қазақстан Республикасы Президентінің жыл сайынғы ел халқына Жолдаулары қоғамға елеулі әсер ететін мемлекеттік деңгейдегі маңызды оқиға болып табылады. Бұл үндеулер мемлекет басшысы ел дамуының өзекті мәселелерін айқындап, оларды шешудің нақты жолдары мен шараларын ұсынып, қоғамның болашақ дамуының стратегиялық бағдарлары мен бағыттарын белгілейтін арнайы құжатқа айналады.

Елбасының жолдаулары алдыңғы жолдауларда айтылған міндеттер мен мақсаттардың заңды жалғасы іспетті. Мемлекет басшысы басталған реформалар жалғасын тауып, тереңдей түсетін үдерістің басы ғана екенін атап көрсетеді. Ел мен әлем алдында тұрған сын-қатерлерге қарамастан, қоғамды демократияландыру бағытында саяси реформалардың жалғасатыны қуантады.

Мұндай жолдаулар қоғамдық пікірді қалыптастыруда, халықты ұлттық мәселелерді шешуге жұмылдыруда және мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Олар азаматтардың билікке сенімін нығайтуға, билік пен қоғам арасында сындарлы диалог орнатуға ықпал етеді.

2023 жылдың 1 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жолдаған жолдауында  жаңа экономикалық үлгіге өту, халықтың тұрмыс сапасын арттыру, өнеркәсіптік негіздерді қалыптастыру, туристік әлеуетті арттыру, отандық өнім әлеуетін арттыру, қорғаныс-өнеркәсіп кешені, заманауи технология трансфеттері, агроөнеркәсіпті дамыту, елді газбен қамту мәселесі, соның ішінде тауарлы газдың ресурстық базасын кеңейту, сонымен қатар жасыл экономиканы дамыту мәселелері толық қамтылды. Аталған мәселелер мен алға қойылған жоспарлар бойынша да қазір Жамбыл облысы жұмыстануда. Яғни жолдауда көрсетілген міндеттер мен жоспарлар алдағы үш жылға жоспарланған. Аталған мәселелерді тиімді шешу мақсатында өңір басшылығы бүгінде тиімді стратегияларды жүзеге асыруды бастап кетті. Биылғы жылдың 22 қаңтарында Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевпен кездесті. Өңір басшысы президенттің қабылдауында 2023 жыл бойынша әлеуметтік-экономикалық даму жоспары мен бір жыл ішіндегі атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді.  Облыс әкімі Қарашөкеевтің мемлекет басшысына берген есебі бойынша, 2023 жылы 17,3 пайызға негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі артқан, бұл өңірде 517,2 миллиард теңгені құрайды. Сонымен қатар, көлік тасымалы саласы – 5,2 пайызды, құрылыс саласы 18,7 пайызға артқан. Әрі былтыр 2023 жылы Жамбыл облысында 13 жаңа өндіріс орындары өз жұмысын бастаған. Бұл облыста 75 миллиард теңгені қамтиды. Өндіріс орындары тікелей өңірдің экономикасының дамуына әсер етеді. Бұл қалай жүзеге асады?

Жұмыс орындарын құру: Өндірістік орындарын дамыту жаңа жұмыс орындарының ашылуына және халықтың табысының артуына әкеледі. Бұл әсіресе жұмыссыздық деңгейі жоғары және табысы төмен өңірлер үшін маңызды. Сонымен қатар, өндірістік орындарын кеңейту ішкі және шетелден инвестиция тартады. Инвесторлар өндірісті дамытуға мүдделі, себебі экономикалық өсуге ықпал ететін әлеуетті пайда.

Өндіріс пен экспорт көлемін ұлғайту, өндіріс орындарын ашу, тауарлар мен қызметтерді өндіруді арттырады, бұл өз кезегінде экспортты арттыруға көмектеседі. Бұл экономикалық өсуді ынталандырып, елдің төлем балансын жақсарта алады. Заманауи техника мен технологияға инвестициялар өндіріс тиімділігін арттыруға, шығындарды азайтуға және өнім сапасын жақсартуға көмектеседі. Бұл еңбек өнімділігін арттыруға және тұтастай алғанда экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді. Өнеркәсіптік сектордың дамуы экономиканың секторының тірегі болып табылады, ол қосымша құн құруда, инфрақұрылымды дамытуда және экономиканың басқа салаларын шикізатпен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Осылайша, өндірістік қуаттарды дамыту тұрақты өсуге, жұмыс орындарын құруға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал ететін экономикаға жан-жақты және көп қырлы үлес қосады.

Осы аталған маңызды қадамдарды ескеріп, өңір басшысы Ербол Қарашөкеев 2024 жылы жалпы құны 180 миллиард теңгеден асатын 28 жобаны іске асыруды жоспарға алып отыр. Ал, жалпы инвестиция бойынша жобалардың пулына 2,3 триллион теңгені қамтитын 69 жоба енген. Аталған жобалар арқылы өңірдің экономикасымен қатар Жамбыл облысында тұратын 5,5 мың адамды жұмыспен қамти аламыз.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Жамбыл облысы әкімі Қарашөкеевтің кездесуінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы жөнінде де айтылды. Бағдарламаның аясында биыл 2024 жылы су үнемдеу және балық шаруашылығын дамыту бойынша жобаларға қосымша мемлекеттен қаражат бөлінбек.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы Мемлекет басшысының қолдауымен 2019 жылы Жамбыл облысында пилоттық режимде іске қосылған. Бұл жоба өңірде өзінің экономикалық және әлеуметтік тиімділігін көрсетті. Бұл жоба басталғалы 24 ауылдың 4 мыңға жуық тұрғынына жеке кәсіп ашуға мүмкіндік берілген. Бұл сәтті тәжірибе қазір бүкіл елге таралуда. Жоба аясында тұрғындар жеке кәсіпкер ретінде тіркеледі, бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізеді. Бұл ауыл тұрғындарының орташа табысын 44 мыңнан 135 мың теңгеге дейін арттырады.

 

Жоба жүзеге асырылып жатқан елді мекендердегі әлеуметтік мәселелерді кешенді шешуге де өз үлесін қосуда. Әкімнің айтуынша, аталған ауылдық округтердің инфрақұрылымында жалпы сомасы 9,5 млрд теңгені құрайтын 183 жоба жүзеге асырылуда. 2025 жылға арналған жоспарда жобаға қатысушы елді мекендердің әлеуметтік тауарлармен және қызметтермен қамтамасыз етілу деңгейін 92,2 пайызға жеткізу көзделген. 2019-2022 жылдар аралығында «Ауыл жинақтары» пилоттық жобасына енгізілген 24 ауылдық округтің 58 ауылында 34,2 млрд теңгеге 240 жоба жүзеге асырылған.

Облыс әкімі берген ақпаратқа сәйкес, өткен жылы жалпы сыйымдылығы 2030 орындық 7 мектеп пайдалануға берілген. Ағымдағы жылы жалпы сыйымдылығы 13380 орындық 29 білім беру мекемесінің құрылысы жоспарланған. Оның ішінде 12 мектеп «Жайлы Көл» ұлттық жобасы аясында салынады.

Сондай-ақ, 19 денсаулық сақтау нысаны, оның ішінде Тараз қаласында облыстық онкологиялық диспансер және Шу ауданында балаларды оңалту орталығы ашылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының әкіміне өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жалғастырып, тұрғындардың кіріс деңгейін арттыруға бағытталған бірқатар міндеттер қойды. Сонымен қатар, Жамбыл облысының экономикалық әлеуетіне, атап айтқанда макроэкономикалық көрсеткіштеріне оң баға берді.

 

 

 

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар