Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Жазушы Қанат Тілеухан “ренжіткен” қоғамдық бірлестік ұйымы ресми түсініктеме берді

18:46, 22 қазан 2024 510

«Жетісу облысының жастар ұйымы» қоғамдық бірлестігі TEDx форматында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы болашақ» тақырыбында ұйымдастырған кездесуге қатысты болған келеңсіз жағдайға ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.

Белгілі болғандай, TEDx форматындағы іс-шараны Жетісу облысының жастар ұйымы ұйымдастырған. Жастар ұйымы мен Жетісу облысының қоғамдық даму басқармасы 2024 жылғы 29 мамырда қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пен парасаттылықты нығайтуға бағытталған жобаны ұйымдастыру бойынша көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасқан.

«Техникалық ерекшелікке сәйкес, біз жыл соңына дейін кемінде 21 іс-шара өткізуді және ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Ал 17 қазан күні басқармамен (қоғамдық даму – ред.) TEDx форматындағы іс-шара мен оның бағдарламасы келісілді. Шараға спикер ретінде Қанат Тілеухан шақырылған. Алайда алдын ала келіссөз барысында біз спикерге іс-шара «Сыбайлас жемқорлықсыз болашақ» тақырыбында өтетінін хабарлаған жоқпыз және ол кісімен бұл тақырыпты келіскен жоқпыз», - деп түсіндірді қоғамдық бірлестік.

21 қазан, яғни іс-шара өтетін күні жастар ұйымы шараға келетін көрермендер санын толық қамтамасыз ете алмаған. Олардың есебінше кемінде 100 адам қатысуы керек болатын. Алайда кездесуге ешкім келмеген, спикер де күте-күте шаршап кетіп қалған. Өтпей қалған іс-шараның шығындарын қоғамдық бірлестік өз мойнына алған.

Дегенмен облыстық жастар ұйымы бұл кездесуді тағы да өткізуді жоспарлап отыр.

«Бұл іс-шара есепке алынбайды және қайта өтеді», - деп мәлімдеді олар.

Ал Қанат Тілеуханның шотына аударған 50 мың теңге жазушының жол шығындары үшін берілген еді, деп ақталды қоғамдық бірлестік.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?