Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Жемқорлықпен шындап күресетін ел ғана экологиялық проблемасын шешуді дұрыс жолға қоя алады». Шындықты ту еткен эколог Гөзел Құлжабаевамен сыр-сұхбат

09:36, 25 қазан 2024 576

Құрметті оқырмандар, біз климаттың өзгеруі тақырыбына және оның Қазақстанға қалай әсер ететініне арналған материалдарды жариялауды бастаймыз. Материалдарда эколог мамандармен, ҚазҰУ зертханаларынан (ҚазҰУ аналитикалық химия және қоршаған орта зертханасы, электрохимиялық өндіріс технологиясы зертханасы, мұнай-химия зертханасы, химия-медициналық зертхана, жұқа Органикалық синтез зертханасы, Сhemical Coatings Innovations ғылыми-өндірістік орталығы) ғалымдармен сұхбат ұсынылады. 

Бүгін біз Alash.kz ұлттық порталы атынан Қазақстандағы экологиялық проблемалардың даму динамикасын зерттеу, табиғат-ананың тауқыметін бұқаралық ақпарат құралдарында көтеру мақсатында "Гүлстан" республикалық ғылыми-танымдық, көпшілік журналының бас редакторы, "Өсімдіктер әлемі" оқу-әдістемелік кешенінің авторы Гөзел Құлжабаевамен сұхбаттастық. 

– Еліміздегі экологиялық проблемалардың пайда болуының негізгі факторлары қандай? 

 – Елдің табиғатына орасан зор нұқсан келтіріп жатқан негізгі фактор  – өзіміз. Ең әуелі, біздің санамыздың ластанғанынан бастар едім. Яғни, бодандық мәселесі, құлдық сана. Дәл осы санамызға түскен дерттен құтылмасақ,  қазіргі атқарып жатқан барлық іс-шараларымыз, тырманып жатқан әрекеттеріміз бекершілік. Тәуелсіз ел болғалы біршама жыл болды, бірақ бодандықтың шылбырынан шыға алмай жатырмыз. Мұның бәрі Қазақстан халқының ұлттық санасына ғана емес, экологиясына да көлеңке түсіреді.  Сонымен қатар, елдегі жемқорлық та экологиялық проблемалардың оңтайлы шешілуіне жол ашпай, мүмкіндік бермей отыр. Өйткені, киелі табиғатымызды аялауға, қолдау мен демеуге құрылған қаншама жобалардың қаржысы талан-таражыға түсіп жатқан жағдайлар аз емес. Жемқорлықтың өзі тамырланып алған ең күрделі мәселенің бірі. Биліктен бөлінген қаражат діттеген жеріне толық жетпейді. Ал мен білетін үшінші фактор – білім. Балаларға бала-бақшадан бастап, кейінгі мектеп кезеңдерінде табиғат-анаға, жер-анаға деген қамқорлықты үйретпейді. Тіпті, біздің балаларымызға қарапайым гүлдерге су құю, жайқалған жасыл желекті баспау деген сияқты табиғи экологиялық білім мен көгалдандыруға деген құштарлық жетіспейді. Бірақ, бастапқы бодандықтан құтылмасақ алған бар біліміміздің жүзеге асуы екіталай. 

 –  Қазақстан климатындағы Тәуелсіздікке дейінгі және Тәуелсіздік алғаннан кейінгі пайда болған экологиялық проблемаларын жіктеп берсеңіз?

 – Еліміз заманында Ресейге бодан болды. Экологиялық хал-ахуалымыз да тікелей Ресейге бағынышты болып, соның ықпалында, шұлғауында жүрді. Тәуелсіздік алғанға дейін пайда болған негізгі экопроблемалардың бірі – Семей полигоны. Әлі күнге дейін ядролық жарылыстың зардабынан кемтар балалар дүниеге келіп жатыр. Мұндай ашықтан-ашық бомбалауды тұтас қазақ халқына, еліміздің шығыс өңіріне жасалған қастандық деп айтуға болады. Орыстың озбыр саясаты Абай, Шәкәрімдер туған киелі топырақты бүлдірді, қазақ интелигенциясының дамыған ортасының тұнығын лайламақ болды.  Мұның бәрі қасақана, жауыздықпен жасалды. Ал екінші мәселе – Байқоңырдың салынуы. Шынтуайтында, Байқоңыр біздің ешқандай да мақтанышымыз емес. Керісінше, халықтың сорына айналды. Одан ғарышқа ұшқан зымырандар ауа қабатын тесіп, климатымызға улы уран газын таратып, көк аспанымыздың кеңістігін піспектеп, парша-паршасын шығарып жатыр. Бұл мәселе жайында ойланып, мемлекеттік деңгейде қаракет көрсетуіміз керек.  

Үшінші мәселе – Арал жағдайы. Мені Арал теңізінің тағдыры қатты ойландырады. Қазіргі күні Аралдан «айырылып қалдық» десек те болады, өйткені оны қайтадан орнына келтіру мүмкін емес. Аралды толтырамыз деп жаңбыр жауғызып жатқан азаматтың ұмтылысы, талпынысы да бекер. Тек қана, мүмкіндігінше теңіз жағалауы мен Тұран ойпатының кеудесіне сексеуіл ағашын егіп, жасыл-желекті көктетіп, табиғи жолмен көгалдандыруға болады. Ал, негізі, Аралдың тартылуына Өзбекстан, Түркіменстан және Қазақстанның Сырдария, Әмудария өзендерінің бойындағы шаруалардың жаппай мақта өсіруі себеп болды. Агроөндірісті жоспарсыз, жүйесіз дамытамыз деген желеумен Аралдың тамырына балта шаптық. Сол мақтадан түскен пайда, адамдардың еңбегі Аралды толтыра алмайды, одан зардап шеккен адамдардың денсаулығын емдей алмайды... 

Төртінші мәселе – пайдалы қазбалар. Кезінде «Қазақстан жерінде Менделеев кестесіндегі бар элементтердің барлығы дерлік кездеседі», –  деген пікірді алға тартып,  қазба байлықтарымызға қол сала бастады. Пайдалы қазбаныны жіліктеу, оны қазу деген – адам денесін кесіп, жарақаттағаннан да әрмен зұлмат. Салдарынан қазақтың дархан даласы шұрық тесік болып, жері ойылып, ойдым-ойдым болды да қалды. Қазылған екі шахтаның біріне су құйылса, біріне құйылмады. Судың да сұрауы бар емес пе? 

Бесінші мәселе – тың және тыңайған жерлерді игеру. Солтүстіктегі жайылымға арналған шұрайлы өлкелерді игереміз деп топырақ құнары кетті, шұрайлы жердің нәрі жойылды. Тың игергенше сол жерлерде мал шаруашылығын өрістетіп, етін, сүтін сатып,  пайдасын көрген дұрыс болар еді. Қарап тұрсақ, Қазақстанның бірде-бір өңірінің сау тамтығы қалмады. Кеңес үкіметі құлдырайтын кезде Сарыөзек жеріне бомба сынағы жасалды. Еуропадан әкелінген қарудың зардабынан көп адам ауру тапты. Тіпті, сол сынақтың зардабын көргендер қатарында менің шешем да бар.  

 – Егемендігімізді алған кездерде қандай экологиялық проблемалармен бетпе-бет келдік? 

 – Тәуелсіздік жылдарында экологиялық мәселелер тек күрделене берді, пайдалы қазбаларымыз дұрыс игерілмеді. Жер қойнауындағы байлықтан қазаққа келіп-кетіп жатқан бір пайда жоқ. Тек белгілі бір адамдар ғана қызығын көріп жатыр. Ал сол адам өзінің байлығын қайда жаратып, қалай ұқсатарын білмей жүрген жоқ па? Алыстағыны айтпай-ақ қояйын, Жетісу облысы, Кербұлақ ауданы, Сарыөзек ауылының маңынан «алтын аламыз» деген желеумен Талдықорғанға баратын жол жағалауларын бүлдірді. Сол маңнан халықаралық цемент зауыты салынған еді, бірақ осы зауытқа жұмысына арналған шикізат материалдары Алтынемел асуынан қазылып алынып жатыр. Зияны өте көп, мысалы шикізат тасымалдайтын жолды бөлек салу керек болатын, ал бізде бәрін бір жолда жүргізіп, осы елді-мекендерде тұратын халықтың жүретін жолдарын бұзды. Зауыттан шыққан шаң-тозаң Сарыөзек және оған жақын орналасқан елді-мекендерде тұратын адамдардың денсаулығына зиян тигізуде. Цемент зауытының басшылығы тарапынан ағаш егу жұмыстарына мән беріліп, шағын тоғайларды алып ормандарға айналдыруға күш салынуы керек. Жер ананы тоқтамай жаралап жатқанымызды жоғары жақтағылар ешқайсысы түсінбейді. Елімізде халықаралық және республикалық деңгейдегі қалаларды салу, кеңейту кезінде жолдар да дұрыс жобаланбады. Іргемізден өтетін «Шығыс Европа – Батыс Қытай» көлік дәлізін баяғы “Ұлы Жібек жолы” секілді батыс пен шығысты байланыстырушы жол ретінде салған болатын. Жол саларда, алдымен, жер бетінің 15-20 сантиметр шамасында қара топырағын күреп, жол жиегіне шығару керек. Ал, бізде ондай жұмыс жүргізілмейді. Жол салуға жеткізілетін топырақтар карьерден қазып алынады. Жұмыс біткен соң ол карьерлердің бетін жаппай  кететіндер де кездеседі. Мұндай жолдар салудағы негізгі мақсат – тауар таситын жүк көліктерін жүргізу. Бірақ, ол жолмен транспорттың бәрі жүреді. Сондай-ақ, мысалы Иранның қалааралық жолдарында  жеңіл көліктерге бөлек, жүк көліктеріне бөлек жол тораптарын салған. Қала құрылысында да кінәрат жетерлік. Францияның астанасы Парижде үйді 5 қабаттан артық салуға шектеу қойылған. Мысалы, сол елде бұрындары  көп қабатты, заманауи екі ғимарат салынған, соның өзін бұзу мәселесі әрбір жиналыста талқыланады. Ал біздің Алматыда керісінше, Алатаумен жарыса зәулім үйлер салынып жатыр. Оның үстіне Алматы қаласы үлкен қазандықтың ішінде орналасқан. Сондықтан, зәулім үйлер салудың бұл қалаға қажеті шамалы. Тегеран қаласында жүк көліктерін күндіз қалаға кіргізбейтін заң бар. Жүк көліктері тек түнде ғана жүріп өте алады, қоқыс шығару тек түнгі уақытта ғана жүреді. Ал бізде күні бойы қоқыс жинайтын  үлкен жүк мәшинелері жүре береді. Зәулім үйлер көп түскендіктен бұрынғы ескі жолдарға көлік сыймайды.

 – Қазіргі таңда экологиялық мәселелердің алдын алу бойынша өңірлерде қандай мемлекеттік шаралар ұйымдастырылып жатыр?

 – Қазір мемлекетімізде  “Таза қала”, “Таза Қазақстан” деп келетін экологиялық бағдарламалары бар. Бірақ, осы бағдарламалар бойынша жүргізіліп жатқан іс-шаралардың көбі аудан, ауылдардың мекеме ұжымдарының қызметкерлерінің қолына күрек, сыпыртқы алып, көше тазалағанын суретке түсіруімен ғана шектеледі. Негізінде бұл жұмысты тек санаулы адамдар ғана  атқару керек. Сол себепті бұл шаралар еш пайдасыз аудан, облыс, министрліктерінің әлеуметтік желідегі парақшаларына жалған есеп беру үшін ғана өтіп жатады.  Мектептер, бала-бақшаларда да жыл сайын аудан, облыстағы басшылыққа есеп ретінде тиімсіз, өтірік ағаш егу іс-шараларының ақпараттары беріледі. Аулаларға саны бар, сапасы жоқ талдар және біржылдық гүлдерді еккізеді.  Бұл  – дұрыс емес.  Халық арасында әлі күнге дейін экологиялық тәрбие мен көгалдандыру мәдениеті қалыптаспаған. Сол себепті бұл бағдарлама халық арасында көше сыпырумен шектелетін уақытша іс-шара емес, тұрақты, жүйелі тазалық бағдарламасы ретінде қалыптасуы тиіс.

Арал. Дереккөз: mir24.tv

 – Қалай ойлайсыз, Арал көлінің тартылуына кінәлі халық па, әлде үкімет пе?

– Әрине үкімет. Себебі, мұндай ауқымды табиғи апатқа бола қарапайым шаруаны, қара халықты кінәлау дұрыс емес. Кеңес үкіметі кезінде болған жаппай мақта, егін егу жұмыстары Аралға құятын негізгі өзендердің арнасын үзді. Сырдария мен Әмударияның тарылуы салдарынан Арал мәселесі әлемдік деңгейдегі мәселеге айналды.  Қазір Арал тағдырына тұтас әлем алаңдаулы. Бұл түйіткілді шешудің бір ғана жолы бар. Бұл  – Арал маңына жаппай көгалдандыру жұмыстарын жүргізу.  

 – Еліміздегі көгалдандыру процесіне көңіліңіз тола ма? Мысалы, Алматы қаласындағы ағаштардың 80 пайызы дерлік ескі, қартайған екен.

– Қала көгалдандыруындағы ең бірінші қателік- білімсіздік. Көгалдандыруға көп жағдайда қала сыртында өсіп тұрған жабайы қарағаш,татар үйеңкісі тағы сол сияқты көшеттерді пайдаланады. Өйткені, елімізде жемқорлық,ақша жымқыру белең алып кеткен.Мысалы, дамыған мемлекет қатарындағы Германияда біржылдық гүл “әсемдік үшін” немесе гүл егуге мүмкіндік жоқ, бетондалған немесе тас төселген жерлерге, түбекке егіледі. Ал бізде қала толған біржылдық гүлдер.Ал, біржылдық гүлдерді тексеру мүмкін емес.Мұнда да сол ақша жымқыру мен жеудің ең оңай жолы. Жол  жиегіндегі егілген ағаштар есепсіз жыл сайын,арасы жақын өсіп тұрған ағаштардың астына,көлеңкесіне қарамай егіле береді.Бұл да бос шығын, құмға су құйғанмен бірдей.

 – Аудан, ауылдардағы жағдай ше?

– Аудан, облыс әкімдері аудан-ауылды аралап жатады. Сонда неге өңірлерге талдар егіп, елді-мекендердің іргесін жасыл желекпен, ағаштармен қоршап тастамайды деп таңғаламын. Мысалы, мен өзім туып-өскен Жетісу облысы, Кербұлақ  ауданы, Басши ауылының үш фермасындағы 50 гектар жерге әртүрлі тақырыптық бақтар ектім. Сол бақтардың барлығы құлпырып өсіп тұр. Енді қазір соның жемісін жергілікті  халық жеп отыр. Құдайға шүкір, қайта қазіргі Басши ауылдық округінің әкімдігі сол бақшаны қорғауға, мәпелеуге көмек қолын созып, қолдау көрсетіп отыр. Бірақ, Мемлекеттік деңгейде ол бақтарға статус берілмеді. Ыстамбұл қаласында болғанымда, үш гектар жердегі жекеменшік баққа мемлекет тарапынан түрлі қамқорлық жасалғанына куә болып, таңғалдым. Әр азамат өзінің үйінің ауласын, баласы оқитын мектебін, немересі баратын балабақшаны, жоғарғы оқу орындарын және әркім еңбек ететін жұмыс орындарын ағаш, гүл егіп көгалдандыру мәдениетін қалыптастыруға тырысу керек, бұл аса маңызды мәселе дер едім. Осы орайда еліміздегі үлкен экологиялық проблемалардың бірін айтайыншы. Қазір барлық мәдени алманың атасы саналатын “Сиверс” алмасының тұқымы жоғалып, құрып барады. Бұл - дабыл қағатын жағдай.  Іле Алатауы бөктерінде, Жетісу Алатауында, шығыстағы Ұржар ауданында өсетін “Сиверс” алмасын қолдан құртып жатырмыз. Себебі, жабайы алма өсетін аймақ радиусымен 12 километрға дейін ешқандай мәдени алма ағашын отырғызуға болмайды. Себебі, алма ағашы айқас тозаңданады. Бұл жабайы алманың өзіндік ерекшеліктерін жойып, қарабайыр түрге айналдырып жібереді. Алайда, бізде Қаскелең, Талғар, Есік жақтарға бірнеше мәдени алма бақтарын отырғызып тастаған. Бұл бақтарды салған адам да қарапайым емес...

– Биыл еліміздің біршама өңірін су басып, халықтың тұрмысына едәуір нұқсан келтірген еді. Тілсіз жаудың келесі көктемде де қазақ жерін басу қаупі әлі де сейілген жоқ. Ал сіз, осы тығырықтан шығудың қандай жолдарын ұсынар едіңіз? 

 – Ауыз судың сапасы өте төмен. Мысалы, Еңбекшіқазақ т.б көптеген аудандардың жүгері алқаптарында химиялық заттар көп қолданылады. Ал суарған кездегі аяқсулары тоғандарға құйылады. Ал ол суды  ішкен кез келген тірі ағзаның қандай күйге түсетіні айтпасақ та белгілі.  Жалпы, су мәселесі жер құрылымының бұзылуына тікелей әсер етеді. Сол сияқты біздің елдегі ауыз су мөлшері дұрыс пайдаланбау себебінен жылдан жылға азайып барады. Сондай-ақ, орталық кәріз жүйесіне төгілетін су дұрыс синтезделмейді,сол өңделмеген күйі далаға кетіп жатыр. Мұның өзі біздің мемлекеттің немқұрайдылығын,экологиялық мәдениеттің, суды дұрыс пайдалану әдебінің қалыптаспағанын көрсетеді.

Алматының ауасы. Дереккөз: vlast.kz

– Алматы қаласының ауасын сөз етейікші? 

 – Қазақстанда ауасы ең лас қала ретінде Алматы көш бастап тұр. Көп қабатты үйлердің салынуы, көлік транспортының көптігі және сол көліктердің жүруіне арналған кең даңғылдар мен  көшелердің жетіспеуі -  проблеманың негізгі факторлары. Сондай-ақ техникалық сараптамалардың жөнді өткізілмеуі де қала экологиясын бұзып тұр. Ағаш отырғызу жұмыстары дұрыс емес, парктер, жасыл алаңқайлар аз салынған. Оның орнында көп қабатты үйлер самсап тұр.

– Экологиялық проблемалар аясында жұмыс атқарып отырған әлемдік экоинституттардың қызметіне қандай баға берер едіңіз?

 – Экологиялық проблемалар шетелдерде өте жақсы шешіледі,  Еуропаның экологияға қатты көңіл бөлгені сонша, көліктер жүретін көпірдің үстіне ағаш отырғызып қойған. Ол көпірден жер ауыстыратын аңдар алаңсыз арғы бетке өте алады. Ал су жүретін сай салалар, жыраларға көпір қойып, судың өзі еш кедергісіз ағып кететіндей етіп қалдырылады. Ол жақта автокөліктердің техникалық қаралуы да шынайы тексеріледі, олардың бензиндері де жоғары сапалы, таза болады. Жер астынан қазбаны алғаннан кейін қазылған орнын қайтадан қалпына келтіру жұмыстары дұрыс шешіледі. Жалпы, бұл сала әлемнің дамыған, өркениетті, бодандықтан құтылған елдерінде жақсы дамыған. Қай мемлекетте жемқорлықпен күрес шынайы болады, сол елде экология мәселесі дұрыс жолға қойылған деуге негіз бар. Олар өздерін қойып, басқа елдердегі экологияға көңіл бөліп, оған арнайы тұрақты гранттар бөліп отырады.

Ауыз су. Дереккөз: azh.kz

– “Алдағы 2050 жылдарға қарай Қазақстандағы ауыз су қорының біршама азаю қаупі бар” деген болжам бар. Осы болжам қаншалықты шындыққа жанасады?

– Бұл мәселеге себеп көп. Су көбіне ауыл шаруашылығы үшін қолданылып жатыр. Шетелден келетін транс шекаралық өзендердің су  деңгейі түсуде. Іле өзені Қытай елінің  пайдасына, Өзбекстан, Қырғызстан елінен келетін өзендер де тартылуда. Өзімізде өзен суларына арнап тоғандар салып жатқан жоқпыз, керісінше барын бұзып тастаудамыз. Өйткені, ол тоғандардың жағдайы нашар, қолдануға жарамсыз. Ал соны қайта жасау деген түсінік бізде әлі қалыптаспаған. Біздегі ең басты мәселе  –  суды дұрыс пайдалана алмауымызда деп ойлаймын. Мысалы, Кеңес үкіметі кезінде шаруашылыққа су жеткілікті болушы еді, ал қазір cу бекерден бекер ағып кетеді,немесе жарамсыз күйі қалады. Су мәселесі тек Қазақстанда ғана емес бүкіл жер шары бойынша үлкен мәселе. Жаһандық жылыну осы мәселенің негізгі бірден-бір факторы болып табылады. Ауа қабаттарын ғарышқа ұшырған зымырандармен тескілеп жатырмыз, жер бетін түрлі қарулармен атқылап, бүлдіріп, жарып жатырмыз. Бұл мәселенің болашақта өрши түсуі бек мүмкін. Сол үшін қазірден бастап аталмыш проблемамен ғылыми институттар күресуі керек. Ғылыммен айналысатын ғалымдардың ашқан дүниелері іске жарамайды. Шыны керек! Әйтеуір, біздің елде ғалым көп, бірақ іске аспайтын дүиелерді ғылыми жұмыс деп жазудың қажеті жоқ деп ойлаймын, соны бізге тоқтату керек.            

– Болашақтағы экологиялық проблемаларға сарапшы-эколог маман тұрғысынан болжамыңыз және көзқарасыңыз қандай?

– Жинақтай айтайыншы, экологиямызды сақтауға, табиғатымызға жанашыр болуға үш дүние кедергі келтіріп отыр... Ең әуелі – бодандықтан құтылу керек. Содан соң жемқорлықты түп-тамырымен жою керек. Сондай-ақ,  халықтың экологиялық білімі мен көгалдандыру мәдениетін арттыру қажет.

– Сұхбат беріп, салихалы сөз, тұщымды пікір айтқаныңыз үшін көп рақмет!

 

Журналист Дастан Қастай,
Асылбек Алмас
Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?