Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Жер сілкінісінен кейін Алматыдағы пәтер мен үй бағасы қалай өзгерді?

09:50, 08 наурыз 2024 404

Алматыда биыл екі рет жойқын жер сілкінісі тіркелді. Соңғысы 4 наурызда болды. Әдетте мұндай оқиғалар нарықтағы үй, пәтер бағасына да әсерін тигізбей қоймайды.

Krisha.kz сарапшылары пәтер сату жиілеп кетті ме, Астанада жылжымайтын мүлікке, Алматыда жер үйге сұраныс артты ма деген сауалдарға жауап іздеді, - деп хабарлайды alash.kz.

Алматыда пәтер сату жөнінде жаңа хабарландыру саны артқан жоқ. Көрсеткіштер шамамен басқа күндердегідей.

Ал Астанада пәтерге сұраныс артты ма?

Krisha.kz деректеріне сүйенсек, 5 наурызда Астанада жылжымайтын мүлік сатып алғысы келетіндер саны өспеген. Алдыңғы дүмпуден кейін де сұраныс өзгермеді.

Жер үй іздегендер бар ма?

Жер үй нарығында тәулігіне жалға берілетін баспанаға сұраныс артты. Хабарландыру қаралымы мен қоңырау саны бір күнде 3 есе өсіпті. Өткен жолғыдай адамдар афтершокты күте тұрудың қауіпсіз жолдарын іздеді.

Жер үйді жалға алу бойынша баға өзгергені туралы ақпарат жоқ.

Сұраныстың артуына алдағы мерекелер де әсер етіп отыр. Жер үйді ұзақ мерзімге жалға беру туралы хабарландыру қаралымы да бірден екі есе өскен. Қаңтарда да жағдай осындай болған. Жер сілкінісінен кейін келесі күні Алматыда жалға берілетін үйлерге сұраныс 4 есе өсті. Бірақ бірнеше күннен кейін тұрақтанды.

Алматыда жер үйлер сатылып жатыр ма?

Алматыда қаңтардағы оқиғадан кейін үй сату туралы хабарландыруға қызығушылық артты. Ақпанның аяғына қарай бұл үрдіс төмендеп, 4 наурызда қайта өсті.

Алматыдағы жер үйді пәтермен салыстыруға келмейді. Үйдің бағасы пәтерге қарағанда әлдеқайда жоғары (екі бөлмелі пәтер сатсаңыз, үй сатып ала алмайсыз). Барлық жер қауіпсіз емес, сел, көшкін болған жағдайлар да белгілі, жағдай жасалған жерлер де аз.

5 наурыздағы жағдай бойынша Krisha.kz сарапшылары үй мен саяжай бағасындағы өзгерістерді байқамады.

Қаңтарда Алматыдағы жер үй саудасы 36 пайызға төмендеді, бірақ бұл нақты көрсеткіш емес, себебі біріншіден, қаңтарда алыс-беріс азырақ болады, екіншіден, жер сілкінісі айдың аяғында болды және сатып алатын уақыт болмады.

Сатып алушылар не нәрсеге мән бере бастады?

Жер сілкінісінен кейін Krisha.kz қолданушылары іздеу кезінде қабат санын жиі таңдай бастады, бірақ төменгі қабатқа сұраныс айтарлықтай өспеді.

Алматыда төменгі қабаттағы пәтерге жаппай сұраныс жоқ.

Сатушылар не істеді?

Алматыдағы пәтер сатушылар дүмпуден кейінгі үйдің жағдайы туралы жаза бастады: "жер сілкінісі кезінде үй шайқалмады, нық тұр", "жер сілкінісінен кейін бұзылған жерлер мен жарықтар жоқ", "үй қауіпсіз аймақта, жарықтардан алыс орналасқан" және т.б..

Сарапшылар нарық өзгеретіндей уақыт өтпегенін айтты. Елеулі өзгерістер болса, кейінірек байқалады екен.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар