Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Жігіттердің өзінен де болды". Данияр Елеусінов Париж Олимпиадасына қатысты сұхбат берді

18:15, 10 тамыз 2024 1164

Париждегі Жазғы олимпиада ойындары қазақ боксының тарихына алтынсыз қайтқан, сәтсіз сайыс ретінде еніп үлгерді. Рио-де-Жанейро Олимпиадасының чемпионы, кәсіпқой боксшы Данияр Елеусінов Kazinform тілшісіне осы сәтсіздіктердің себебі туралы сұхбат берді, деп хабарлайды Alash.KZ ұлттық порталы.

Данияр Елеусінов  мырза, Олимпиаданы көрген шығарсыз. Ел ішіндегі «боксшылардың физикалық дайындығы нашар», «қолы қатып қалған» деп жатқан пікірлерге келісесіз бе? Олимпиадалық цикл 4 жыл десек, боксшының 4 жыл бойғы дайындығы 9 минутқа жетпей қалуына не себеп деп ойлайсыз? Сіздің әуесқой боксшы мансабыңызда осындай «қолдың қатып қалуы», «бір раундтан кейін шаршап тұру» сияқты проблемалар болып көрді ме?

— Әрине, спорт болғандықтан бәрі болып жатады. Бокс деген қазақтың дәстүрлі спортына айналып кеткен ғой. Бұған дейінгі олимпиадаларда күміс пен қоланы қоспағанда жеті «алтын» алғанымыз бар. Чемпион болып тұрып, жеңісі ұрланған Болат Жұмаділов, Василий Левит сияқты спортшыларымыз да бар. Қолдың қатып қалуы, өзін нашар сезіну сияқты жағдайлар болып жатады. Бірақ рингке шыққаннан кейін ол нәрселерді ойлап тұра алмайсың. Рингке шыққаннан кейін жеңіске жетудің амалын ғана іздейсің. Жігіттер барынша тырысты, амалдарын іздеген жоқ деп айта алмаймын. Мүмкін бары сол болған шығар…

— Бақтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаев, Серік Сәпиев, сіз. Әсіресе финалдағы қарсыластарыңызды айқын басымдықпен жеңген едіңіздер. Жұрт қазіргі боксшылардан сондай қарқын көрмейміз деп сынап жатыр. Қазір «қазақ стиліне» қарсы тың стратегиялар пайда болғанын, сондықтан ондай тәсілмен жұдырықтасу өзекті емес дегенді айтып жүрген бапкерлер бар. Шынымен де солай ма? Бокстағы «қазақ стилінің» бәсекеге қабілетсіз болып қалуы да бапкерлердің қателігі емес пе? Әлемде бокстың қалай дамып жатқанына мониторинг жасап, уақыт талабына сай жетілдіріп отыру керек болған шығар? Қалай ойлайсыз?

— Бақыт Сәрсекбаев, Серік Сәпиев, Бақтияр Артаев, Бекзат Саттарханов сияқты ағаларымыз шынымен де бір бас жоғары болып жеңді ғой. Өзім туралы олай деп айта алмаймын. Ұпай санымен таза жеңдім деп ойлаймын. Жарақатым болды, өзіме көп соққы алмай, қарсыласқа көбірек тигізіп жүрдім. Тек үшінші раундта ғана «Төбелескің келсе көрейік» деп ринг ортасында тұрған сәт болды. Өйткені алдыңғы екі раундтың қорытындысы бойынша жеңіп жатқанымды білдім. Бәрін тек бапкерге жауып тастауға болмайды. Бұл ұжымдық жұмыс болғаннан кейін бәрі бірдей көтереді. Еркек адамның басына не келіп, не кетпейді. Мысалы, қиын замандарда Василий Жиров, Ермахан Ыбрайымов, Бекзат Саттарханов, Болат Жұмаділов, Мұхтархан Ділдәбеков сияқты мықтылар болды. Олардың соққысы да жойқын, деңгейі де мықты еді. Қарсыластарды да мықты болды. Қазір ол кездегідей соққысы ауыр, күші мығым кубалық боксшылар жоқ. Ариэль Эрнандес, Альфредо Дуверхель, Хорхе Гутиеррес, Майкро Ромеро, Феликс Савон, Юриоркис Гамбоа, Ригондо Гильермо сияқты боксшылардың орнын Ла Крус, Энди Крус тәрізді ойнақы боксшылар басқан. Тек ұпай санына мән беретін боксшылар көп қазір. Олардың шеберлік деңгейі өте жоғары деңгейде. Бақсаңыз, қазіргі боксқа стилі икемделген боксшылар медаль алып жүр.

Мен бапкерді де, басқасын да сынай алмаймын. Бір адамның ғана кінәсі емес деп ойлаймын. Қазақ боксын жоғары деңгейге қайта шығарайық деген ниет, мүдде бокс саласына жауапты адамдардың бәрінің бойында болуы керек шығар. Ең бастысы, қабілетті, талантты боксшыларды тауып, өсіру керек. Ол қиын жұмыс. Жалпы өмірде оңай жұмыс жоқ қой негізі.

— Назым Қызайбай мен 7 боксшымыздың ішінде кімдердің ұпайы ұрланды деп ойлайсыз, қайсысының жеңілісі әділетті болды деп есептейсіз?

— Назым қарындасымыз керемет өнер көрсетті деп есептеймін. Екі дүркін Әлем чемпионы деген атағына Олимпиаданың қола жүлдегері деген мәртебені қосып алды. Оған ешқандай өкпе жоқ. Бауырларыма келсек, кейбір боксшылар көбінесе терезесі тең шайқас көрсетіп жатты. Ол жекпе-жектерді біздің боксшылардың пайдасына да беруге болатын еді. Сәл-пәл бедел жетпеді ме екен… Нақты неден екенін түсіне алмадым. Бірақ сол да бар шығар деп ойлаймын.

— Бас бапкер Мырзағали Айтжанов Париж олимпиадасына дейін берген сұхбаттарында боксшыларды дайындауға ғылыми тұрғыда сүйемелдеу іске қосылғанын, жігіттердің физикалық дайындығын шыңдау үшін халықаралық деңгейде танымал маманды арнайы алдырғанын айтып жүрді. Сондай ғылыми сүйемелдеумен барған боксшылар ғылыми сүйемелдеусіз барған сіздердің жетістіктеріңізді неге қайталай алмай жатыр? Әлде ғылыми топ дұрыс жасақталмаған ба?

— Ұлттық құраманың ішінде, Олимпиадаға дайындықтың бас-аяғында болмағандықтан ғылыми сүйемелдеу деген шаруалардың қалай болғанына баға беретін сарапшы емеспін. Ол жағын білмейді екенмін.

— Махмұд Сабырхан мен Санжар Тәшкенбай алғаш елге танылған кезде қимылдары «қазақ стилін» еске салатын. Мұхамед Әлидің сөзімен айтқанда, көбелекше қалықтап, араша шағатын. Кейінгі жарыстарда білгендерінен жаңылған адамдай, қимылдары мүлдем өзгерген. Демек бапкерлік тактика қалыпты стилін бұзып жіберген деп айта аламыз ба?

— Бұл екеуі керемет боксшылар деп ойлаймын. Әлем чемпионатында, Азия ойындарында өте жақсы бокс көрсетті. Сіз айтып отырған мәселенің психологиялық жағы басым сияқты. Парижде де Махмұд Сабырхандарға психологиялық тұрғыдан өте қиын болды ғой деп ойлаймын. Оның үстіне өз салмағы емес. 54 килограмм болғанда керемет болар ма еді…

Жігіттердің дұрыс өнер көрсетпеуіне сенім жетіспеген шығар. Осы жағынан алдын ала көбірек дайындау керек пе еді? Басқа елдердің, көршілес мемлекеттердің боксшылары неге жұлқынып тұр десеңіз, психологиялық себептері бар деп ойлаймын. Бұл менің жеке пікірім. «Сәл ғана ұтсаң болды, үш раунд жақсы өнер көрсетсең, саған береді. Жеңіске жетеміз, тек таяқ жеп қалма» деген нұсқаулар берілген шығар. Оны енді білмеймін, нақты солай болды деп тұрған жоқпын.

— Токио мен Париж олимпиадасы қазақ боксына күрделі реформа керек екенін тағы көрсетті. Бокстағы реформаны неден бастау керек деп ойлайсыз? Бас бапкерді тағайындау, ұлттық құраманы жасақтау, ішкі чемпионаттағы жемқорлық тәуекелдерін жою, қаржыландыру жүйесін ашық ету бағытында не істеу керек деп ойлайсыз? Өзіңіз де осы жүйенің ішінен суырылып шыққан адам болғандықтан, ішкі «кухняны» білесіз ғой.

— Менің ойымша, реформаларды бәрі бірге, ұжым болып істеу керек. Спортшыларға бас бапкерден сенім керек. Бас бапкерге де өзінен жоғары тұрған басшылардан сенім керек. Спортшылар сонда тұрақты жаттығу жасап, бабы мен ішкі сенімі тең жетіледі. Сол жетпей жатқан шығар мүмкін. Мен де екі Олимпиадаға бардым. Біріншісінде мен де сүріндім. Бірақ мен алғашқы бәсекелерімде ұтылып қайтпаған едім. АҚШ-тың, Иранның жақсы боксшыларымен кездестім дегендей. Жартылай финалда да жеңілдім деп ойламаймын. Бірақ төреші қолыңды көтермегеннен кейін, қазақшылыққа салып, «Иә, жеңіліп қалдым» дей саламыз.

— Өзіңізге келсек, кәсіпқой бокстағы мансабыңызда қандай оң жаңалық бар? Жекпе-жекке жиі шығып жатқан жоқсыз. Қарсылас табылмай жатыр ма, әлде қаражаттың аздығы қолбайлау болып жүр ме? Өзіңіз жұмыс істеп жүрген промоутерлік орталықтың жұмысына көңіліңіз тола ма?

— Құдай қаласа, кәсіпқой бокста жақын арада жаңалықтар болады. Әлем чемпионы болғанға дейін тоқтамау керек деген үмітім, сенімім бар. Әсіресе бірінші олимпиадамнан кейін Олимп шыңын бағындыру қол жетпес армандай болып көрінген кездер болды. Бірақ бұйырып, қол жетті. Бұйырып жатса, кәсіпқой бокста Әлем чемпионы атануға барымды саламын.

— Геннадий Головкиннің Ұлттық Олимпиадағы басшы болып келгеннен кейін AIBA құрамынан шығуымыз керек деген мәлімдемесі Париж төрінде кесірін тигізді деп жатқан бар. Ол туралы не айтасыз?

— Төрешілердің бәрін толықтай алмастырып тастамаған шығар деп ойламаймын. Бәрі де сол AIBA-ның төрешілері ғой. Сол жігіттерге бұған дейін де төрелік етіп жүрді. Бәрі біржақты болмайды. Жігіттердің өздерінен де бар. Біз тек қолдау көрсете аламыз. Өйткені спорттағы тартыстың қандай қиын екенін ішінде жүрген соң, ішінде болған соң түсінеміз.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар