Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Жынысын ауыстырғандар көп өмір сүрмейді» - Мәжіліс депутаты ЛГБТ-ны дәріптеуге заң жүзінде тыйым салу керектігін айтты (ВИДЕО)

19:58, 23 маусым 2024 5535

«ЛГБТ - біздің табиғатымызға, Құдайдың дініне, жалпы адамзаттың өркендеуіне әдейі істеліп жатқан кері зат. Демократия, адамдардың ой еркіндігі, сөз бостандығы дегеннің бәрі – ширма. Бұл – ұлтты құрту! Біз ЛГБТ-ны насихаттауға қарсымыз, бұл ұлттық қауіпсіздігімізге әсер етеді. Мемлекетімізді түп тамырымен құртуды көздеген мұндай заттарды біз өткізбеуіміз керек». Бұл пікірді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин ALASH.KZ ұлттық порталына берген сұхбатында айтты. 

ЛГБТ: ДЕМОКРАТИЯ ДЕГЕННІҢ БӘРІ –ШИРМА, БҰЛ - ҰЛТТЫ ҚҰРТУ!

- Еділ Терекбайұлы, сіз Атырауда өткен III Ұлттық құрылтай жұмыс секциясының отырысында ұлтымызды алаңдатқан тағы бір өзекті мәселе – ЛГБТ-ны дәріптеуге заң жүзінде тыйым салу керектігін көтердіңіз. Енді бұл мәселеге қатысты қоғамда екі түрлі түсінік бар. Біреулер біз зайырлы, демократиялық мемлекетпіз, біз ешкімді бөліп жармай, барлық адамға тең қарауымыз керектігін алға тартады. Ал енді өзгелері ЛГБТ-ны қолдау біздің ұлтымызға, ертеңгі ұрпағымыздың болашағына жасалған қиянат, бұл біздің еліміздің салт-санасын өзгертеді, ертең бізге үлкен қауіп-қатер әкеледі деп алаңдап, өз қарсылықтарын білдіруде. Сіздің ЛГБТ-ге жеке көзқарасыңыз қандай?

- ЛГБТ - рухани ауру. Бірінші кезекте, біз дереккөзге сүйенуіміз керек. Құдай Адамды жаратты, сосын барып Хауа ананы жаратты. Екі еркекті де, екі әйелді де жарату Құдайдың қолында еді ғой. Құдай Адам мен Хауа Ананы жаратты. Осы екеуінен біздер - адамзат баласы пайда болдық. ЛГБТ-ны дұрыс деп мойындап жүрген адамдар өздерінің қайдан шыққандарын сұрамай ма екен? Ол қалай адам болды? Еркектен еркек шықты ма? Әлде әйел мен әйелдің ортасынан шықты ма? «Мен қайдан шықтым?» деп өзіне сұрақ қою керек қой. Егер біз дінді мойындайтын болсақ, Ұлық пайғамбардың заманында гомосексуализм бүкіл мемлекетті жайлап кеткенде, ЛГБТ-ны құртқан жоқ па Пайғамбарымыз... Ол біздің табиғатымызға, Құдайдың дініне, жалпы адамзаттың өркендеуіне әдейі істеліп жатқан кері зат қой. Демократия, адамдардың ой еркіндігі, сөз бостандығы дегеннің бәрі – ширма! Бұл – ұлтты құрту! Мақсаттары сол. ЛГБТ-ны насихаттаудың қажеті жоқ. Сен өзің жеке қалып не істегің келеді, ол сенің жеке шаруаң. Ал бірақ оны шығарып алып, мемлекетте насихаттауға жол бермеуіміз керек,- дейді Мәжіліс депутаты.

ЛГБТ-ТЫ ҚОЛДАЙТЫНДАР: НЕМЕРЕ СҮЙГІҢ КЕЛМЕЙ МЕ?

- Мәселен, жас бала білмейді ғой. Бізге келіп жатқан кейбір ойыншықтар, әр түрлі шығарылып жатқан мультфильмдерде ЛГБТ насихаттала бастады. Егер біз адамдарды осыған тәрбиелеп, аздыратын болсақ, ертең бізде қазақ деген ұлт болмайды. Ұлы сөздің ұяты жоқ. Еркек пен еркек, әйел мен әйел бірге жүретін болса, одан ешкім тумайды ғой. Ол біздің табиғатымызға қарсы зат. Көп нәрсені зерттеп қажеті жоқ. Құдай тағала жаратып қойған жоқ па... Жануарларды қарамай ма?! Құдайдың өзінің жаратқан пендесінің өмір сүрудегі мақсаты – артынан ұрпақ қалдыру, соған тәрбие беру, Құдайын тану ғой... Осыны қолдап отырған адамдардың өздерінің отбасысы бар ма екен? Отбасысы болса, олардың балалары бар ма екен? Балалары болатын болса, сол баласының ЛГБТ болуына ол мүдделі ме екен? Мен осы үш сұрақты қойғым келеді. Жақсы, сенің қызың бар, ер балаң бар. Сен ер балаңмен ер баланың жүргенін жақсы көресің бе? Немесе қызыңның қызбен жүріп, жанұя құрғанын жақсы көресің бе? Сен немере сүйгің келмей ме? Шөбере көргің келмей ме? деген сұрақтар туындайды. Бұл қазақ қоғамына келіспейтін зат қой, - деп пікір білдірді Еділ Жаңбыршин ALASH.KZ ұлттық порталына берген сұхбатында.

ҚАРСЫ КҮРЕСПЕСЕК, ЕРТЕҢ МЕМЛЕКЕТІМІЗДІ ЖОҒАЛТЫП АЛАМЫЗ

-  Еуропаның көптеген мемлекеттері бұған қарсы шығып жатыр. Себебі, бұл ұлтты құртады. Мемлекеттің, ұлттың болашағы жоқ деген сөз. Онда біз не үшін өмір сүріп жатырмыз? Мына мемлекетті не үшін құрып қойдық? Отбасы құндылығы қайда қалды? Біздің Отбасылық кодексте «Отбасы әйел мен еркектен тұрады» деп жазулы тұр ғой. Біз ЛГБТ-ны насихаттауға қарсымыз, бұл ұлттық қауіпсіздігімізге әсер етеді деп депутат әріптесім Самат Мұсабаевпен бірге заңдық тұрғыда тиісті нормаларды бердік. Мұндай нәрсе етек алған мемлекет оңбайды. Құдайдың қаһарына ұшырайды. Ертең неше түрлі апаттар болып, мемлекетке зиян келуі мүмкін. Осындай бәлелер арқылы мемлекетімізді түп тамырымен құртуды көздеген мұндай заттарды біз өткізбеуіміз керек. Бұл бізге жасалып жатқан шабуыл. Көзге көрінбейтін майдан дегеніміз осы. Әр түрлі мәдени іс-шаралар өткізіп, осындай дүниелерді әкеліп тығады. Дін атын жамылған діни секталармен шабуыл жасап жатыр. Қаржылық топтар кіріп жатыр. Біздің фундаментімізді құртатын қандай дүниелер бар, соның бәрі бізге кіріп жатыр. Ал егер оның барлығымен қоғам болып, зиялы қауым болып интеллигенция қарсы күреспесе, ертең мемлекетімізді жоғалтып алуымыз мүмкін, - дейді Мәжіліс депутаты.

ХАЛЫҚҚА ЗИЯН НӘРСЕЛЕРДІҢ БАРЛЫҒЫНА ТОСҚАУЫЛ ҚОЮЫМЫЗ КЕРЕК

- Олар демократия, гендерлік саясат, адам бостандығы, сөз бостандығы деп жымысқы жоспарларын іске асырып, өздерінің саясаттарын жүргізіп жатыр. Мұны халық түсіну керек, білу керек. Жылтырағанның бәрі алтын емес. Әдемі сөздің бәрі жақсы дүние емес. Біз осының барлығын мемлекеттік тұрғыдан саралап, қарауымыз керек. Қазіргі уақытта мемлекетке не зиян? Халыққа не зиян? Біз оны өткізбеуіміз керек. Оған тосқауыл қоюымыз керек. Бізге келіп жатқанның бәрі - рухани аурулар. Біз рухани ауруға тек рухани иммунитетті күшейту арқылы ғана қарсы тұра аламыз. Әр күшке қарсы тұратын күш бар. Мылтықпен келді ме? Мылтықпен қарсы тұруымыз керек. Садақпен келді ме? Садақпен қарсы тұруымыз керек. Ол танкімен келді ме? Танкімен қарсы тұрамыз. Ал енді рухани қарумен келді ме? Біз өзіміздің рухани қорғанысымызды қоюымыз керек. Міне, біз сонда ғана мемлекетті қорғай аламыз, - деді Еділ Жаңбыршин.

ЖЫНЫСЫН ӨЗГЕРТКЕН АДАМДАР КӨП ӨМІР СҮРМЕЙДІ

- Қазір үлкен шабуылдар жүріп жатыр. Оны біліп жасап жатқандар бар. Еріп, білмей жасап жатқандар бар. Адамдар осылардың барлығын талдап, өз-өзіне анализ жасамайды ғой. Міне, сондықтан осындай торға көбінесе түсіп қалады. Соларды жарнамалап, осы жерде соның қолшоқпары болып жүреді. Оны өзі білуі  де, білмеуі де мүмкін. Көтеріп отырған бұл мәселеңіз өте дұрыс. Халық білу керек. Келіп жатқан дүниенің бәрі жақсы емес. Сараландар, фильтрден өткізіңдер. Олардың ар жағында не тұр? Қандай мақсат тұр? Соны қараңдар. Бізді көркейту үшін келген дүниелер ме? Әлде бізді құрту үшін бе? Бізді көркейте ме, құрта ма? Екі-ақ мәселе. Бұл жерде басқа мәселе жоқ. Тексересің, қарайсың. Артында кім тұр, не тұр? Соны талдайсың. Сонда көрінеді. Ол құртатын зат  па, әлде көркейтетін зат па? Құртатын зат па, қарсы тұру керек. Көркейтетін зат па, қолдау керек. Осы мәселені зерттеп жүрген адамдардың айтуынша, жынысын өзгерткен адамдар көп өмір сүрмейді. Өмірлері ұзаққа бармай, соңы суицидпен аяқталады екен,- дейді Мәжіліс депутаты ALASH.KZ ұлттық порталына берген сұхбатында.

- Парламент қабырғасында бірнеше депутат болып лудоманияға қатысты заң жобасын дайындап, құмар ойынға құнныққандарға заңдық түрғыда шектеу қою жайлы батыл бастама көтердіңіздер. Биыл Мәжіліс екі жыл бойы талқыланған лудоманияға қарсы заң жобасын мақұлдап, тиісті шектеулер енгізілді. Жалпы  қоғамды жайлаған мұндай кесапаттардың басты себебі неде? Лудомания неден пайда болады? 

3 МЛН-ДАЙ АДАМ ҚҰМАР ОЙЫННЫҢ АЙНАЛАСЫНДА ЖҮР

- Парламенттің VII шақырылымында лудомания мәселесін Динара Закиева, Елнұр Бейсенбаев, Мәди Ахметов және өзім ең бірінші болып көтергенбіз. Төртеуміз осы заң бастамасының басында болдық. Енді қазір VIII шақырылымда екі әріптесіміз депутат болып енбей қалды. Қатарымызға бірнеше депутат қосылды. Бұл заң үлкен қарсылықпен өтті. Бұның артында триллиондаған ақша айналып жатыр. Үлкен мүдделі топтар бар. Олар үлкен коридорда отырған адамдармен байланысты. Тіпті кейбіреуі қазір Еуропада кофе ішіп отыр. Олар осы заңның кейбір нормаларын өткізбеуге жұмыстанды. Оны алдында Парламентте Елнұр Сабыржанұлы өте жақсы айтты. Үлкен қарсылықтар болды. Осы кезекте Елнұр Сабыржанұлының еңбегін атап өткім келеді. Өзі жұмыс тобын басқарып, тікелей осы мәселемен айналысып, аяғына дейін жеткізді. Біз қолымыздан келгенше көмегімізді жасадық. Қазір мемлекеттік қызметшілерге, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне құмар ойын ойнауға тыйым салынды. Олар да кіріп кеткен. Бізде құмар ойынның құрығына түскен 200 мыңның үстінде мемлекеттік қызметшілер бар. Әр түрлі деректер бойынша 3 миллиондай адам осы құмар ойынның айналасында жүр, - дейді Еділ Жаңбыршин.

АДАМДАРДЫҢ ЕСІЛ-ДЕРТІ АҚША БОЛЫП КЕТТІ

- Лудомания неден пайда болады? Неге бізде осы дерт кеңінен етек алып кетті? деген сұрағың өте дұрыс. Бұл дерт рухани иммунитеттің әлсірегенінен пайда болады. Адамда екі таңдау болады. Мәулана Фазани деген кісі былай деген: «Мұсылман кісі өз тіршілік кітабының парақтарын міндетті түрде не Жаратушыға, не жаратылысқа бағытталған шешімді таңдап толтырады». Яғни не сен Жаратушының қойған талабын орындайсың, соның ілімімен жүресің. Немесе сен жаратылысқа тәуелді боласың. Жаратылыс дегеніміз – ақша, дүниенің байлығына қызығасың. Не болмаса сен рухани байлықпен айналысасың. Бізде адамдардың есіл-дерті ақша болып кетті ғой. Осы өмірдің бар қызығы, мақсаты – дүние табу ғана сияқты... «Дүние тап, байы» деп соны бізге 30 жыл бойы насихаттады. Ал рухани байлық жайлы айтқан жоқ. Негізінен екеуі қатар жүру керек. Не үшін? Сен рухани кемел адам болуың керек. Өмір сүру үшін, жұртқа пайдаңды тигізу үшін дүниенің де мәселесімен айналысуың керек. Бірақ, дүниенің мәселесі сенің жүрегіңде болмауы керек. Жүректе руханият болуы керек. Құдайдың берген байлығы мен дүниесін дұрыс пайдалан. Бізге дүниені прокатка беріп қойған ғой. О дүниеге алып кетпейміз. Бәрі уақытша, - дейді Мәжіліс депутаты.

ЛУДОМАНИЯ – РУХАНИ АУРУ, ОНЫ ЕМДЕУГЕ БОЛАДЫ

- Рухани әлсіз адамдар сол ақшаның соңынан түсіп кетеді. Байығысы келеді. Бірақ ол байи алмайды ғой. Казино ойнап байыған адамды мен көрген емеспін. Басында ұтып-ұтып келеді де, ең соңында бүкіл дүние-мүлкінен, үйінен айырылады, несие алады. Өмірі тас-талқан болады. Суицид жасайды. Бала-шағасын өлтіреді. Осындай фактілердің бәрі болып жатыр ғой. Казиноға барып, миллионер, миллиардер болдым деген адамды маған көрсетіңізші. Қазақстанда ондай адам жоқ қой. Бұл - адамзат баласын аздыратын, отбасылық құндылықты құртатын, дін атын жамылған секталардың басқаша бір түрі. Ана жерде діннің атын жамылып оның басын улап қойды, мына жерде басын ақшамен улап қойды. Егер біз Құдайды мойындайтын болсақ, періште, шайтан деген заттарды мойындауымыз керек. Ол Құранда жазылған. Яғни бұл - шайтани іс, харам зат. Сол шайтан қызықтырып, солардың басын айналдырып қойған. Сен сонымен айналыс, сен ертең ұтасың, арғы күні ұтасың деп. Ең соныңда оны лақтырып кетеді. Неге ол оған еріп кетеді? Себебі, рухани иммунитеті әлсіз. Лудомания да – рухани ауру.  Бұл ауру емделмейді деп айтады. Негізі наркомания, лудомания дегеннің барлығын емдеуге болады, - деді Еділ Жаңбыршин ALASH.KZ ұлттық порталына берген сұхбатында.

- Қоғамды жайлаған лудомания дертімен күресіп керек емес.  Құмар ойынға тәуелді адамдарды емдеп, сауықтыру шараларын жүргізу қажет дейсіз ғой?

ДҰРЫС РУХАНИ ІЛІМ БЕРЕТІН БОЛСАҚ, ЕМДЕЛМЕЙТІН ЗАТ ЖОҚ

- Иә, оларды емдеу керек. Егер дұрыс рухани ілім беретін болса, емделмейтін зат жоқ. Бәрін емдеуге болады. Физикалық ауруды да, рухани ауруды да емдеуге болады. Өзінің арнайы дәрігеріне барып, дәрісін алып, емделетін болса, емдеуге болады. Бірақ оңай емес. Мына сектаға кіріп кеткендер, лудоманияға шалдыққан адамдардың ауруын - рухани рак, обыр деп айтуға болады. Ол ауруды жазу қиын ғой. Бірақ жазуға болады. Олардың емі бар. Бір жағынан заңдық тұрғыдан тыйым салатын жақтарын да қарастыруымыз керек. Бірақ негізінен рухани мәселемен емдеуіміз керек. Біз заңмен шектерміз, бірақ ойнайтын адам оның жолын табады. Адамның ақылы тек қана жақсылықты ғана емес жамандықты да жасай алады ғой. Ол неше түрлі схеманы ойлап табады. Атом бомбасы мен термоядролық бомбаны адамның ақылы ғой ойлап тапқан. Қару-жарақты да адам ойлап тапты. Неше түрлі бәленің бәрін адам ақылмен жасайды ғой. Ақыл жақсылыққа да, жамандыққа да жұмыс істейді. Бұл жерде ақылды түзеуіміз керек. Ақыл жақсылыққа қарай жұмыс істейтіндей біз адамды үйретуіміз керек. Ілімнің негізгі мақсаты – адам ақылын жақсы зат жасауға бағыттауы керек. Ал егер сен сол рухани ілімді бермейтін болсаң, оның ақылы екінші теріс жаққа қарай жұмыс істейді, - дейді Мәжіліс депутаты.

ӘР СЕКУНД САЙЫН КҮРЕС, АҒЫСҚА ҚАРСЫ ЖҮЗБЕСЕҢ, СЕНІ АЛЫП КЕТЕДІ

- Бұл рухани ауруды жазуымыз үшін ілім дұрыс болуы керек. Сонда адамның ой-пікірі, мінезі қалыптасып, іс-әрекеті дұрыс болады. Ал егер ілім болмайтын болса, әрине ол ЛГБТ-ның, лудоманияның жағына кетеді. Басқа да жағымсыз заттарға кетіп қалады. Себебі, оны шайқап тұрады ғой. Плюс те, минус те жұмыс істеп жатыр. Сен көбірек плюс жинауың үшін сенің руханиятың, иманың күшті болуы керек. Адам өмірінде секунд сайын күрес жүреді. Мәселенің барлығы ойда ғой. Рухани әлсіз болсаң, оймен алып кетеді. Ой ары қарай іс-әрекетке ұласады. Сен сөйлеп қоясың, бірденені қарап қоясың, бірденені істеп қоясың. Ол ойдан туындайды. Сол секунд сайын сен өзіңді тізгіңдеп, фильтр жасап отыруың үшін сенің имани фильтрін мықты болуы керек. Фильтрің әлсіз бе, өткізіп жіберіп қоясың. Бірденені бүлдіріп қойдың. Ашуланып қойдың. Сабыр сақтамай қалдың. Міне, оның бәрі руханиятқа байланысты. Секунд сайын күрес. Біресе жеңесің, біресе жеңілесің. Қайттан жеңесің, қайтадан жеңілесің. Егер сен руханиятпен айналыссаң сөйтіп-сөйтіп жетілесің. Ал егер сен руханиятпен айналыспасаң, әрине сен жеңіле бересің, жеңіле бересің. Осындай рухани ауруларға кете бересің. Сені алып кетеді. Өмір дегеніміз -  таудан қатты бір тасқын өзен ағып келе жатады ғой... Сен онымен күресіп, ағысқа қарсы жүзуің керек. Ол үшін саған күш керек. Күш - ол сенің рухани ілімің. Егер сен ол рухани іліммен айналыспасаң, анау ағыс сені өзімен бірге алып кетеді. Ал егер сен өзіңді күшейтіп, рухани іліміңді спортсмендер мықты қылатын болсаң... Онда сен ағысқа қарсы шығып, жағаға шыға аласың. Не сені ағыс алып кетеді. Не сен күресіп, ары қарай жағаға өлмей шығасың. Өмір деген сол. Тауғап ағып жатқан үлкен тасқын. Содан жүзіп өтуің керек. Көбі руханиятпен айналыспағаннан кейін дүниенің ағысымен кетіп жатыр, - деп түйіндеді сөзін Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин.

Сұхбаттың жалғасы бар...

Сұхбаттасқан Зарина ӘШІРБЕК

ALASH.KZ ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар