Зива Дүйсекова төрт жылдан бері қарттар үйінде тұрып жатыр. 77 жастағы кейуананы бұл үйге сіңлісі алып келген, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы Bugin.kz сайтына сілтеме жасап.
Qazaq Airan YouTube арнасында 77 жастағы кейуана өзінің аянышты тағдырын айтып берді.
"Мен келінімнің үйінде тұрып жатқанмын. Сіңлім маған: "Сенің демалатын кезің келді, қарттар үйіне бар. Ол жерде сен бұрынғыдай мал бағумен, сиыр сауумен, от жағумен айналыспайсың" деді. Содан кейін осында келдім", - деп еске алады кейуана.
Зива Дүйсекова сіңлісінің мұндай шешім қабылдау себебін де жасырмады.
"Сіңлім маған "қарттар үйіне бара бер" деді. Келінім оған сөйлеген болар. "Анау олай істеп жатыр, мынау былай істеп жатыр" деп мазаламасын деген сияқты. "Өзіңмен-өзің болғаның дұрыс" деді, - деп түсіндірді ол.
Кейуана қарттар үйіндегі жағдай туралы да айтып өтті.
"Бұл жер жақсы. Бізге жақсы қарайды. Тамағың, төсегің дайын, киімдерің жуылған. Ауырып қалсақ, дәрігерлер көмектеседі. Тіпті курортқа да жібереді. Қараусыз емеспіз", - деді ол.
77 жастағы кейуана қартайған шағында қарттар үйінде тұрудың дұрыс екенін түсінген.