Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Мәжіліс "әлеуметтік желілерді шектейтін" заң жобасын мақұлдады

11:09, 20 сәуір 2022 341
[ad_1]



20 сәуірде мәжіліс әлеуметтік желілерді "реттеуге бағытталған" заң жобасына сенат енгізген өзгерістермен келісіп, құжатты талқыламай қабылдады. Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Жәмилә Нұрманбетова сенат ұсынған өзгерістер мен толықтырулар заң жобасының (ресми атауы – "Бала құқықтарын қорғау, білім, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы") концепциясы мен мазмұнын өзгертпейтінін айтып, жобаны мақұлдауды ұсынды.

– Сенаттың түзетулері балаға зиян келтіретін, тыйым салынған немесе өзге де түрде таратылуы шектелген ақпаратты орналастыруға жол берген интернет-ресурстармен мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл жасау тетігін өзгертуге бағытталған. Сенат депутаттары бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті органға балаға қатысты кибербуллинг фактілері бойынша сараптама жүргізу тәртібін айқындау жөнінде құзырет беруді, сонымен қатар интернет-ресурстарға қол жеткізуді тоқтата тұруға негіз ретінде кибербуллинг фактілерін заңнамалық түрде айқындауды ұсынды, - деді комитет төрайымы Жәмилә Нұрманбетова. Оның сөзінен Қазақпарат үзінді келтіреді.

101 депутаттың 100-і құжатты "қолдап" дауыс берді, бір депутат "қалыс қалды".

Сәуір ортасында сенат қоғамды алаңдатқан құжатқа бірнеше түзету енгізіп, мәжіліске қайтарған еді. Сенат ұсынған өзгерістерге сәйкес, балаларға кибербуллинг жасағаны туралы фактілерді арнайы сарапшылар тобы қарайды. Бұған дейінгі жоба бойынша, бұл мәселені тек уәкілетті орган ғана қарауы тиіс болған. Құжаттан уәкілетті органға интернет-ресурс, әлеуметтік желілер мен мессенжерлердің жұмысын өз бетінше шектеу немесе тоқтату өкілетін беру туралы норма да алынып тасталған еді.

Дегенмен "Правовой медиацентр" баспасөз қорғау ұйымының директоры Диана Окремова осыған дейін Азаттыққа сарапшылар тобының жұмысы, интернет-ресурстардағы материалдарды іздеу тәрізді мәселелер бойынша сұрақтар қалғандықтан құжатты біраз жетілдіру қажеттігін айтқан.

Былтырдан бері қоғамда дау туғызып келе жатқан заң жобасына сәйкес, шетелдік әлеуметтік желілер мен мессенжерлер Қазақстан аумағында жұмыс істеуі үшін заңды тұлға ретінде тіркеліп, өкілдігін ашуы тиіс. Бұл ережені орындамаса, құжат күшіне енгеннен кейін желілер бұғаттала бастайды. Бұған қоса, құжат тіркелген өкілдіктерді Қазақстанның өкілетті органдары тыйым салған немесе шектеу қойған ақпараттарға тосқауыл қоюға міндеттейді.

Жоба сыншылары заңға енетін түзетулер цензураны күшейтіп, ақпарат алу еркіндігін шектейді деп санайды. Facebook, Instagram, Telegram, Whatsapp және өзге де танымал әлеуметтік желілердің еркін пайдаланылуына бөгет жасайды дейді.

Ал заң жобасы авторлары мұндай уәждермен келіспейді. Жоба авторлары "құжат балаларды кибербуллингтен қорғайды, әлеуметтік желілерді бұғаттамайды, тек бірқатар шектеу қояды" деп мәлімдеген.



[ad_2]

Дереккөз
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар