Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Мемлекеттік комиссия саяси қуғын-сүргінге ұшыраған 311 мыңнан астам адамды ақтау үшін не істеді? Комиссия мүшесінің жауабы

09:31, 31 мамыр 2024 438

Бүгін, 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні.

Елімізде үш жыл бойы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмыс істеп, былтыр жұмысын қорытындылаған еді. Ауқымды жұмыс нәтижесінде 311 мың саяси құрбан ақталып, 72 томдық кітап оқырманға жол тартты. Комиссия қандай жұмыс атқарды? Комиссия мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамиға Таңатарова не дейді?

КОМИССИЯ ҮШ ЖЫЛДА НЕ ІСТЕДІ

2023 жылғы желтоқсанда Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия өз жұмысын аяқтап, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Комиссияның соңғы отырысы өткен болатын.

Басқосуда Мемлекеттік комиссияның және оның аймақтық бөлімшелерінің жұмысы қорытындыланды. Отырысқа қатысушылар Президенттің 2020 жылғы 24 қарашадағы Жарлығына сәйкес құрылған Комиссия ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін кешенді әрі жүйелі жұмыс жүргізуге мүмкіндік бергенін атап өтті.

Комиссия, ең алдымен, зерттеу-іздеу және жинақтау-талдау жұмыстарына баса мән берді. Оның қызметін үйлестіру үшін Жобалық кеңсе құрылып, құрамына ғалымдар, зерттеушілер және мемлекеттік органдардың өкілдері кірді. Түрлі санаттағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын қамту үшін нақты тақырыптар бойынша бөлінген үш ғылыми топ жасақталды.

Әр өңірде аймақтық комиссия құрылды. Мемлекеттік комиссия құрамында 425 ғалым мен зерттеуші, оның ішінде 260-тан аса маман өңірлік комиссияда еңбек етті. Олар еліміздің түкпір-түкпіріндегі 60-тан астам мемлекеттік және ведомстволық архивте ауқымды жұмыс атқарды.

Нәтижесінде, 2,6 миллионнан астам құжат пен материалдан құпия белгісі алынып тасталды. Мемлекеттік комиссия саяси қуғын-сүргінге ұшыраған 311 мыңнан астам адамды ақтау үшін қолданыстағы заңнама аясында нақты жұмыс жүргізді.

Зерттеу нәтижесін ғылыми тұрғыда рәсімдеу үшін Мемлекеттік комиссия материалдарының 72 томнан тұратын жинағы бір сериямен әзірленді. Саяси қуғын-сүргінге қатысты зерттеу жұмысын Президент тапсырмасымен құрылған XX ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығы ары қарай жалғастырды.

Арнаулы мемлекеттік архивтерден 2 жыл ішінде осы Орталыққа репрессия құрбандарына қатысты 688 мыңнан астам іс және 48 мыңға жуық есепке алу карточкасы берілді. Орталық ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін туралы құжаттарды цифрлы форматқа көшіріп, электронды қор қалыптастырып жатыр. Оның бәрі ғалымдарға, зерттеушілерге және қалың көпшілікке қолжетімді болады.

АШЫЛМАҒАН ДЕРЕКТЕР ӘЛІ ДЕ КӨП  

Комиссия мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамиға Таңатарова "Халық үні" порталына берген сұхбатында: «Барлық облыста аймақтық комиссиялар құрылды. Оның құрамына әр саланың ғалым­дары, тарихшылар, филологтер, архив қызметкерлері, заңгерлер, магистранттар кірді. Комиссия жұмыс топтарын 8 бағытта ұйымдастырды. Соған сай жоспар жасақтап, өңірлерге жіберіп отырды. Өз кезегінде, аймақтар бекітілген ортақ ережелерді басшылыққа алып жұмыс істеді. Мен Атырау облысындағы өңірлік комиссияның кулактарды, байларды, жартылай феодалдарды (орта шаруаларды) және шаруаларды ақтау бойынша қорытындылар мен ұсынымдарды зерделеу, дайындау жөніндегі жұмыс тобына жетекшілік еттім», – дейді.

Біз бірден мұрағаттарда материалдар жинауға кірісіп кеттік. Яғни, қанша адам сотталды, қуылды, олардың қанша мал-мүлкі тәркіленді, мәжбүрлі түрде қашқан кезде аштық, суық пен аурудан көз жұмған ересектер мен балалардың саны қанша деген сұрақтарға жауап іздедік. Қазақстаннан тыс жерлерге қанша адам қоныс аударуға мәжбүр болды, қанша адам қуғын-сүргінге ұшырады деген сияқты маңызды мәліметтерді де басты назарда ұстадық. Елді мекендерге іссапарларға шығып, жергілікті тұрғындармен, қуғынға ұшыраған отба­сы­лардың туған-туыстарымен кездесіп, архивтерде сақталған құ­жат­тар мен деректерді анықтадық. Үш жыл ішінде жаңадан табылған фактілердің нәтижесінде жаппай қуғын-сүргіннен құрбан болған және жапа шегіп, ақталмаған адам санын барынша нақтыладық, – деді ол.

«Жұмыс барысында 1920-1930 жылдары аймақта 56 халық көтерілісі болғанын, оларға жетекшілік еткен және ұйымдастырған адамдардың аты-жөнін архив құжаттарымен дәлелдедік. Көтеріліске 6139 адам қатысса, оның 668-і сотталған, 83-і жер аударылған, 331-і көтеріліс кезінде қаза тауып, 59-ы ату жазасына кесілген. Ұлы Отан соғысы жылдары Германия мен басқа елдердің қолына түскен 775 қазақстандық әскери тұтқын тізімін таптық. Гурьев облысында орналасқан НКВД ГУЛАГ-қа қатысты құжаттарға сәйкес, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін олардың туыстарын анықтап, 300 адамның тізімін зерттедік. Басқа да көптеген істің басы-қасында болдық.

Ең бастысы, үш жыл ішінде тарихи оқиғалардың ашылмаған тұстарын айқындадық, оларды түген­деуге бағытталған орасан зор жұмыс атқардық. Комиссия жұмысы тоқтағанымен бұл бастаған ісіміз ғылым аясында жалғасуы керек деп ойлаймын. Өйткені, архивтерде репрессияға қатысты ашылмаған, зерттеуші қолына түспеген құжаттар мен деректер әлі де көп. Соларды ғылыми айналымға енгізу қажет», – деп түйіндеді маман.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар