Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Міржақып Дулатұлы: Халыққа қызмет етемін деген кісіге бәрібір: депутат бол, газет шығар, бала оқыт

23:21, 22 сәуір 2024 381

Жалпықазақ съезі учредительное собраниеге Торғай облысынан депутат белгіленгенде, списокте мені екінші қылып көрсеткен еді. Мен төменгі себептермен списоктен шығамын һәм таласқа түспеймін.

1) Саясат жөнінде жұрттың бәріне ұстаз - Еуропа халқы. Біз өрнекті Еуропа халқынан алуға тиістіміз. Бірақ аз уақыттың ішінде қанша сүйрегенмен, жалпы жұрт Еуропа болып кете алмайды. Жүре-жүре түзу жолға түспек. Учредительное собраниеге сайланатын депутаттар да Еуропа рәсімімен сайлануға тиіс еді. Анау арғын, мынау алшын делінбесе керек еді. Торғай облысының списогінде алдыңғы қатардағы үш кісі - үшеуі де арғын, үшеуі де бір үйезден болған соң, Еуропа жолынан тайып шығып, біз мүшеден құр қалдық деген қыңқыл шықты. Соның үшін арғынды азайтуға һәм арғын кемісе, Торғай облысының списогі біреу болар деген мақсатпен шығамын.

2) Ахмет һәм мен екеуміз де депутат бола қалсақ газет иесіз қалар, өйткені учредительное собрание мәжілісі 2-3 айдан аспас деп ойласақ та, ұзаққа созылмасына көз жетпес деп шығамын.

Бір кісі бір іске жарайтын болса да аз емес. Халыққа қызмет етемін деген кісіге бәрібір: депутат бол, газет шығар, бала оқыт. Өзгеміздің бәрі сай болып, жалғыз депутаттыққа қарап тұрған іс жоқ. Халқың надан болса, мың депутатың болсын, онан пайда тағы жоқ. Депутаттықты таңсық көріп, атағына қызығып яки бәсеке үшін баратын кісі болмасқа керек. Екі қазақ таласып бір орысқа жем болсақ, онан тапқан пайдаға түбінде ие табылмай жүрмесін.

Осыны әркім ескерсе екен. Мені атаған жалпықазақ съезіне һәм басқаларға ілтипат үшін тәңір жарылқасын айтамын.

Міржақып ДУЛАТҰЛЫ

«Қазақ» газеті, 1917 жыл, №248

Дереккөз: Дулатұлы М., Алты томдық шығармалар жинағы.2-том. - Алматы, 2013 ж.

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар