Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Мұғалімдерге берілетін марапаттың бәрінен қадір кетті, анығын айтқанда қадірін кетірді" - Аятжан Ахметжанұлы

20:53, 09 қараша 2024 1338

Белгілі педагог, қоғам белсендісі Аятжан Ахметжанұлы қоғамдағы маңызды проблеманы сөз етіп, марапаттан да мән кеткенін, марапаттың негізсіз үлестірілетінін сынға алды, деп хабарлайды  Alash.kz ұлттық порталы.

Баяғыда «Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, «білім беру ісінің үздігі», «білім беру саласының құрметті қызметкері» -деген төсбелгі иегер ұстаздарды көргенде құрметім кәдімгідей артатын. Ең мықты санаулы ұстаздарда ғана болатын еді. Олардың қадірі басым, ұжым алдында бедел еді.

Министрдің атынан бір адамға алғыс хат немесе құрмет грамотасы келсе ұжым болып қуанатын, ұжым болып марқайып қалатын еді.
Қазір ше? Бәрінен қадір кетті, анығын айтқанда қадірін кетірді. Әр жиынның соңы марапаттау, әр іс-шараның соңында медальдің шылдыры естіледі.

Тіпті білім саласында санат алсаң да медаль, сағат алсаң да медаль. Бәрі министрдің атынан, министрліктің атынан. Бәрі мәз секілді бірақ, бұрынғыдай ешкімнің беделі жоқ. Неге?
Қазір екі медаль елдің бәрінде бар, бірақ, ел бойынша білім сапасы төмен, министрлік соны шешеміз деп «мақсатты мектеп», «нысаналы мектеп, нышаналы мектеп» деп ала шапқын. Сонша кеуде толған медаль болса неге білім сапасы төмен болады деп мен де аңтаң, апам да аңтаң.

Ел бойынша балалардың тәрбиесі ушығып тұр. Аптасына әлеуметтік желіде жаға ұстатар екі-үш мәселе көресің. Күйінесің, күйрейсің. Министрлік пен білім басқармаларына қарасаң марапатталып жатқан, марапаттап жатқан іс-шаралар. Жылдан асты аспаннан медаль мен алғыс хат жауып жатыр. Сонша үздік көп, неге баладан тәрбие кетіп тұр? Жаңағы жұрттың өнегесі қайда?
Өткенде бір ақпаратты оқып отырсам бір облысқа 11 500 дана медаль барыпты-мыс. Ол өңірде қанша мектеп, қанша оқушы бар екен деп зерттедім де, мына мектебі аз өңірге осынша болса, сонда Түркістан облысына неше мың медаль барды екен деп бір күліп алдым. Күліп отырып күйініп ашуланасың ғой сол.
Атақ, мәртебе, даңқ, орден. Басқа ауырса да бұнымен ұстаздар ауырмау керек. Ұстаздарды ауыртпау керек.

3-4 жыл бұрын «Ұлт ұстазы», «Алаш ұстазы» деген марапат бизнеспен, ақшасын төлесең бере салатын медаль бизнесімен күресіп ек.
Енді басқа емес министрліктің түрі мынау... Қадірін әбден кетірдіңдер-ау, өз қадірлеріңмен қоса, - деп жазды автор.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар