«Каспий» футбол клубы он сегіз жылдан кейін Қазақстан премьер-лигасына оралғанда маңғыстаулық жанкүйерлердің қуанышында шек болған жоқ деп жазыпты zhasalash.kz. Мұнайлы өлкеде қаржы да жоқ емес. Сондықтан үміт зор еді. 2020 жылы клуб премьер-лигаға түскенде бюджеттен 1,3 миллиард теңге бөлді. Қазақстан футболының ең жоғарғы дивизионына өткен «Каспийге» салықтың ақшасы аяусыз құйыла берді. 2021 жылы 1,5 миллиард бөлінсе, 2022 жылы 1,7 миллиардқа көбейді. Биыл 2 миллиард теңгеден асқан еді. Алайда командаға қаржы бөлінген сайын футболшылар ойыны нашарлап, клуб қарызға бата берді, бата берді. Қыл соңында клуб биыл премьер-лигадан ұшып кетті. 14 команданың ішінде 13-орынға түсіп қалды.
«Бюджетінде 2 млрд қаражаты бар команданың премьер-лигадан шығып кетуі өкінішті. Олар жылдың басында үшінші орын аламыз деп алдарына мақсат қойған. Футболда бәрін ақша шешпейтіні белгілі. Бірақ сол ақшаны орнымен қолдану деген бар ғой. Командаға өте нашар легионерлер келді, сапасыз футболшылар келді. Бас бапкер боп келген Кахабер Цхададзе бес ойын қатар жеңіліп, орнынан кетті. Ол алып келген футболшылар нашар болып шықты. Жеті легионер кетіп, жеті легионер қайта алды. Одан да түк шықпады. «Каспий» ұзақ жылдан соң премьер-лигаға шығып, дүркірете бастап еді. Айналдырған үш жылдың ішінде өңірдегі футбол быт-шыт болды. Енді оны орнынан қайта тұрғызу үшін біраз шаруа істелу керек. Футбол менеджментін түсінетін мамандарды тарту қажет. «Каспий» легионерлерге түбі қарыздарын төлейді. ФИФА-да қазақстандық клубтың ісі жатқаны жақсы емес, ол отандық футболға нұқсан келтіреді. Трансферлік бан тіркеледі», – дейді комментатор, футбол сарапшысы Ермұхамед Мәулен.
«Каспийдің» нақты қай футболшыға қанша қарыз екенін клубқа хабарласқанымызбен біле алмадық. Клуб өкілі келісімшарт талаптарына байланысты нақты ақпарат бере алмайтынын айтты. Ол айтқан жалпылама мәлімет бойынша қарыздың бас-аяғы 1 млрд теңгеге жуық. Оның ішінде мемлекеттік сатып алу, түрлі арендалар мен салық бойынша да берешектер бар.
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев бұл өңірге 2021 жылы басшы болып тағайындалған. Содан бері футболға да қаржы аяусыз құйылды. Бюджет қаражаты дегеніміз – ол салық арқылы халықтың қалтасынан алынған қаражат. Сондықтан оның сұрауын осымен үшінші облысты басқарып отырған Нұрлан Асқарұлы жақсы білуге тиіс. Ноғаев әкімдігі бұл жайттан хабарсыз да емес, қазір клуб басшысын байлағандай қылып ұстап отырған көрінеді.
«Каспий футбол командасынан еңбекақымызды ала алмай жүрміз деп ФИФА-ға арыз түскен. Клубтың оның сыртында да басқа қарыздары бар. Мәселен, мемлекеттік сатып алу бойынша 45 миллион қарыз. Менің облыстық спорт басқармасына келгеніме бір ай болды. «Каспий» футбол клубының басшысына бір сөгіс, бір ескерту жарияладым. Аудит жүріп жатыр. Енді екінші кезеңі басталады. Яғни 2023 жылға тексеріс болады. Егер қылмыстық элемент болса, сотқа береміз. Қазір клуб басшысының қызметінен кету туралы арызы да бар. Бірақ тексеріс бітпей оған қол қойылмайды», – дейді Маңғыстау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мақсат Мұқаш.
Асылы Қазақстан клубтары облыс әкімдіктеріне байланған. Дамыған елдерде әр клуб керісінше, үкіметке салық ретінде қыруар қаржы төлейді. Масыл емес, экономиканың бір жағына шығысады. Ал бізде керісінше. Сондықтан аз ақша бөлінбейтін бұл салаға өңір басшылары жіті назар аударуға тиіс. Миллиардттар бөлінсе де қарызға батып, премьер-лигадан шығып қалған «Каспийдің» жағдайын Ноғаев қалай тұралатып алды екен? Атырау облысын басқарып тұрған кезінде Қазақстан кәсіби футбол лигасы Нұрлан Ноғаевқа «Үздік футбол әкімі» деген атақ берген. Ол кезде «Атырау» футбол командасы Қазақстан кубогінің финалына шыққан еді. Өзі әкім болып келерден бір жыл бұрын премьер-лигаға көтерілген «Каспийді» ұшпаққа шығарам деп, қаржысын екі есеге жуық көбейтсе де командасы жоғарғы лигадан құлап қалған, онымен қоймай ФИФА-мен соттасып, шытырманға ұрынғалы тұрған «Үздік футбол әкімі» биыл қандай атақ алар екен? Әлде 2017 жылы алған атағын қайтарып бере сала ма?