Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

ОРАЛХАНДЫ ДА, ҚҰДАЙЫҢДЫ ДА ҰМЫТҚАН ЕКЕНСІҢ... яғни, Д.Исабековты тәубаға түсіру рәсімі

19:26, 02 желтоқсан 2022 241
Республика президентінің қолынан биік марапат алып, желі көтеріліп тұрған Д.Исабеков, мына біз сияқты пендесіне көңіл бөліп, «Мұхтар Мағауиннің бүкіл позициясы маған ұнамайды» деген түйінді тақырыппен сұхбат беріпті – Nege.kz, 10.ХІ.2022. Бір заманда таныған, білген, енді көзден таса, көңілден өшкен жазарманның, тәрізі, қырық-елу жыл бойы іште булыққан жүрекжарды толғамы. Жарыққа шыққан кезде біз тарихи-танымдық «Алтын Орда» кітабын дендеп, қажетті тынысқа Эрнест Хемингуэйдің ескі жұрты – жылы теңізге бет түзеген едік. Енді міне, екі аптадан асқанда қайрылып соғуға мүмкіндік таптық. Артықша қажеттіліктен емес, әлдебір әуесқой ағайындар дүддәмалда қалмасын деп.

Алдымен, айқайлы сұхбатты оқымаған бүгінгі жұртшылық үшін, ең бастысы – Д.Исабеков бауырымыздың мүбәрак есімін кейінгі заманға ұмыттырмай жеткеру үшін, шын мәнісіндегі ойбайлы лепестің бізге қатысты бөлігін тұтасымен келтірелік.

«– Атақ дегеннен шығады, өткенде ғана Мемлекеттік сыйлыққа қатысты дау болды. Тіпті, сонау шетелден жазушы Мұхтар Мағауиннің өзі президентке хат жазып, Тұрысбек Сәукетаевқа араша түсіп еді. Осы кезде сізге қандай ой келді? ...Мұхтар Мағауин лайықты деп бағалаған Тұрысбек Сәукетаевтың шығармасы көңіліңізден шықты ма?

– Осы жолы ақын Ғалым Жайлыбайдың, жазушы Кәдірбек Сегізбаевтың ұсынған шығармасы дұрыс болды деп ойлаймын.

Мұхтар Мағауинннің алыста жатып араласуының түкке қажеті жоқ еді. Оның мына жақтағы жайтқа төрелік айтқаны маған ұнамады. Керісінше, қарсылық тудырды.

 

Жалпы, Мұхтар Мағауиннің бүкіл позициясы маған ұнамайды. Шетелде жатып алып, осы жақтың тірлігіне араласып отыр. Өзінше бір Солженицынге ұқсағысы келетін болуы керек.

 

АҚШ-та жатып, өзін туған елінен қуғын көргендей көрсетеді. Ол ешқандай да қуғын көрген жоқ. Осы елден алатынның бәрін түгел алып алды. Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды, Халық жазушысы болды. «Жұлдыз» журналын 20 жылдай басқарды. Бұл басылымға ең ұзақ редактор болған да өзі. Тіпті, «Жұлдыз» журналының әр санын өз пайдасына ғана арнап, шығарып отырды.

 

Жұрттың пікіріне қарсы «Мен» деген роман жазып, жариялады. Кейбіреулер «Мен» емес, неге «Ол» деген роман жазбайды?» деп пікір қалдырып еді, оларға бас салды. Өзінен басқа жазушы жоқ екенін анық, ашық айтты. Анау Мұхтар Әуезовті де, басқасының бәрін ысырып қойып, жалғыз өзін жазушы етіп көрсетті. Қалғанының бәрі одан әлдеқайда төмен. Ешқайсымыз, өліміз де, тіріміз де аман қалған жоқпыз. Осындай да позиция бола ма екен?!

 

– Әр адамның бойында пендешілік қасиеттер болмай тұрмайды ғой. Бірақ шығармашылығын құрметтейтін шығарсыз...

 

– Жалпы, Мұхтар Мағауиннің шығармашылығы көп сұраққа толы. Тарихи романдарының көбі көшірме екенін бір кезде дәлелдегендер де болды.

 

– Мәселен, қай шығармасы?

 

– Әсіресе, «Жармақ» романын кейбір жұрт оқымаса да, жатып кеп мақтады. Өзім де оқып шықтым. Бұдан бұрын бұл роман «Ұлтсыздану ұраны» атты мақала ретінде жарық көрді.

 

«Жармақ» осы мақаланың негізінде жазылған публицистикалық шығарма. Мұны роман деуге келмейді. Және ішінің бәрі ашу-ызаға толы. Роман деген ашу-ызаға, кекке құрылмайды.

 

Роман – белгілі бір кезеңді қамтитын, белгілі бір ситуацияға құрылатын көркем шығарма. Ал Мағауин бәріне тек ашу-ызамен ғана қарайды.

 

– Шын мәнінде, «Мұхтар Мағауин елдегі ұлттық мәселелерге үн қатпайды, неге сыйлыққа келгенде мәлімдеме жасады» дегендер көп болғаны рас...

 

– Кейде осылай біреулерге ара түскен болады. Бірақ енді оны өзі білсін. Араша түсем десе, өзінің азаматтық позициясын, деңгейін танытатын нәрсе. Өйткені, Сәукетаевпен талай жыл бірге жұмыс істеді. Ол Мағауиннің «Жұлдыз» журналындағы оң қолы болды. Содан кейін де арнайы араша түскен болуы керек. Президент Мағауиннің хатынан кейін қаулы шығарып, Сәукетаевқа «Желқайық» романы үшін Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығы тағайындапты.

 

Ал енді ақын Ғалым Жайлыбайдың өткен жолы 100 пайыз дауыс алып, құлап қалғанының өзі комиссия мүшелерінің немесе соны басқарып отырған адамдардың қандай екенін көрсетеді. 100 пайыз дауыс алған адамға ақтық кезеңде дауыс жетпей қалуы мүмкін емес қой. Соның бәрінің дауысын кемітіп тастаған сияқты көрінеді маған.

 

– Мұхтар Мағауин екеуіңіздің араңыздан ешқандай ала мысық өтіп кетпеген бе еді?

 

– Ешқандай араздық болған емес. Тек қана шетте жатып алып, арасында мақала жазып қойып, төрелік айтып отырады. Елдің мәселесі туралы, халықтың жағдайы туралы айтпайды. Өз басым елден кетіп қалуды қостамаймын. Баяғыда бір мақаламның ішінде «Халыққа, билікке сөзі өтетін адамдар керек еді. Сондай халық құлақ асатын адамның бірі өзің едің. Дәл керек кезде «не болсаң, сол бол» деп шетке кетіп қалдың. Сырттан бақылап отырғанның несі қызық? Еліңді жақсы көрсең, халық у ішсе, у ішіп, су ішсе, су іш. Шетелде демалып, сырттан бақылап жатқан азаматтыққа жатпайды» деп жазғаным бар. Одан кейін ештеңе деген жоқ, жауап та бермеді.»

 

Міне, осындай ғажайып.

 

Орыс сөзінде ғой деймін, «Өзіңнің түйе емесіңді дәлелдеп көр» деген. Менің кім екенімді дәлелдеп қажеті жоқ. Соңғы елу бес-алпыс жыл мұғдарында бүткіл Алаш жұрты таныды, білді, аспанға көтерді: алдыңғы аға буын қастерлесе, кейінгі жаңа толқын құрмет тұтады. Советтік соқыр түсініктен әлі күнге арылып болмаған Д.Исабеков жолдас тым құрса осы, тәуелсіз заманда дүниеге келген, ұғымы кең, танымы терең жастардан ұялса керек-ті. Енді турасына көшейік.

 

Мен әуел бастан-ақ бұл Д.Исабековты, «Жалында» отырған кезімде, әлдебір повесін Төлен досының ықылас, өтінішімен, қысқартып, түзеп, күзеп, әрең өткерген мезетімнен бастап, шамалы, орташа ғана жазарман деп санаушы едім. Ешқашан ешқайда ауызша, немесе жазба түрде атап айтқан емеспін. Алайда, көңілі жүйрік сұңғыла қапысыз таныпты. Бірақ мен әжептәуір қателескен екем, мынау шынайы сұхбатына қарағанда, ортадан төмен шықты. Мұндай қораш дүние-таным, шалағай әдеби сауат, дүмше үкім – Д.Исабековтың бар болмысын толық әйгілеп тұр. Ой жүйесінің шектеулі өрісі мен жазу мәдениетінің төмендігі таң қаларлық. Оны аз десеңіз, қисынсыз өтірікті жылмай ағызатын машығы бар екен: басқасын айтпайын, мен қай жерде Ұлы Мұхаң – Мұхтар Әуезовке көлеңке түсіріппін?.. Қалғанын тізбелеп көрсетпей-ақ қояйын. Осыған орай, аз-маз көзі ашық оқырман атаулы бас ауыртпай байыптайтын барлық жауап –тұтасымен қатын-ойбай, жала мен жалғанға құрылған ерекше сұхбаттың өз ішінде тұр.

 

Бір кездегі әріптес ағайынның осыншама ағылып-төгілуіне себеп емес, сылтау оңай табылыпты. Мен жақында ғана өткен Мемлекеттік сыйлық бәйгесінде орынсыз шетқақпай қалған Тұрысбек Сәукетайды қолдап шығыппын. Қылмысқа парапар сұмдық екен.

 

Жүлдеден әркімнің-ақ үміті бар, соған орай қостаған, тілектес пікірлер айтылып жатуы да заңды. Дәп осы атаулы сыйлыққа Д.Исабековтың өзі қалай жетіп еді? Иә, бұдан тура отыз жыл бұрын. Бүгінгі ғаламат тұлғаға Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығын алып берген – Оралхан Бөкеев болатын. Басқалар ұмытса да, Д.Исабековтың өзі ұмытпауға тиіс еді. Енді амалсыз еске түсірейік.

 

Мен «Жұлдыздамын». Кабинетімде Рымғали Нұрғалиев отыр еді. Келер мезетте үстімізге Оралхан кірді. Р-екеңнің көлеңкесін шалып, екі ағамның басы қосылған екен, арнайы келіп тұрмын, деген. Ұзын сөздің қысқасы, біз – Мемсыйлық бәйгесіне ұмтылған Дулат Исабековке дауыс беруіміз керек. Ол – шамалы ғана прозашы ғой, деп едім. Рымғали артын бағып, үнсіз қалды. Енді Оралхан ініміз бізге салмақ сала сөйлеген. Түсіп жатқан басқа жұрттан кем емес, оның үстіне менің досым, жақсы жігіт. Екі ағаңның дауысын әпер деп өтінді. Ал дәп солай келсем, менің өзіме дауыс берер ме едіңіздер? Өткенде дауыс бергеміз, деді Рымғали. Сондықтан да туған ағаларым ретінде екеуіңізге қатарынан міндет артып тұрмын, деген Оралхан. Енді амал жоқ. Әуелі мен иілдім, содан соң азғана үгіттеп, Рымғалиды да көндірдік.

 

Бұл кезде Мемсыйлық тағдыры атаулы секцияларда шешіледі, ақырғы, жалпы дауыстан өтуі – шартты рәсім ғана. Уақыты жақындап қалған екен, асса бірер апта ғана. Атаулы күнде шешуші мәжілісімізге жиналдық. Әдебиет секциясында он жеті мүше бар еді. Он төрті ғана қатысты. Жабық дауысқа салып жібергенде, бүгінгі дүр Исабеков небәрі тоғыз дауыс алды. Қажетті үштен екіге жарты өлшемнен астамы жетпей тұр. Алайда, мұндай жағдайда бөлшек – бүтінге саналуға тиіс қағида бар. Сонымен, тоғыз дауыс бұл шартқа сәйкесіп, Д.Исабеков қиғылықты мәреден өте шықты. Әупіріммен десек те. Оралханның араласуы, қисынсыз, төбеден түскен екі аға – Рымғали Нұрғалиев пен Мұхтар Мағауиннің шешуші дауыстары нәтижесінде. Егер екеуіміздің біріміз Оралханның тілегін ескермей, қалыс қалсақ, Д.Исабеков күні бүгінге дейін Мемлекеттік сыйлықтан үміткерлер қатарында жүріп, бәлкім дәп осы жолы Кәдірбек Сегізбаевпен тайталасқа түсер еді. Түспес те еді. Өйткені, соңғы отыз жылда жаңа бір шығарма жазған жоқ. Америкаға өтіп кеткен әлдебір жерлес, аяғы жеңіл қыздың думанды, ақыры кісі өлтірумен тынып, қырық жылдық түрмеге кесілген қым-қуыт өмірі туралы, қазақ баспасөзінде кеңінен насихатталған ғаламат эпопеясы әлі күнге бітпей жатыр. Уақасы жоқ. Бүгінде бұрнағы мейірбан, жанашыр досы Оралханның арқасында, шалқып, толқып отыр. Ол аз болғандай, бізді Тұрысбек Сәукетайға пейіл білдірді деп сөгіп жатыр.

 

Белгілі жағдай, мәртебелі сыйлықтың, әдепкі жанкүйер, тілектес ағайындармен қатар, өз қолымен шешетін негізгі тұлғалары болады. Кейде көпшілік емес, бір ғана кісі. Мәселен, 1984 жылы мына маған, ол кезде Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықты Олжас ағам алып беріп еді. Тиесілі секция басшыларының соңғы кеңесі, дәп осы кезде Мәскеуде жүрген Жазушылар одағының басшысын сырт қалдырып, шұғыл шешім қабылдайды. Бірге туған ағам есепті, ауылдас, аталас Еркеғали Рахмадиев бастап, менің орныма Ларин деген жадағай журналисті өткізіпті – Брежневтің «Целинасын» жазып бергендердің жетекшісі екен. Олжекең Мәскеуден орала салысымен Димекеңе тікелей кіріп, Ларинді құрдымға жөнелтіп, мені қайыра көтерді. Бүгінге дейінгі ең басты шығармам – Дукеңнің «көшірмелер қатарында», аузы толып, атап айтуға батылы бармай қалған «Аласапыран» тарихи дилогиясы. Міне, ол заманда қаламгердің алдынан даңғыл жол ашатын, бүгінгіден әлдеқайда құрметті сыйлыққа Олжас ағамның шарапатымен қол жетті. Арада қырық жылға тақау, ұзақ заман өтсе де, әлі күнге масаттанамын: Мемлекеттік сыйлықты дер шағым, ең қажетті кезде Олжас Сүлейменовтың арқасында алдым деп. Ал мына Дулат туысым атақ, даңқ, биік дәрежеге қандай жағдайда қолы жеткенін ұмытып қалыпты. Анығы – ұмытқан жоқ, кәдімгідей намыс көреді. Шындығында, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығын Оралхан досымның дәнекер жалғастығымен, Мұхтар Мағауин алып беріп еді деп жүрсе, бізге алғыс қана емес, өзіне де мақтан, мәртебе болар еді ғой!..

 

Әрине, мұнымыз пендешілік. Сенің саудаң сақал сыйпамай тұрып-ақ біткен. Мана дәуірлеуіне қарағанда, Д.Исабеков Ғарыштағы Құдайдың өзін ұмытыпты. Оралхан мен Құдайды ғана емес, бүгінгі президентін де. Сұхбаттың бастауында, кеше ғана ел ағасының өз қолынан зор марапат алғанына қанағат білдіреді, ал сөз соңында, ертеңгі президент сайлауында кімге дауыс беретінін әлі нақты шешпегенін мәлімдепті. Әлбетте, еркін ойлы батырымыз – судан өтіп кеткен, қайткенде алдыңғы жарлық мансұқ етілмейді ғой. Ал мына біз білмес тайыздықпен, бұдан отыз жыл бұрынғы әлденені бұлдап отырмыз...

 

Әнеки, бұрнағы, кейінгі барлық жазуымыз бен іс-әрекетіміз ауыр сөгіс арқалатты. «Мұхтар Мағауиннің алыста жатып [Мемлекеттік сыйлық мәселесіне] араласуының түкке қажеті жоқ еді. Оның мына жақтағы жайытқа төрелік айтқаны маған ұнамады...» Тағы да: «Мен қостамаймын...» «Маған ұнамайды...» Екі, әлде үш рет қайталап, шегелеп айтыпты. Мына Мен – осы алпыс жылдан астам шығармашылық ғұмырымда иілмей, тік келе жатқан асқаралы Мұхтар Мағауин – Д.Исабеков деген, әлдебір құбатөбел жазарманға ұнау үшін ғана өмір сүруім шарт екен. Әйтпесе, біздің бүткіл болмысымыз, өзіндік дүние-таным, әдебиет пен заманға көзқарас, бұрынғы-соңғы бар жазуымыз теріске саймақ. Жай ғана теріс емес, біржола мансұқ. «Жалпы, Мұхтар Мағауиннің бүкіл позициясы маған ұнамайды...»

 

Түйеден емес, пілден түскендей өкім. «Мұхтар Мағауиннің бүкіл позициясы маған ұнамайды!» Дәп осынысы рас. Д.Исабеков таңды түнге қосып, талмай безектеп, Нұрсұлтан Назарбаевты дәріптеп жүрген кезінде, біз бұған мүлде қарама-қарсы бағыттағы «Ұлтсыздану ұраны», «Қан төгілді!..» «Қазақсыз Қазақстан» деген, әдеби, әлеуметтік толғаулар жазып жаттық. Және Д.Исабеков бауырымыз қамшымен айдаса аттап баспайтын тағы бірталай пәлекет. Ақыры, Дукең алтынды-күмісті «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» орденін кеудесіне таққан кезде бізге тат басқан көк темір де бұйырмады. Керісінше, қаралау мен сөгіс. Санай берсек, тағы қаншама қайшылық шығады...

 

Алайда, ең қызығы бұл емес. Өкімет пен партияға сүйенген Д.Исабеков менің аузыма қақпақ қойып, үнімді біржола өшіргісі келетіндей. Өткендегі бар жазуымды жоққа айналдыру тұрыпты, бүгінгі барлық іс-әрекетіме тыйым салмақ.

 

«Шет елде жатып алып, осы жақтың тірлігіне араласып отыр.» Яғни, сонау Америкада тұрып, біздің Қазақстанның ішкі істеріне қол сұқпақ. Сұмдық қой! Қандай тоқтау бар? Иә. Өткендегі советтік озық тәжірибе. Іңкібіді мен Кігібі... Шіркін, қызыл фашистік заман қайта оралса ғой! Ахаң деген, Жақаң деген, Мағжан деген сыбайлас ағаларының соңынан аттандырып жіберсе... тыпа-тыныш болар едік! Амал қанша, келмеске кеткен нұр заман...

 

Хош. Ойнасақ та біраз жерге бардық. Бір пәле жүз қайғыны қозғайды, дегендей, Д.Исабековтың алпауыт сұхбатына қатысты хикмет көп, онсыз да айқын мәселені езбелей бермей, бірер сорақыға ғана тоқталдық. Енді, сөз түйіні.

 

Айбынды Дулат туысым әрқилы тұлғаларды өзара салыстырғанды жақсы көреді екен. Өзін менімен шендестіреді, анығы – бар болмысымызға үкім айтып, өзінің өлшеусіз артықшылығын әйгілейді. Бұған келістік. Енді әуелгі іріктен аспай қалған Тұрысбек Сәукетайды, бар бөгесіннен шауып өткен Ғалым Жайлыбай, Кәдірбек Сегізбаевтармен салыстырады. Ғалымның өткен бір бәйгеде қиянат көргенін жаңалық ретінде айтыпты. Біз бұдан төрт жыл бұрын арнайы мақала жазған жағдаят. Ал Кәдірбек... Баяғыда, бізді әдебиеттен, қоғамнан аластату талабымен, былғаныш донос ұйымдастырған. Күні бүгінде әлденені бықсытып жүреді. Мейлі, бірдеңе шығарам десе, тыпырлай берсін. Біздің сөз – Тұрысбек жөнінде еді ғой. Қалай тартсаңыз да, ана екі жігіттен төмен жатыр. Бұған да таласпайық. Ал осы Д.Исабеков өзін сол Тұрысбек Сәукетаймен салғастырып көрді ме? Анығында, ағасын қақпақыл етіп отырған Ғаламат Тұлғаға кейінгі бәкене інісі сөз болып па дерсіз. Әйткенмен, біз осы Д.Исабеков пен Тұрысбек Сәукетай екеуін бір безбенге тартып байқадық.

 

Міне, керемет! Д.Исабековтың андан-мұндан терміштеп жазған бес-алты әңгімесі, жасанды сюжеттерге құрылған екі-үш хикаяты, ешкім оқымайтын дүмбілез романы, бізге қатысты өз сөзін қайталасақ, әркімнен, бұл жолы Сәбит Мұқановтың «Балуан-Шолақ» повесі мен Мұхтар Мағауиннің «Шыңғыс хан» тетралогиясынан көшірмелеп құрастырған бұрнағы және ең соңғы пьесасын қосқанда, шиі сорайып тұрған негізгі шығармашылық қоры – әупірім дегенде үш-төрт томға әрең жететін «Толық жинағы» – біздің Тұрысбек Сәукетайдың жаңа ғасыр шегінде жария болған және бүгінгі қазақ қауымының көкейкесті мәселелерін көтерген әлденеше романын ауызға алмай-ақ қоялық, осыдан ширек ғасыр бұрын жарыққа шыққан «Құзғын тойған қыс» атты, небәрі қырық беттік шағын хикаятымен салғастыра қарасақ – арасы жер мен көктей. Өзін тірі классик санайтын Д.Исабековтың ойы да, бойы да жетпес биікте тұр! Неге, қалай – арғы жағын қазбаласақ, мүлде жер қыламыз.

 

Ал атаулы сұхбатқа келсек, маған үлкен зиянға шығыпты – мәнісі кем, онсыз да түсінікті дамайды тиянақтаған пенделіктің төлеміне, әдепкі, қажет жазуға ғана жұмсалуға тиіс төрт-бес сағатым – дөңгелете айтқанда, тұтастай бір жұмыс күнім шығын болыпты. Не шара, кезекті демалыс тәулігінің есебінен толтыруға тырысамыз.

 

Ләббай, алдыңғы толқын, оның ішінде шатыса бастаған шалдарға қашанда сын көзімен, бірақ әзіл үстінде, жеңілдікпен қарайтын кейінгі талапкер жастардан кешірім сұрай отырып, бұдан былай әрқилы бөстекі ұсақ-түйекке мойын бұрмаспыз дегендей уағда қыламыз.

 

Мұхтар Мағауин,

27.ХІ.2022,

Силвер Сприң, Мэриленд, АҚШ.

Malim.kz
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар