Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Өскеменде Қаңтар оқиғасынан кейін қамалған төрт адам аштық жариялады

11:22, 21 сәуір 2022 340
[ad_1]



Өскеменде Қаңтар оқиғасынан кейін қамалған төрт адам тергеу амалдары ұзартылғаннан кейін аштық жариялады. Қамаудағылардың туыстары жақындары жалғыз адамдық камераларда отырғанын айтады.

Аштық жариялаған Азиз Жолатов, Мұхит Түгелбаев, Тимур Ержанұлы және Айдын Қатпышев "жаппай тәртіпсіздік" бабы бойынша күдікке ілінген.

— Тимурды 7 сәуірде түнде уақытша қамау изоляторына әкелді, 12-сі тергеу болуы тиіс болған, кейін оны 15-іне, одан кейін 18-іне ауыстырды. Бірақ оның себебін бізге де, адвокатқа да түсіндірмеді. 15-і күні оны қайтадан тергеу изоляторына жіберді. Оларды осылай төрт ай бойы әурелеп келеді. 70 адамды сұраймыз дейді – олардың бәрі қайда? Тергеу амалдары жүріп жатқан жоқ, созып, үйлеріне жібермей жатыр. Адвокатпен бірігіп, бұлтартпас шарасын өзгерту туралы 12 өтініш жаздық. Өзгелерді ешқайда кетпеу туралы қолхатпен үйқамаққа босатып жатыр – ал неге екені белгісіз жақындарымызды жібермей отыр, – деді Тимур Ержанұлының анасы Сәния Клейменова.

Туыстарының айтуынша, аштық жариялағандардың денсаулығы нашарлаған.

—Азиз әлсіз, иммунитеті мүлде түсіп кеткен, жөтеліп жүр, – дейді әпкесі Кербез Егінбаева.

—Мұхит әлсіреп, басы айналып жүр. Тіпті құлап та қалады. Айдын Қатпышевтің басы ауырады, оған тиісті медициналық көмек көрсетіліп жатқан жоқ, – дейді Сәния Клейменова.

Шығыс Қазақстан облысы қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ресми өкілі Салтанат Ожиканова төрт адамның аштық жариялағанын растағанмен екеуі 19 сәуірден бастап тамақ іше бастағанын айтты. Ал қалған екеуі 20-ында аштықтан шыққан.

ҚАЖ департаментінің өкілі қамаудағылардың жалғыз адамдық камерада отырғанын терістеді. Салтанат Ожиканованың айтуынша, прокуратура қызметкерлері аштық жариялағандардың денесін тексерген. "Денелері сау, аталған тұлғалардың мекеме әкімшілігі мен қамау жағдайына шағымы жоқ" деді ол.

Қамалғандардың туыстары қаңтар айынан бері бұлтартпас шарасын өзгертіп, жақындарын қамаудан босатуды талап етіп келеді.

  • Қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін мыңдаған азамат ұсталып, жүздеген адамға "терроризм", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру", "заңсыз қару-жарақ сақтау" секілді айыптар тағылды. Қамауда болғандардың арасында азапталғанын айтып шағымданғандар көп, бірақ оларды азаптау фактісі бойынша ұсталғандар некен-саяқ.

  • Қаңтардың басында елде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты митинг өтіп, наразылықтың соңы қантөгіске ұласқан. Ресми дерек бойынша, 230 адам қаза болды. Қаза тапқандар арасында күштік құрылымның 19 қызметкері бар. Бұған қоса, қаңтар оқиғасына байланысты ұсталған тағы сегіз адамның тергеу изоляторында көз жұмғаны хабарланды. Билік опат болғандардың есімін жарияламады. Халықаралық ұйымдар Қаңтар оқиғасын халықаралық сарапшылардың көмегімен зерттеуге үндегенмен Нұр-Сұлтан ұсынысты кері қайтарған.




[ad_2]

Дереккөз
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар