Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Пара беріп ақты қара, қараны ақ қылатын күн туды - Әлихан Бөкейхан

21:07, 05 сәуір 2024 314

Біздің газетаны оқушыларға мәлім,ішкі істер министрі закон жобасын жасамақ, тәмам қазақтың, Түркістан,төрт Қыр облысы һәм Бөкейлік билігін өзгертпек.

Би әділ болмай, жұрт оңбақ емес. Қайда ілгері басқан жұртқа қарасақ, биі әділ, «Қазақта» жазылған еді: Берлин судиясы Германия патшасы Вилгелімді патша жерін жалдап отырған Зосгқа жығып бергені, патша сенің пікірің законнан тысқары деп.

Англия биі Берлин судиясының аржағында. Англияда Зост жұмысындай іспен дәме қып би алдына бармайды да. Англия биі алдында жалғыз патшасының соқа басынан бөлек адам барі бірдей құрдас. Лондон судиясы өлген Англия патшасы Едуардты, осы күнгі патшаның әкесі, патша емес, наследник күнінде көшеде тентектік қылдың деп 14 күн абақтыға бұйырған.

Қаңғырған биді, адасқан билікті малданып отырған жұрт, «Англия биі-ай!» дегенде, ішкен асын жерге қояды.

Англия биі, Англия билігі бірте-бірте не заманнан бері жақсылыққа жақсылық жамалып болған. Біз орыс патшалығы жұрт қатарына кіріп, Государствении Дума шақырғанымызға сегіз-ақ жыл болады. Англия жұрты таласып-тартысып палата обшина, Государственни Дума алғанына 7 жүз жылдан асты. Англияда жазылған законнан, закон орнына жұрт ресім басым көп.

Закон жұрт болып жасаған жұрттың бәріне бірдей ноқта. Бұл ноқта ресімге сүйенсе,ресімнен жұрт тартынбайды, закон жұртқа жайлы саулап жүріп тұрады, жұрт қашан болса да, ресімге құл.

Жас бала, жалғыз қазақ, аяқ-табақты артқан түйеге мұрындық тақпаса, молда көнбіс бола ма, орыс протокол жазады деп, жас баласын қазақ мұрындықсыз тентек түйеге арта ма? Міне, ресімнен, ғұмыр жүзіне тысқары закон мысалы қазақтың жайын, тұрмысын білсе, түйеге мұрындық тақпай ма, өзге жақсылыққа қазақты қарық қылғандай! Англияда «мұрындық» болмайды. Би билікті көбінесе бұрынғы өткен жақсы билер айтқан, жазылып қалған билікке сүйеніп айтады.

Билік ресімге сүйенген соң, бұл билікке жұрттың бәрі құл. Англияда министрлер Государственни Думаның кұлы деп «Қазакқа» жазған едім. Орыста шығарған закон аркылы емес, ресім аркылы жол болған. Әділ би құдайдан баска адамнан корықпаса болады,әділ билік ресімге сүйенсе орнына келеді. Англия биін жұрт сыйлайды, атақты билер оқу оқитын медресені бітірген, жасы болған, ғұмырында қылған ісінде кірі жоқ кісіні би сайлауын ешкім бекітпейді һәм бұл би ешкімнен мақтау, шен алмайды, суд тергемей орнынан түспейді. Қызметіне алатын хақысы министрлер алатын хақыдан кем емес. Би алдында патшаның соқа басынан басқа бар адам құрдас. Англияда би болмақ зор дәреже, жұрт көшіне зор құрмет. Міне, Англия билігіне қарасақ, бұлардың әділдігі жазып шығарған закон арқылы емес,жұрт ресімі арқылы болған.

«Ат сыры - иесіне мәлім». Біз Англия емеспіз-ау! Бізге Государственни Дума арқылы шығарған закон керек. Бізде әділ би, әділ билік ресім болса, біз күн астындағы бізді білген жұртқа күлкі болар ма екенбіз. Біздің би жолға сүйеніп билік айтады деп бір адам айтар ма екен? Билік орнына келмесе бидің де, биліктің де қадірі кетеді. Шаншар Қазыбек, Айдабол Шоң, Қанжығалы Бөгенбай,Найман Қара Керей Қабанбай, Үйсін Төле би билердің жақсы атағы бізге калғаны, бұл билер руының күшіне сүйеніп, билігін орнына келтірген. Қазақ орысқа қараған соң бәйге аттай, жақсы жорғадай туысынан болатын шешен, озған би жоғалды. Кім орысқа жағымтал болса, сол жұртты бір қамшымен айдайтын болды. Бұрынғы жүйрік шешен билерден келе жатқан аз; әділ билік жорасы жаман қарапайым тұғыр би парасына аяқ-асты болды. Пара беріп ақты қара, қараны ақ қылатын күн туды. Қазақ жақсысы орыс етегінен жем жегенді зор өнер көрді. Абай жазған жақсы би мынау:


Жай жүргенде бір күні
Атшабар келді лепілдеп.
Ояз шықты, сиез бар,
Лау деп, үй деп дікілдеп.

Сасып қалдым күн тығыз,
Жүрек кетті дүпілдеп.
Тың-тұяқ күнім сүйтсе де,
Қарбаңдадым үкімдеп.

Старшын-биді жиғыздым,
Береке қыл деп, бекін деп.
Ат жарамды, үй жақсы
Болсын бәрін күтін деп.


Мақтанамын кісімсіп,
Оязға сөзім сенімді.

Жұрт жақсысының бір мұраты үйезге сенімді болу. Бұл жұртқа әділ би, әділ билік қазна болатын не жөн бар? Осы күнгі қазақтын биіне қарап отырып біз жұрт болмаймыз; бұл адасқан би, қаңғырған билікті тура жолға бастауға жұрт азаматы болып, әдіс қылу мақсұд.

Еуропада 17-нші октәбір манифестінен кейін, Государственни Дума шақырылғаннан бері біздің орыс патшалығында закон жобасы Государственни Думада қаралмай, депутат көбінен бата алмай, закон деп аталмайды. Ішкі істер министрі жасап жатқан біздің би һәм билік туралы закон жобасы Гос. Думаға барып, онда бірнеше уақыт сор болып жатады. Государственни Думаның бізден басқа жұмысы да аз емес. Бізге де би һәм билік туралы закон жобасын жасау керек; біздің қазақ жұртына, тұрмысына қандай би һәм билік ыңғайлы,тыныш? Біздің қазақ жасаған закон жобасы да Государственни Думада болады, біз жіберген депутаттар арқылы бұл іске асықпай, мұхитты ерттеймін деп жар салмай, кірісу керек: «жауды аттанып шапқан түсірмейтін, үндемей шапкан түсірегін».

Пұттап сататын балды ара зәредейден гүлден жияды. Азбын, жалғызбын, білмеймін демей, халық азаматы болып жиылып, ауыл-ауылға қонаққа жиылмайсыңдар ма: сөз кылып, кеңесіп, жаманын аршып жақсыны алса, би һәм билік жолы өзі қасқайып шығады. Біз ақылсыз жаман жұрт емеспіз, ақ пен қараны салыстырса, қисық пен түзуді салыстырса, ақ та, қара да, түзу де, қисық та жақсы, таза көрінеді. Жақсы би, жаксы билік болғанын жаздым. Жаман би, қисык билік өзіңде. Жұртқа қызмет қылатын ер болсаң, міне, кез болдың жақсы іске.

Би һәм билік сөзі - ұзақ сөз. Тағы неше қайта айналармын, бүгін осымен сөз қысқартайық.

Әлихан Бөкейхан, «Би һәм билік» мақаласынан

«Қазақ» газеті, 1914 жыл, №48

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар