Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қам қылмай, қол қусырып отыра берсек, алдымен қазақ халқы сорлайтын түрі бар...

23:23, 06 сәуір 2024 495

Бүкіл мемлекет қазір бетімен жайылып кетті. Кешікпей талан-тараж,қырғынға айналатын түрі бар. Алалық, алтыауыздық, біреуге біреу сенбеу күшейді, әр адам, әр халық өз қамын ойлап, өзін-өзі қорғайтын күн туды.

Бұл болып жатқан оқиғалардың түбі неге соғатынын жалпы қазақ елі сезе қоймайтын шығар. Оқиғалардың сүреңі жаман: қам қылмай, қол қусырып отыра берсек, алдымен қазақ халқы сорлайтын түрі бар. Соның үшін біз жанымызды, малымызды қорғау жайын ойлау керек.

Өзімізді өзіміз қорғау үшін бізге жалпы қазақ милициясын құру керек.Бұл мәселе шұғыл аса зор болғандықтан, төменде қол қоюшылар халыққа сенімді,құрметті ақсақалдарды һәм оқығандарды шақырып, өз күшімізбен қазақ милитсиясын құру жайын кеңесуге Жалпы қазақ сиезін жинауға қаулы қылдық.

Егер біз өзімізді өзіміз қорғай алмасақ, бүліншілік зорайып, қиыншылыққа айналғанда қазақ халқы құрбан болады. Соның үшін милитсия құрудың үстіне сиезде қазақ халқының жұрттығын жоғалтпау үшін не қылу керек деген зор мәселе де қаралады.

Алаш баласының басына бір сын, бір күн туды. Өтінеміз, қалай да болса, 5-інші декәбірге қарсы Орынборға әр ояздан жұртқа қадірлі екі ақсақалдан һәм бір облосной комитеттен екі оқыған кісіден жіберіңіздер.

Бесінші декәбірде Орынборда бүкіл қазақ-орыс әскерлерінің сиезі де болады. Бізге оларменен де сөйлесу керек.

Бұл телеграмда айтылған ояз басы екі ақсақал һәм облосной комитеттен шақырған екі зиялылардың үстіне айрықша телеграм беріп мынау кісілер де шақырылды:

"Ұран", "Сарыарқа", "Бірлік туы", "Тіршілік" газеталарынан һәм жаңа ашылған қауымдардан бір-бір өкілден.

Қази Ғұмар Қарашұлы, қази Қайыршаһ Ахметжанұлы, қази Қабидолла Ишмұхамедұлы, Ахмед ишан Оразайұлы, Қожа Ахмед Оразай ұлы, Қорғамбек Бірімжанұлы, Жалмұхамед Жанқожаұлы, Шаһкерім Құдайбердіұлы, Юсұфбек Басығараұлы, Мұстафа Шоқайұлы, Халел Досмұхамедұлы, Уәлихан Танашұлы, Бақыткерей Құлманұлы, Жанғожа Мергенұлы, Ишанғали Арабайұлы, Ораз Тәттіұлы, Шонан ақсақал, Өнербай қажы Қондыбайұлы, Ахметкерей Қосуақұлы, Нұрлан Қияшұлы, Тұрмұхамед Сағынайұлы, Шәңгерей Бөкейұлы, Есенгұл қажы Маманұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Салық Қарпықұлы, Наурызбай ұлы һәм Ілияс қажы...

 Шақыру комиссиялары:                                                                             Ғали хан Бөкейхан,

Ахмет Байтұрсынұлы,

Мирягқұб Дулатұлы,

Сағындық Досжанұлы,

Елдес Омарұлы.

«Қазақ» газеті,№250, 1917 жыл. Орынбор

Дереккөз: Бөкейхан Ә. Шығармалары. X том.-Астана, 2018 

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар