Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Су тасқының екінші кезеңі басталды". Батыс Қазақстан облысының әкімі үндеу жолдады

20:55, 06 сәуір 2024 454
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев өңір тұрғындарына су тасқынына қатысты қалыптасқан жағдай бойынша үндеу жолдады, деп хабарлайды Alash.KZ ұлттық порталы. 
«Құрметті батыс қазақстандықтар! Қазіргі уақытта өздеріңізге белгілі өңірімізде су тасқыны қаупі әлі де сейілген жоқ. Тасқын судың салдарынан өңіріміздің 5 ауданында және Орал қаласында бірнеше тұрғын үйлерді су басқан болатын. Бұдан бөлек, Орал қаласы маңындағы саяжайларға да су кірді.
Жалпы облыс бойынша 7 мыңға жуық адам қауіпсіз жерге көшірілді, оның 3 мыңнан астамы балалар. Эвакуациялық пункттерде қажетті жағдайлар жасалып жатыр. Су тасқынынан зардап шеккендерге мыңдаған еріктілер көмек көрсетуде. Тұрғындарға азық-түлік, дәрі-дәрмек пен киім-кешектер жеткізілуде. Кезекшіліктер ұйымдастырылып, оқушы балаларға оқу процестері онлайн форматта өтіп жатыр. Біз өз тарапымыздан тұрғындардың қажеттіліктерін ескеріп, барлық қажетті жағдайларды жасайтын боламыз, - деді әкім.

Сонымен қатар, БҚО әкімі аймаққа Ресейдің Саратов және Орынбор облыстарындағы су қоймаларынан көп мөлшерде су жіберіліп жатқанын айтты. Бұл 30 жыл бұрын болған жағдайдан да күрделі екенін мәлімдеді:

Атап айтқанда, Саратов облысындағы Приузен су қоймасынан Қараөзенге секундына 431 текшеметр су түсуде. Қазіргі уақытта су тасқының екінші кезеңі басталды. Өздеріңізге белгілі, кеше Ресейдің Орск қаласында дамба бұзылып, елді мекендер мен тұрғын үйлер зардап шекті. Бұл біздің облысқа да қауіп төндіруі мүмкін. Өйткені, Орынбордың Ириклинск су қоймасынан секундына 2170 текшеметр су жіберілуде. Бұл сулар жақын уақытта облысымыздың Жайық өзені арқылы өтіп, Каспийге бет алады. Қазіргі уақытта Жайықтағы су деңгейі 7 метрге жуық көтерілді. Бұл қауіпті мөлшерге жақындай түсті. Осылайша, өзен суы арнасынан тасып, Оралдағы 1-ші, 2-ші, 3-ші саяжайларға су кіріп жатыр. Сондықтан қала тұрғындарының түсіністік танытуларын сұраймыз... Сондай-ақ, су тасқыны бойынша қалыптасқан жағдай бойынша барша тұрғындар мен БАҚ өкілдерінің тек ресми ақпарат көздеріне сенулерін сұраймын! -деді Батыс Қазақстан облысының әкімі.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар